Козловқа – жеті жарым жыл, Сапарғали мен Әминовке – шартты жаза

Оппозициялық саясаткер Владимир Козлов сот үкімі шыққан күні. Ақтау, 8 қазан 2012 жыл. Азамат Қалымбетов түсірген.

Қазанның 8-і күні Ақтауда Маңғыстау облыстық ауданаралық қылмыстық сотының судьясы Бердібек Мырзабеков оппозиция белсенділеріне - «Алға» партиясының басшысы Владимир Козловқа, белсенділер Серік Сапарғали мен Ақжанат Әминовке үкім шығарды.

Сот Владимир Козловтың мүлкін тәркілеп, өзін жеті жыл алты ай жазаға кесу туралы үкім шығарды. Ал Ақжанат Әминов шартты түрде - бес жылға, Серік Сапарғали шартты түрде төрт жылға сотталды.

Бұдан бөлек, сот үкіміне сәйкес, Қазақстандағы «Алға» партиясының барлық кеңселері тәркіленетін болды. Судья үш айыпталушыны сараптамаға кеткен миллион теңгенің шығынын толтыруға міндеттеді.

ҮКІМ

Twitter-дегі хабарларға қарағанда, дүйсенбі күні айыпталушыларды сот залына әкелген кезде жұрт қол соғып қарсы алған. Залда сотталушылардың жақындары мен әріптестері, Жаңаөзен мен Шетпеден келген мұнайшылар болған.

Судья Бердібек Мырзабеков сот үкімін оқып тұр. Ақтау, 8 қазан 2012 жыл. (Суретті Азамат Қалымбетов түсірген)

Twitter-дегі Азамат Қалымбетов есімді аккаунт иесі үкімді оқыған судья Бердібек Мырзабековтың сөзінен мына үзіндіні келтіреді:

- ...Козлов қашқын қылмыскер Әблязовпен бірлесіп, скайп-конференцияда мұнайшыларды, шахтерларды үгіттеген. Козловтың экстремистік әрекеті 16 желтоқсандағы трагедияға әкеп соқтырған. Козлов кінәсін мойындамаса да, оның кінәсі сотта толық дәлелденді, - деді судья Мырзабеков.

Twitter-дегі хабарламаларға қарағанда, судья Серік Сапарғалидың сот тергеулері кезінде кінәсін жартылай мойындағанын, Ақжанат Әминовтың айыбын толық мойнына алғанын айтқан.

АЙЫП ПЕН МОЙЫНДАУ

Тіркелмеген «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козловқа «әлеуметтік араздықты қоздыру» (164-бап 3-бөлім), «Қазақстан Республикасының конституциялық құрылымын күшпен құлатуға немесе өзгертуге не оның аумақтық тұтастығын күшпен бұзуға шақыру» (170-бап 2-бөлім) және «ұйымдасқан қылмыстық топ құру» (235-бап 1-тармақ) баптары бойынша айыптар тағылған.

Владимир Козлов және оның адвокаты Венера Сәрсембина. Ақтау, 8 қазан, 2012 Азамат Қалымбетов түсірген

Сот тергеулері кезінде айыптау тарабы Владимир Козловты "Мұхтар Әблязов құрған ұйымдасқан қылмыстық топтың тапсырмаларын орындап", "мемлекет іргесін шайқалтуды мақсат тұтқан", осы "зымиян пиғылын жүзеге асыру үшін қарапайым мұнайшыларды пайдаланды" деп айыптады.

Ал Козлов сотта ұйымдасқан қылмыстық топ болмағанын, айыптау тарабының бірде-бір айғақ көрсете алмағанын айтқан. Ол оппозициялық әрекеті үшін қуғындалып отырғанын мәлімдеген еді.

Қоғамдық белсенді Ақжанат Әминовке де үш бап (235, 170 және 164-бап) бойынша айыптар тағылған. Айыптау тарабы оны "мұнайшылар арасынан ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, негізсіз ереуіл, аштық ұйымдастырды" деп айыптады. Сот кезінде Әминов "кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін" айтты.

