«Құлаған зымыран» жайлы халық пен билік дерегі кереғар

Your browser doesn’t support HTML5

Маусымның 22-і күні Facebook әлеуметтік желісінде «құлаған зымыран бөлшектері» бейнеленген видео жарияланды. Видео авторлары «Қарсақпай елді мекенінен 40 шақырым жерде зымыран құлап, үш күннен бері ашық-шашық жатқанын» айтады.

Ұлытау ауданы Қарсақпай кентінің тұрғындары он шақты күн бұрын зымыран құлап, денсаулықтарына әсер еткенін айтады. Ал билік ол маңға зымыран құлады деген сөзді жоққа шығарады.

Маусымның 22-і күні Facebook әлеуметтік желісінде «құлаған зымыран бөлшектері» бейнеленген видео жарияланды. Видео авторлары «Қарсақпай елді мекенінен 40 шақырым жерде зымыран құлап, үш күннен бері ашық-шашық жатқанын» айтып, «міне, зымыранның басы, сынықтары» деп, әлдебір техниканың бөлшектерін көрсетіп жүр.

Your browser doesn’t support HTML5

«Құлаған зымыран» жайлы. Аудиоподкаст.

«СОЛДАТТАР РАКЕТА ҚАЛДЫҒЫН БҰЗЫП ЖАТТЫ»

Азаттық тілшісі әлеуметтік желіде тараған видеоның авторларын таба алмады.

Видеода сөз болған жердің – Қарағанды облысы Ұлытау ауданы Қарсақпай кентінің тұрғындары «зымыран құлаған» маң өздеріне таныс екенін айтады. Тұрғындар «шамамен 10 күн бұрын ауылдан 40-50 километр жерге зымыран құлағаны рас» дейді. Солардың бірі Нұрлан Мұратбаев (аты-жөнін өзгертуді өтінді) бір апта бұрын ауылынан 50-60 километр маңда жылқы іздеп жүргенінде «зымыран сынықтарын теріп жатқан ресейлік солдаттарды көрген».

– Шамамен алты-жеті машина, тікұшақ тұр екен. «КамАЗ» машиналардың барлығы өңшең ресейлік нөмірлер таққан. 30 шақты солдат арнайы киімдерімен ракеталардың қалдықтарын бұзып жатыр екен. Керек нәрселерін алып жатты ма екен. Әйтеуір бір нәрсе істеп жатыр. Қатты таяған жоқпыз, – дейді Нұрлан.

Ол зымыран толық құлаған ба, әлде оның қалдықтары түскен бе – оны нақты айыра алмағанын айтады. Қарсақпай тұрғынының сөзінше, «зымыран сынықтары жатқан жер – қоршалмаған ашық аймақ».

Негізі мұндайды ракета ұшқан сайын көреміз. Көктем кезінде де көргенбіз.

– Білеутінің ең бірінші қыстақтары басталатын жер ғой. Мұнда мал көп жүрмейді. Тек шөбін ғана шауып алады. Негізі мұндайды ракета ұшқан сайын көреміз. Көктем кезінде де көргенбіз, – дейді Нұрлан.

Қарсақпайдың тағы бір тұрғыны Майгүл (толық аты-жөнін айтпады) де ауылдан 35-40 километр жердегі «құлаған зымыранды» күзетіп жүрген солдаттардың «бұл – ракета құлаған» жер деген сөзін естіген ауылдастарымен тілдескенін айтады.

– Негізі біз жақта зымыран құлайтын арнайы аймақ бар ғой. Кейде сол жақтан ауытқып, бізге жақын түсіп жатады. Әлгіндегі жайт сондай ауытқып түскені болса керек. Бұлар (ауылдастарын айтады – ред.) мотоциклмен жүрсе керек, сол жерде-ақ бастары ауырып, мең-зең болып, үйге қашып келіпті, – дейді Қарсақпай тұрғыны.

Майгүл он шақты күн бұрын болған осы оқиғадан кейін ауылда ауру-сырқау көбейіп, ескі аурулары қозған адамдар ұлғая түскенін айтады.

