"Көкжайлау": жаңа параметрлер мен қарсыластар пікірі

Көкжайлау, Құмбел шыңы. Алматы, 16 шілде 2017 жыл.

Алматыдан 12 шақырымдағы Көкжайлау шатқалында тау шаңғысы курортын салу жобасын талқылау мен оны қоғам тарапынан сынау 2002 жылы басталған. Содан бері жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі (ТЭН) мен жобалау-сметалық құжаттарын (ЖСҚ) дайындап, болашақ курортты энергиямен қамтамасыз етуі тиіс қосалқы электр станциясы құрылысына кірісіп үлгерген, тіпті, жоба уақытша тоқтап, 2017 жылы қайта жаңғырған. Ескі ТЭН мен ЖСҚ енді жарамсыз болып қалды.

Енді Алматы билігі жаңа ТЭН әзірлеп жатыр. Одан кейінгі кезекте - жаңа жобалық және сметалық құжаттар. Курорт жобасы мен концепциясын әзірлеген компаниялар да ауысқан. Бірақ жоба қарсыластарының пікірі өзгерген жоқ. Олар шатқал табиғатына кез-келген құрылыс зиянды деп санайды.

Көкжайлау, Құмбел шыңы. Алматы, 16 шілде 2017 жыл.

ҮШІНШІ ЖИЫН

Мамырдың 31-і күні Алматы қонақүйлерінің бірінің мәжіліс залында әкімдіктің туризм және сыртқы байланыс басқармасы басшысы Ерлан Жайлаубай мен Almaty Mountain Resort компаниясы басшысы Наиль Нуров журналистер мен азаматтық белсенділер алдында есеп берді. "Көкжайлау" курорты жобасының жаңа ТЭН-ін әзірлеумен осы компания айналысып жатыр. Оның жалғыз құрылтайшысы - Алматы әкімдігі, ал серіктестері ретінде қазақстандық Geo Data Plus компаниясы, франциялық Peaking қауымдастығы және австриялық компания көрсетілген. Бұл – екеуінің жыл басынан бері әлеуметпен "Көкжайлау" мәселесіне қатысты үшінші мәрте кездесуі.

Almaty Mountain Resort компаниясы басшысы Наиль Нуров (оң жақта) пен Алматы әкімдігі туризм және сыртқы байланыс басқармасы басшысы Ерлан Жайлаубай. Алматы, 31 мамыр 2018 жыл.

Ақпанда өткен дөңгелек үстелде Almaty Mountain Resort компаниясы басшысы Алматы әкімі Бауыржан Байбек "Көкжайлау курортын салуға қатысты түпкілікті шешімді әлі қабылдаған жоқ" деп мәлімдеп, жұртты таңқалдырған. Бұл жолы ол "ТЭН жоспарланған мерзімде таныстырылмайтын болды" деп мәлімдеді.

- Келісім-шарт бойынша біздің кәсіпорын ТЭН-ді 15 маусымда өткізуі тиіс. Бірақ оны өткізбейміз. Дайын болмағандықтан емес, өткізгіміз келмегендіктен, - деді Наиль Нуров.

"Көкжайлау" курортының қыс және жаз мезгілдерінде қандай болатыны көрсетілген слайд.

ТЭН-ді тапсыру мерзімін кейінге шегеру жобаға қатысты қоғамдық тыңдауды (бұл - Қазақстан қосылған Орхус конвенциясының талабы) маусым айынан тамыздың орта шеніне қарай "жылжыту" ниетіне байланысты болса керек. Бірақ ТЭН-ді екі аптадан кейін Almaty Mountain Resort сайтында бәрібір жариялауға уәде етілді. Сайт әлі жоқ, бірақ Наиль Нуров сайт жуырда ашылады деп сендірді.

Сонымен, алғашқы нұсқамен салыстырғанда, "Көкжайлау" жобасында не өзгерген? Жаңа концепциядағы ең басты өзгеріс – енді бұл тау шаңғысы шипажайы ғана болмайды. Жазғы демалыс үшін де көптеген ұсыныстар жасалатын болады. Яғни әңгіме жыл бойы жұмыс істейтін тау курорты жайлы.

ЖОБАНЫ ЫҚШАМДАП, ҚҰНЫН КЕМІТКЕН

Қысқаша айтқанда, шипажайды барлық параметрлер бойынша ықшамдаған. Құрылыс алаңын 10 есеге – алты гектарға дейін кішірейткен. 200 орындық мейрамхана мен 150-200 кісілік қонақүй салынады. Ағаштар өскен жерлерде құрылыс жүргізілмейді. Шаңғы жолдарының жалпы ұзындығы 64-тен 24 километрге дейін қысқарған. Бұрын жалпы ұзындығы 60 километрден асады деп жоспарланған жолдар 22 километрге дейін қысқарған. Шаңғы тебетін бөктерлерді қармен қамтамасыз ету үшін бір көл (үшеудің орнына) жасау ұйғарылған.

- Қазір біз екі аспалы жол, үш орындықты және бес траволатор, оның үшеуі балалар траволаторы болады деп отырмыз, - дейді Наиль Нуров.

