Екі жыл бұрын наурыздың 12-і су бөгеті бұзылып, техникалық апаттың кесірінен тұтас су астында қалған Қызылағаш ауылының шаруалары қазір негізгі күнкөріс көзі - диқаншылықпен айналыса алмай отыр. Жергілікті билік «жарылып кеткен су қоймасын қайта салып береміз» деген уәдесін орындамады дейді тұрғындар.
Негізінен диқаншылықпен күн көретін Қызылағаш шаруалары бөгет бұзылғалы бері егіншілікпен айналыса алмай отырғандарын айтып шағымданды. Олар «Бұл біз үшін ауыр соққы болып отыр» дейді.
2010 жылы наурызда болған апатқа дейін бұл ауылда 2400 гектар жерге түрлі дақылдар егіліп, тұрғындар осы кәсіппен пайда тауып отырған болатын. Су бөгетінің әлі жөнделмеуінің кесірінен қазір ауыл маңындағы егістік жерлердің 100-200 гектары ғана игеріліп жатыр.
«ЕГІСТІКТІҢ ЖАРТЫСЫН ҚЫСҚАРТТЫМ»
Қызылағаштағы шаруа қожалықтарының бірінің иесі Александр Квитко су шығару қиындап кеткендіктен өткен жылы егістік алқабының жартысын қысқартқанын айтады.
- Қант қызылшасын, соя, бидай егетінмін. Біздің жақта қант қызылшасын кемінде бес рет суару керек. Өткен жылы екі-ақ рет суара алдым. Бұрындары 42 гектар
Ол өткен жылы толық суара алмағандықтан биыл да егістігін қысқартуға мәжбүр болып отырғанын айтады. Фермер «құрғақшылықтан қорқып, мүлде ештеңе екпей қалған шаруалар да бар» деді.
«КӨРШІ АУДАНҒА ЕКТІК»
Қызылағаш тұрғыны Қазбек Сепсуев су жетпегендіктен қарбызды өткен жылы 40 шақырым жерде орналасқан көрші ауданға барып егуге тура келгенін айтады.
- Бұл - өте үлкен шығын. Күн сайын ары-бері жүру керек, оған жанар-жағар май, уақыт кетеді. Ары-бері жүргенің - 80 шақырым. Су апатына дейін егістігіміз 5-6 шақырым жерде ғана болатын, - деді Қазбек Сепсуев.
Ол биыл қарбыз егуге болатын жерді ауылға жақын маңнан тапқанын, бірақ өнім алу үшін ол жерге су бөгетін салу қажет екенін айтты.
Ауылға «ауадай қажет» құрылыстың басталмағанын тұрғындар сан-саққа жориды. Бірі бөгетті салу үшін арнайы зерттеу жүргізілгенін айтса, енді бірі «жергілікті билік бастапқы ниетінен айнып қалған» дейді.
- Мұндағы тұрғындар жұмыс істегісі келеді. Негізінен жермен шұғылданамыз ғой. Егер су қоймасы салынбаса, бұл ауылдың болашағы жоқ. Адамдар үйлерін сата бастайды, - деді Александр Квитко.
ӘКІМДІКТІҢ ЖАУАБЫ
Бұл мәселе төңірегінде наурыздың 12-сі күні Қызылағаш ауылының әкімі Сәуле Мәжитқызына хабарласқанымызда ол «жиналыста отырмын» деп телефон тұтқасын қоя салды.
Ал Алматы облыстық ауыл шаруашылығы департаменті директорының орынбасары Сейіткәрім Қалтаев ауылдағы егістік көлемінің 90 пайыздан астамы су тапшылығынан игерілмей жатқандығын айтты.
Ол бұл мәселемен облыстық әкімдіктегі табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына қарасты су шаруашылығы бөлімі айналысып жатқанын айтып, сол мекемеге хабарласуымызды өтінді.
- Су жетіспегендіктен кішігірім шаруашылықтар суды көп қажет етпейтін дақылдарды егіп жатыр. 2400 гектар толықтай игеріліп жатқан жоқ. Кейбірі ғана өзеннің ар жағынан арық жасап, су тартып алып 100-200 гектардай жерге егіп жатыр, - деді Сейіткәрім Қалтаев.
Оның айтуынша, қазір жекеменшікке өтіп кеткен Қызылағаш су бөгетін мемлекеттік меншікке өткізу жұмыстары жүріп жатыр.
Су шаруашылығы бөлімінен Азаттық тілшісі қандай да бір жауап ала алмады.
Үш жарым мыңдай тұрғыны бар Қызылағаш ауылында 2010 жылы наурыздың 12-сіне қараған түні су қоймасы жарылып, апаттан 45 адам қаза болды. Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің мәліметі бойынша 146 үйді толығымен су ағызып әкеткен, 251 үй қираған, 42 үйге жөндеуді талап ететіндей зардап келген.
Туыстарынан бір түнде айырылған отбасылардың қаза болған адамдарына жергілікті қазынадан 500 мың теңгеден берілді. Қызылағаш ауылы тұрғындарына материалдық жәрдем беруге Қазақстанның барлық аймақтарынан көптеген азаматтар ат салысты. Суға кеткен ауылдың орнына жаңадан 400-ден аса үй салынып, жаңа үйлер 2010 жылдың қыркүйек айында тұрғындарға пайдалануға берілді.
Бұл оқиға бойынша қозғалған қылмыстық істі қараған сот өткен жылы ақпан айында су бөгетінің иесі, «Қызылағаш» кооперативінің басқарма төрағасы Қуаныш Бекеевті, Қызылағаш ауылдық округінің бұрынғы әкімі Есет Жүнісов пен оның інісі – «Қызылағаш» кооперативінің директоры Мұхит Жүнісовті сот кінәлі деп тауып, әрқайсысын бес жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарған болатын.
Қызылағаш тұрғындарының айтуынша, бұл азаматтар осы жылы жарияланған рақымшылық заңына ілініп, қазір бостандыққа шыққан.