– Қазір өзімнің де қол-аяғым, сүйектерім қақсап, немерелерім де «ішім, басым» деп ауырып жатыр.Бес-алты күннен бері «басымды көтере алмай жүрмін» деушілер толып жатыр. Жанымда істейтін бір жігіттің жүрегі ауыратын. Үш күн болды, ол да ауырып жүр. Ракетаның салдары деп ойлаймын. Дәрігерге барсаң, олар не істейді? – дейді Майгүл.

«ЗЫМЫРАН ҚҰЛАҒАНЫ ЖАЙЛЫ АҚПАРАТ ТҮСКЕН ЖОҚ»

Бірақ 1 мың 700-дей тұрғыны бар Қарсақпай ауылындағы амбулаторияның өкілдері соңғы күндері медициналық көмек сұрап келгендер «көбеймегенін де, азаймағанын да» айтады.

– Ауылда күн сайын 10-20 адам денсаулықтарына шағымданып келеді. Жүрегі ауырғандар бар. Бұрын ауырып жүріп, қайтадан ушыққаны бар, – дейді Қарсақпайдағы аты-жөнін айтқысы келмеген дәрігерлердің бірі.

Қарсақпай кенті әкімдігінің өкілі Гүлнұр Қазыбекова – зымыран құлағанынан хабарсыз адамдардың бірі.

Ракета құласа, ауданнан арнайы тапсырма беріліп, тексеріс келуі керек еді.

– Әдетте бізге ауылға залалды ракета құласа, ауданнан арнайы тапсырма беріліп, тексеріс келуі керек еді. Төтенше жағдай адамдары жиналу керек қой. Ондай ештеңе болған жоқ. Кеше ауданға да барып келдік, ол жақта сыбыс жоқ. Есімде, [2007 жылы] «Протон» құлаған жылдары тексеріс келіп, шу болған. Мен ондайды естіген жоқпын, – дейді Гүлнұр Қазыбекова.

Қарағанды облысы Ұлытау аудандық төтенше жағдайлар басқармасының өкілі Сайран Тілеуқабылов «зымыран қалдықтары құлағаны жөнінде ешқандай ақпарат түспегенін» хабарлады.

Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің өкілі Айнұр Рысмағамбетова де «зымыран құлағаны» жайлы хабарды теріске шығарды.

– Бұл жайлы төтенше жағдайларды тіркеп отыратын бірыңғай кезекшілік диспетчерлік қызметтен сұрадық. Олар Ұлытау ауданына хабарласты, Қарсақпай ауылының әкімдігіне шықты. Ешқандай оқиға тіркелмеген, – дейді ол.

Ал төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз хатшысы Жанна Дәуренбекова «Қарсақпай маңына зымыран құлады деген мәліметті тексеріп көрейін» деп қана жауап берді.

«Қарсақпай маңына құлаған зымыранның» жайын білмекке «Қазғарыш» ұлттық ғарыш комитетіне хабарласқанымызбен, мекеменің баспасөз қызметінің басшысы Әсет Нүркеновпен тілдесу мүмкін болмады.

Қарағанды облысындағы «зымыран құлады» деген оқиғалардың әйгілісі 2007 жылы 6 қыркүйекте болған. Сол күні ресейлік «Протон-М» зымыран тасығышы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев сапарда жүрген Жезқазған қаласынан 40 километр жерге құлап, бірнеше жүз тонна улы зат – гептил төгілген. Бұл экологиялық апатқа наразы Қазақстан Ресейден 60 миллион доллар өтемақы талап етіп, ақыры Ресей 2,5 миллион доллар төлеуге келіскен.

Қазақстан 2013 жылы 2 шілде күні Байқоңырдан ұша бере жарылып кеткен«Протон-М» тигізген шығынның есесіне Ресей 89 миллион АҚШ доллары төлеуі тиіс деп бағалаған. Кейінірек «Қазақстан жағының шеккен шығынды дәлелдей алмағаны», «Ресейдің өтемақы төлемейтіні» хабарланған. Бұл туралы Азаттық Қазақстанның арнайы органдарына және ресейлік «Роскосмосқа» сауал жолдағанымен, жауап ала алмаған.