Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіндегі журналистика кафедрасының студенттері қай оқу орнына ауысарын білмей отыр. Ал басшылық ешкімнің далада қалмайтынын айтады.
Мамыр айында Білім және ғылым министрлігі арнайы аттестациядан өте алмауына байланысты Абай атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі бес мамандықты жабу туралы бұйрық шығарған. Бұлар – саясаттану, журналистика, қаржы және экономика, құқықтану.
«КЕЙБІР СТУДЕНТТЕРДІҢ» КЕСІРІ
Бұл хабарды бірнеше күн бұрын ғана естіген журналистика бөлімінің студенттері «өздерінің пікірлерімен санаспай», «алдын-ала түсіндіру жұмыстарын жүргізбеген» басшылықтың мұндай әрекетіне қарсылық танытып, бүгін оқу орнының алдында наразылық шарасын өткізді. Оларға саясаттану мамандығының студенттері де қосылды.
«Құжаттарыңды тезірек алып кетіңдер» деп асықтырып отырған оқу орны басшылығы журналистика мамандығында оқитын студенттерге екі түрлі амал айтыпты: не филология мамандығы бойынша осы университетте
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің студенттері наразылық танытып тұр. Алматы, 15 шілде 2011 жыл.
оқуын жалғастырады, не өзге оқу орнына ауысады. Студенттер мұның екеуімен де келісіп отырған жоқ.
– Бізге «Сүлеймен Демирел атындағы университет пен Қазақ ұлттық университетіне түсесіңдер» дейді. Бұл оқу орындарына түсу үшін екі жыл бойы оқыған пәндер арасындағы айырмашылықты, яғни ақшасын төлеу керек, – дейді журналистика бөлімінің студенті Диас Бейсенбек.
Осы оқу орнының студенті Ақбота Әбдірахимованың ойынша, екінші курс студенттері ғана тапсыратын мемлекеттік аралық бақылаудан кейбір студенттердің өте алмауына бола бүкіл бөлімді жабуы негізсіз.
– Бізде орыс және қазақ бөлімдері бар. Орыс тобындағы кейбір студенттер өте алмаған. Осы бүкіл бөлімге әсер етіп отыр, – дейді Ақбота Әбдірахимова.
«ЖАНАМА СЕБЕПТЕР»
Студенттердің айтуынша, тек журналистика бөлімін жауып, басқа жабылған мамандықтың студенттеріне оқуды осы білім ордасында бітіруіне мүмкіндік берілген. Кейбір студенттер бұдан саяси астар іздейді.
– Ылғи журналистика мамандығының студенттері саяси белсенділік танытып отырады. Әрдайым ректорға сөз келіп жатады. Бізге, тіпті, басшылық «тыныш жүру керек» деп ескертті де. Осындай жанама себептері де болуы мүмкін, – деді Диас Бейсенбек.
Студенттер оқуды осы білім ордасында бітіруге мүмкіндік беруді немесе өзге оқу орнына шығынсыз көшіруді талап етіп отыр.
«ПРОФИЛІМІЗ - ПЕДАГОГ ДАЙЫНДАУ»
Оқу орнының алдында наразылық білдіріп тұрған студенттермен жолығуға университеттің бірінші проректоры Мүбәрәк Ермағамбетов шықты.
Проректор бұл мамандықтардың жабылуын екі түрлі себеппен байланыстырады. Біріншіден, бұл бөлімде оқитын студенттер
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің бірінші проректоры Мүбәрәк Ермағамбетов. Алматы, 15 шілде 2011 жыл.
аттестациядан өте алмай қалған.
- Екінші жағынан, қазақ ұлттық педагогикалық университет болғаннан кейін профиліміз - педагог дайындау. Сондықтан тек қана педагогтарды дайындау стратегиямызда бар. Қазір, мысалы, 55 мамандық дайындайтын болсақ, оның 23-і ғана - педагогикалық сала. 2020 жылға дейін тек сол 23 мамандық бойынша дайындайтын боламыз, - деді проректор.
Ол сонымен бірге жабылған мамандықтардағы студенттерді басқа оқу орнына сол бұрынғы төлемақы төлеп оқитындай ауыстыру мәселесі қарастырып жатқанын айтты.
Журналистика кафедрасында 106 студент бар.