Қазақстан каратэшілері тоғыз алтын алды

Әлем чемпионатында жеңіске жеткен спортшылар мен жаттықтырушы Нұрлан Керімбаев (ортада). Модесто (АҚШ). Наурыз 2013 жыл.

АҚШ-тың Модесто қаласында каратэнің годзю-рю стилі бойынша әлем чемпионаты аяқталды. Осы жарысқа қатысқан Қазақстан құрамасы тоғыз алтын медаль алып, жалпы командалық есепте бірінші орын иеленді.
АҚШ-тағы жарысқа Қазақстан спортшыларын бастап барған бапкер Нұрлан Керімбаевтың айтуынша, бұл сайысқа әлемнің 12 елінен 150 спортшы қатысқан.

- Қазақстаннан 16 спортшы барды. Каратэшілер тоғыз алтын, үш күміс және бір қола жүлде алып, жалпы есепте бірінші орынды иеленді. Екінші орынды АҚШ, үшінші орынды Мексика алды, - деді жаттықтырушы Азаттық радиосына берген сұхбатында.

ДЕМЕУШІ - МЕМЛЕКЕТ

Биылғы әлем чемпионатында 14 жастағы Аян Қасым мен Владислав Тен, 16 жастағы Жомарт Әбілбай чемпион атанды. Ересектер арасында Азамат Рақышев, Ерболат Шаймерден, Азамат Керімбай, ағайынды Жандәулет

Қазақстан құрамасы жарыстың ашылу салтанатында. Мадесто (АҚШ). Наурыз 2013 жыл.

пен Бағдаулет Бекзатовтар барлық кездесулерінде жеңіске жетіп, чемпион атанды. Ұлттық құрамадағы жалғыз қыз, 15 жастағы Баян Бахабидинова екінші орынды иеленді.

Жаттықтырушы Нұрлан Керімбаевтың айтуынша, бұл жарысқа спортшылардың қатысу шығынын мемлекет көтеріп алған.

- Былтыр Жапонияда өткен әлем чемпионатына демеушілер апарған еді. Сол жарыста жақсы нәтиже (Қазақстан спортшылары ол кезде төрт алтын, үш күміс, бір қола медальмен жалпы есепте үшінші орын алған - ред.) көрсеткен соң биылғы АҚШ-тағы жарысқа мемлекет қаржы бөлді. Алдағы жарыстарға да мемлекет тарапынан қолдау болады деген үмітіміз бар, - деді бапкер.

Годзю-рю – каратэнің окинавалық стилі. Бұл стиль ката және кумитэ деген екі

Жеңіске жеткен қазақстандық спортшы Нұрдәулет Бекзат төрешілерге ізет білдіріп тұр. Модесто (АҚШ). Наурыз 2013 жыл.

түрге бөлінеді. Катада жеңіс жақсы тәсілдер қолданған спортшыға беріледі. Ал кумитэ еркін сайысқа құрылған, қарсыласын құлатқан спортшы жеңіске жетеді.

Годзю-рю жарыстары 1920 жылдан бері ұйымдастырылады.

Қазақстан құрамасы енді мамыр айының соңында Чехияда өтетін халықаралық жарысқа қатысады. Бұл турнир тамэсивари (кірпіш, ағаш сындыру) әдісі бойынша өтеді.

Ал келесі әлем чемпионаты 2014 жылдың сәуір айында Үндістанда немесе Еуропа елдерінің бірінде болады. Жарысты өткізетін ел күзде анықталады.