Қазақстандық жазушы, саясаткер және мемлекет қайраткері Әбіш Кекілбаев 13 желтоқсанда Астана маңындағы ұлттық пантеонға жерленді.
Марқұмның жаназасы таңертең «Нұр Астана» мешітінде мұсылман салт-дәстүрі бойынша шығарылған соң, Астанадағы «Көрме» кешені ғимаратында онымен қоштасу рәсімі өтті. Оған жазушының жақын-туыстарымен бірге Қазақстан парламенті сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған кейбір депутаттар, үкімет мүшелері, ақын-жазушылар, өнер және мәдениет қайраткерлері, әкімдер және қарапайым азаматтар қатысты.
Тоқаев ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Әбіш Кекілбаевтың үйіне арнайы барып, туған-туыстарына көңіл айтқанын атап өтті. Бұдан соң ол президенттің көңіл айту хатын көпшілікке оқып берді.
«Көрнекті жазушы, терең білімді, жаны таза азамат Әбекең тек Қазақстан халқының ғана емес, алты алаштың әлем алдындағы бетке ұстар ірі тұлғаларының бірі еді» делінген Назарбаевтың хатында.
Қаралы жиында академик Серік Қирабаев, Мырзатай Жолдасбеков, Жазушылар одағы төрағасы Нұрлан Оразалин, Қызылорда облысы әкімі Қырымбек Көшербаев, Маңғыстау облыс әкімі Алик Айдарбаев пен сәулетші Сайын Назарбек сөз сөйледі. Олардың бәрі Әбіш Кекілбаевтың өмір жолы туралы қошеметке толы лебіз білдірді.
Академик Қирабаев марқұм жайлы сөзінде «Кекілбаев жазушылығын, публицистикасын, бойындағы дарын-қабілетін тәуелсіздікті түсіндіру мен орнықтыруға жұмсады» деді.
Мырзатай Жолдасбеков Әбіш Кекілбаев 70 жасқа толғанда «363-әулие» деген теңеу айтқанын еске алса, Нұрлан Оразалин марқұмды бүгінгі ақтық сапарға шығарып салуды 1961 жылы жазушы Мұхтар Әуезовпен қоштасу көрінісіне теңеді.
Қоштасу рәсімінен соң Әбіш Кекілбаев Астананың іргесіндегі ұлттық пантеонда, бұрын бас прокурор, Жоғарғы сот төрағасы болған Мақсұт Нәрікбаевтың қасына жерленді. Осыдан бірнеше жыл бұрын ашылған бұл пантеонда ақын Фариза Оңғарсынова, парламент мәжілісінің бұрынғы төрағасы Орал Мұхамеджанов жерленген.
Әбіш Кекілбаев желтоқсанның 11-і күні 76 жасында өмірден өтті.
СССР кезінде Қазақ ССР мәдениет министрі орынбасары, Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы, Қазақстан компартиясы орталық аппаратында бөлім меңгерушісі болып істеген Әбіш Кекілбаев1994 жылы 13-шақырылымдағы Жоғары кеңес төрағасы болып, ол таратылған соң, 1995 жылы Қазақстан парламенті мәжілісі депутаты болып сайланған еді.
Президент жарлығымен 1996-2002 жылдар аралығында Қазақстан мемлекеттік хатшысы, кейін парламент сенатының депутаты болып тағайындалған Әбіш Кекілбаев 2009 жылы «Қазақстанның Еңбек Ері» атағымен марапатталған.
Жазушы Әбіш Кекілбаев «Үркер», «Елең-алаң», «Аңыздың ақыры» тарихи романдарының, «Күй», «Шыңырау», «Ханша дария хикаясы», «Құс қанаты» және басқа әдеби шығармалардың авторы.
Әбіш Кекілбаевпен қоштасу рәсімінен видео:
Your browser doesn’t support HTML5