"Көкжайлау" курортының таудағы шаңғы жолдарының параметрлері көрсетілген слайд. Жай жолдар жасыл және көк, күрделісі – қызыл және қара түске боялған.

Жобада "Көкжайлау" шипажайы екі – Долина және Құмбел аймақтарына бөлінген. Негізгі белсенді демалыс түрлерінің бәрі (Наиль Нуровтың сөзі) Долинада болады. Ал Құмбел – табиғи туризм, таудағы демалыс орны, жаяу жүргіншілерге арналған соқпақтар, шатыр тігілген лагерьлерден тұратын аймақ болмақ.

Наиль Нуров жобаның әлеуметтік сипаты жайлы, яғни ол барлық жастағы адамдарға және әлеуметтік топтарға – үлкен кісілер мен балаларға, дені сау және мүмкіндігі шектеулі жандардың демалуына қолайлы демалыс орны болады деп бұған дейін де талай айтқан.

Слайдтағы картада "Көкжайлау" курортынан Алматы мен Медеуге дейінгі қашықтық көрсетілген.

Бұрын курорт көбінесе шетелдік туристер келетін орын болады делінген, енді демалушылардың 80 пайызы алматылықтар, 20 пайызы қазақстандықтар және 20 пайызы шетелдіктер болады деп мәлімдейді. Курорт күніне бес мың адам қабылдайды деп жоспарланған. Наиль Нуров "қазір Көкжайлауға жылына 40 мың адам келеді" деген дерек келтірді. Медеу мұз айдынынан аспалы жол салу - демалушыларды Көкжайлауға жеткізудің ең ұтымды жолы деп ұйғарылған.

Енді жоба құны 200 миллион теңгеге немесе шамамен 600 мың долларға (бұрын 1,5 миллиард доллар болған) түседі деп бағаланған. Жоба қалалық және республикалық бюджеттен қаржыландырылады. Есеп бойынша, жобалық және сметалық құжаттар 2019 жылға қарай дайын болады,ал құрылыстың өзін 2020-2022 жылдары жүргізбек.

Наиль Нуров тиімдірек басқару үшін шипажайдың негізгі құрылысы аяқталған соң ол аукцион арқылы жеке меншік компанияға берілуі мүмкін екенін айтты.

Наиль Нуровтың баяндамасынан соң сөз алуға кезекте тұрған адамдар. Алматы, 31 мамыр 2018 жыл.

Шара спикерлеріне сұрақтар көп қойылды. Біреулер "Түбінде біреулердің Көкжайлауда жеке меншік коттедждер сала бастамасына кепілдік бар ма?" деп сұрады. Енді біреулер шипажайда демалу жұрттың көбіне қол жетімді боларына күмән келтірді. Біреулер сахнада отырған спикерлерді "Қызыл кітапқа енген өсімдіктер мен жануарлардың жойылып кетуіне жол беріп, қылмыстық кодекс талаптарын бұзып отырсыңдар" деп айыптады.

АЛМАТЫ ҮШІН АЛТЫН КӨМБЕ МЕ?

Жоба таныстырылымында Көкжайлау шипажайын салу идеясына залда отырғандардың көбі сенбестік танытты. Курорт құрылысын қолдаған санаулы адамдардың бірі - блогер әрі PR-маман Қуат Домбай. Ол туристік саладағы бәсекелестікте Алматы артықшылыққа ие, бірақ бұл жағынан жөнсіз шетқақпай көріп отыр деп санайды. Қуат Домбай мынадай мысал келтірді: оның қолындағы статистикаға сәйкес, 2016 жылы 170 миллионға жуық қытай шетелде демалған.

- Олардың көбі Мәскеу мен Еуропа елдеріне барған. Ал Алматы тура ортасында тұр. Олар екі-үш күн осында белсенді демалар еді. Бұл тенденцияны Үндістан бағыты да растайды. Осыдан үш жыл бұрын бізде Алматы-Дели бағытында үш рейс ғана болса, қазір олардың саны үш есе өсіп, қазір Делиге күн сайын рейс бар. Үндістандықтардың көбі біз жаққа дәл осы тауларымызды көру үшін келеді, - дейді Қуат Домбай.

Блогер және PR-маман Қуат Домбай. Алматы, 31 мамыр 2018 жыл.

Қуат Домбайдың пікірінше, Алматы бөктерінде қазір жұмыс істеп тұрған тау курорты Шымбұлақтың жалғыз кемшілігі - ол жақ тым құлама беткей.

- "Көкжайлау" жобасы Шымбұлақты үйлесімді толықтырып тұр, мұны қазір - презентация кезінде көрдік. Медеуден Көкжайлауға дейін аспалы жол тартылады деген шешім қабылданғанына қатты қуанып тұрмын. Шаңғы жолының 60 пайызы шаңғы тебуді енді үйреніп жүргендерге арналады. Менің есебімше, еліміздің тау шаңғысы туризмін Альпі деңгейіне дәл осы "Көкжайлау" шығарады. Ол жақта болғанмын, - дейді ол.

