Марқұмды ертең анасы АҚШ-тан келгеннен кейін Қарағанды қаласына жерлейді.
Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Әбдірахмановтың айтуынша, АҚШ-та қаза болған Қазақстан азаматы Кирилл Денякиннің денесі бейсенбі, мамырдың 5-і күні таңертең арнайы ұшақпен әкелінген.
– Бүгін таңғы 6-да Киев арқылы Денякиннің денесі Астанаға жеткізілді. Кейін оны автобуспен Қарағандыға жеткіздік, – деді бейсенбі күні Азаттық радиосына түсініктеме берген министрліктің ресми өкілі.
Оның сөзінше, мәйітті жеткізудегі барлық шығында министрлік өз мойынан алған.
– Ендігі негізгі мәселе – Америкадағы тергеу жұмыстарына қадағалау жасау. Марқұмның анасы Елена Денякина жалдайтын адвокатқа кеңес беріп, осы мәселені ұдайы бақылауда ұстау, – дейді Әбдірахманов.
Ол марқұмның анасы әлі ешбір адвокатқа тоқтамағанын айтты.
АҚШ-та қаза болған Кирилл Денякинның інісі Романның сөзінше, «жерлеу рәсімі бүгін-ертең, анасы келісімен» өтеді.
– Мамамды күтіп отырмыз. Бүгін-ертең кешікпей келіп қалар, – деді Роман Денякин Азаттыққа бейсенбі күні.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Қазақстан азаматы, 26 жастағы Кирилл Денякин сәуірдің 23-і күні АҚШ-тың Портсмут қаласында оққа ұшқан. Кейбір деректерге қарағанда, полиция қызметкері жас жігітті тонаушы деп ойлап қалып, қателесіп атқан.
Осыдан бес жыл бұрын «Уорк энд Тревел» бағдарламасы бойынша АҚШ-қа кеткен Кирилл Денякин университетті тәмамдаған соң сол елде қалып, Портсмуттағы «Ренессанс» қонақ үйінде аспаз болып жұмыс істеп жүрген.