Қашаған кенішіндегі жасанды Д аралындағы Cape Industrial Services компаниясының жұмысшыларының ереуілі тоқтады. Жұмысшылар талабына қатысты кәсіпорындағы дауға араласуға мәжбүр болған жергілікті билік өкілдері Азаттық радиосына түсініктеме берді.
Каспий аймағында орналасқан Қашаған кенішінің жасанды Д аралындағы Cape Industrial Services компаниясының жұмысшылары ереуілді доғарып бейсенбі күні жұмысқа шықты.
Ақпанның 6-сынан басталған жұмысшылар ереуілі жергілікті билік өкілдерінің қатысуымен өткен келіссөзден соң тоқтады.
– Біз ереуілді тоқтатып, жұмысқа шықтық. Облыс әкімдігі мен жергілікті мемлекеттік органдар жұмыс берушімен келісімге келуімізге жәрдемдесті. Біздің барлық талаптарымыз Cape Industrial Services компаниясы басшыларымен бірлесе құрылған арнаулы комиссия жұмыс барысында қарап, тексеретін болды, – деп мәлімдеді Қашағандағы жұмысшылар.
Мәселенің байыбы жайлы Азаттық тілшісіне арнайы түсініктеме берген облыс әкімінің аппараты жетекшісінің орынбасары Лариса Жұмағалиеваның сөзіне сүйенсек, облыс әкімі құрған арнаулы комиссия Д аралынан ауа-райының нашарлығы салдарынан екі күн бойы ұшып кете алмаған.
– Тексеру барысы жұмыс берушінің тарапынан бірқатар еңбек заңдарының бұзылғандығын анықтады. Компания жұмысшылары еңбек тәртібінің сақталмағаны үшін салынатын материалдық айыппұлдарға наразылық білдірді. Мәселен, жұмысшы үзілісте кідіріп қалса немесе кешігіп қалса оның жалақысынан 50 доллар кесіліп тасталады екен. Бірақ мұны жұмыс беруші 950 доллар жалақыға қосымша төленетін 50 доллар сыйақы екендігімен түсіндірді. Жалақының тарифтік-санаттық сеткасы қағазда көрсетілгенімен қабылданған жұмысшының бұрынғы еңбек өтілдері ескерілмеген, – дейді Атырау облысы әкімі аппаратының жауапты қызметкері.
Сонымен қатар Лариса Жұмағалиеваның айтуынша, жоғарыда айтылып отырған сыйақы ақшалары туралы кәсіпорындағы бұйрық-құжаттарда тіркелмеген. Сол себепті осының бәрі кәсіпорындағы ішкі еңбек қатынасына қатысты түсінбеушіліктердің шығуына түрткі болған.
Аралда болып қайтқан комиссия жұмыс берушінің жұмысшылармен жасаған жеке еңбек шарттарын сараптаудан өткізуді сұратып, жұмысшы-құбыр монтаждаушыларға арналған разрядтық жүйе ережесін әзірлеуді тапсырыпты. Сонымен бірге жұмыс берушіден еңбек тәртібін бұзғаны үшін жұмысшылардың негізгі жалақысынан айыппұл ұстамау сұралды дейді жергілікті билік өкілі.
– Жалақыны 1600 долларға көтеру туралы жұмысшылар талабын жоғары санатты жұмысшылармен салыстырғанда төмен санаттағы жұмысшыларға жоғары жалақы төленбейтіндігімен түсіндірді. Жұмысшылардың басқа да барлық талаптары алдағы уақытта зерттеліп, жұмыс берушіге ұсынылатын болады, – деді Лариса Жұмағалиева.
Ақпанның 6-сы күні Қашаған кенішіндегі жасанды Д аралындағы теңіз мұнайын өндіру жөніндегі жобаның құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізіп жатқан халықаралық NCOC консорциумы мердігері Cape Industrial Services компаниясының жұмысшылары жалақы мен еңбек жағдайына қатысты талаппен жұмысқа шығудан бас тартқанын Азаттық радиосы хабаралған.
Бұған дейін дәл осындай акция былтыр тамызда болған еді. Ол жолы Каспий қайраңындағы осы Д аралында тағы бір кәсіпорын – «ССС» компаниясының жұмысшылары жергілікті мамандарды алалауды тоқтатып, жалақыны көбейтуді талап еткен.