Оның есебінше, өзіндік құны 200 миллион доллар болатын шипажайды салуға жұмсалған шығын бес жылда ақталады. Бұған қоса, ол "Көкжайлау" жұмыс орындарын ашуға септеседі деп санайды.

Көкжайлау, Құмбел шыңы. Алматы, 16 шілде 2017 жыл.

Домбайдың пікірінше, алматылықтар алтын көмбенің үстінде отырғандарын түсінбейді. Көкжайлаудың негізгі артықшылығы – ол қадам аттар жерде, мұны ұтымды пайдаланған жөн.

Ал кемшіліктер туралы айтсақ, Қуат Домбайдың пікірінше жалғыз кемшілік ғана бар.

- Біздің мемлекеттік жүйенің кемшіліктерін бәріміз білеміз. Ол жақта жеке меншік коттедждер салына бастамас үшін бұған жұмыла қарсы тұруымыз керек. Жалғыз қатер осы, бірақ мұны жұртшылық қадағалауы тиіс. Жобаның өзіне қарсы емеспін, халықаралық стандарттарға сәйкес жүзеге асса, жобаны қолдаймын, - дейді ол.

ЭКОЖҮЙЕ ҚҰНДЫЛЫҒЫ ЕМЕС, КОНЦЕПЦИЯ ӨЗГЕРГЕН

"Зеленое спасение" экологиялық қоғамы өкілі Светлана Спатарьдың сөзінше, билік концепцияны қайта қараған кезде әлеуметтің кей талаптарын ескерген.

- Бірақ бұл жобаны табиғат тұрғысынан, экологиялық әсері тұрғысынан қарайтын болсақ, құрылыс бұрыннан ерекше қорғалып келген табиғи территорияда салынғалы жатқанын естен шығармайық. Бұған қоса, олар территорияның мәртебесін өзгерткеннің өзінде, экожүйенің сапасы өзгермеген. Ол бұрынғысынша құнды болып қалады. Оған кез-келген құрылыс зиянды болады, - дейді ол.

"Зеленое спасение" экологиялық қоғамының өкілі Светлана Спатарь (ортада). Алматы, 31 мамыр 2018 жыл.

Светлана Спатарьдың сөзінше, енді құрылыс жүргізілетін алаңды кішірейту жоспарланғанымен, ол бәрібір Қызыл кітапқа енген қызғалдақтар өсетін территорияда орналасқан.

- Бұл жағы ескерілді ме, жоқ па – мұны әлі байқай алмай отырмыз, - дейді ол. – Олар көл тұратын орынды өзгертіпті. Ол әуелгіде сәл жоғарыда болатын, енді төмендеу орналасады. Бірақ ол бұрынғысынша қалған, ол жасанды көл болады, ал оны жасау үшін экологиялық ортаны өзгерту қажет болады. Курорттың жалпы зиянды әсері бәрібір сол қалпы қалған. Олар шаңғы жолдарын бірнеше есе қысқартқан да, күн сайын демалатындар санын тек екі есеге ғана азайтқан. Егер ол жақта күн сайын бес мың адам демалатын болса, Көкжайлауды тақыр далаға айналуы мүмкін.

Құмбел шыңына көтерілетін жол. Алматы, 16 шілде 2017 жыл.

Көкжайлау шатқалы бұрыннан алматылықтар мен шетелдік туристер жаяу шығатын танымал орынға айналған. Кей тұрғындар шатқалда құрылыс жүргізу идеясына бірден қарсы шыққан, ал ең белсенділері "Көкжайлауды қорғайық" бейресми тобына біріккен. Оның мүшелері Алматы билігін экологиялық заңдар мен Қазақстан ратификациялаған халықаралық конвенция талаптарын бұзып отыр деп айыптаған. Біреулер курорт жобасын жеке меншік үйлер салып алу үшін экологиялық таза әрі көрікті жерді басып алу үшін құр қалқа деп біледі.

Оқи отырыңыз: Есімовке келген қарсыластары полицияға түсті

Көкжайлауды қолдауға балалар да қатысты

Курорт жобасын іске асыру үшін жерлерді Іле-Алату ұлттық бағынан шығарып, Алматы қаласы шекарасына қосқан билік ертеректе белсенділерді "біліксіз жандар" деп атап, тіпті жағдайды шайқалту үшін шетелден ақша алды деп айыптаған. Белсенділер бұл айыптарды жоққа шығарған.

Тау шаңғысы жобасы аясында әкімдік Көкжайлаудың батыс жағынан қосалқы электр станциясын салуға тапсырыс беріп, оны сала бастаған болатын. Бірақ 2015 жылы күзде жобаны уақытша тоқтатылған. Билік себебін экономикалық дағдарыс пен жұрттың наразылығына байланысты түсіндірген. Былтыр жобаны жаңғыртып, құрылыс жұмыстарын қайта бастаған. Ал сол кезден бері елде экономикалық проблемалар азайып, наразы үндер бәсеңдеді ме, жоқ па – белгісіз.