«Халық майданы» қозғалысының өкілі Серік Сапарғалиға әу баста екі бап (164 және 170-баптар) бойынша («әлеуметтiк араздықты қоздыру», «Қазақстан реуспубликасының конституциялық құрылымын күшпен құлатуға немесе өзгертуге не оның аумақтық тұтастығын күшпен бұзуға шақыру») айыптар тағылды. Бірақ жарыссөз кезінде прокурорлар 164-бапты алып тастады.

Айыптау тарабы «Серік Сапарғали 2010 және 2011 жылдары көп алдында сөйлеген сөздері» арқылы «конституциялық құрылымды құлатуға шақырды» деді.

Сот барысында Сапарғали Жаңаөзенге тек ізгі ниетпен барғанын айтып, «егер айтқан сөздерім трагедияның болуына ықпал етсе, өкінемін» деп, кінәсінің бір бөлігін мойындаған.

«БИЛІКТІҢ ЖАУАБЫ СӘТСІЗ БОЛДЫ»

Сот үкімі оқылардың алдында бір күн бұрын Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ресейлік "Бірінші арнаға" берген сұхбатында Жаңаөзендегі "қарапайым еңбек дауын" "қара ниетті адамдардың пайдаланып" кеткенін айтып, олардың әрекеттерін "қылмыс" ретінде атаған.

Құқыққорғаушы Евгений Жовтис. Алматы, 19 мамыр, 2012 жыл

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис "президенттің сөзінен кейін Козловтың ұзақ жылдарға сотталатыны айдан анық болғанын" айтып, оппозициялық саясаткерге судьядан бұрын президенттің өзі үкім оқып жібергенін меңзеді.

Ол мұны "сотқа айтылған сындарға қатысты биліктің жауабы" ретінде түсінетінін айтты.

Жовтистің ойынша, "биліктің жауабы сәтсіз шыққан".

- Себебі өте біртүрлі логика. Процесс барысында айыптау тарабы ұйымдасқан қылмыстық топтың еңбек дауын саясиландыруға, саяси ұпай жинап, әлеуметтік араздықты өршітуге, конституциялық құрылымды құлатуға тырысқанын дәлелдеп бақты. Ал президент істің саяси жағын айтудың орнына, "бұл - таза криминал" деп отыр. Олай болса дүкен өртеуге әлеуметтік араздықты қоздыру, конституциялық құрылымды құлату, «Алға» партиясының саяси мақсаты, Козлов пен Әминов құрған ұйымдасқан қылмыстық топтың не қатысы бар деген сауал туындайды. Жалпы алғанда ол жақта (Жаңаөзенде – ред.) шын мәнінде не болғанына «дұрыс» түсініктеме бере алмады, - деді Евгений Жовтис қазанның 8-і күні Азаттық тілшісіне.

«ТАЗА САЯСИ ПРОЦЕСС ДЕП АЙТА АЛМАЙМЫН»

«Ақжол» партиясы төрағасының орынбасары Бөріхан Нұрмұхамедов «Козлов ісі» саяси іс пе, әлде билік айтқандай "таза криминал" ма?» деген сұраққа:

- Тұтас процесті бақыламағандықтан кесіп айтуым қиын. Алайда бұл істе

Сот үкімін естуге жиналған халық. Ақтау, 8 қазан 2012 жыл.

екеуі де бар деуге келеді. Оны таза саяси процесс деп айта алмаймын. Адам ретінде Владимир Козловты аяймын. Аппеляциялық кезеңде оның жазасы жеңілдетіледі деп үміттенемін, - деді Бөріхан Нұрмұхамедов.

Тіркелмеген «Алға» партиясының жетекшісі, оппозициялық саясаткер Владимир Козлов, қоғам белсендісі Серік Сапарғали және мұнайшы Ақжанат Әминов ісі бойынша сот процесі тамыздың 18-і күні басталған.

Сот үкімі оқылатын 8 қазан таңертең Алматыдан Ақтауға ұшатын рейстің уақыты шегерілді. Осының кесірінен құқық қорғаушы Евгений Жовтис, тәуелсіз журналист Сергей Дуванов сотқа жете алмай қалған.

Атыраудан Ақтауға баратын ұшақ кешіккендіктен Азаттық тілшісі де сотқа жете алмады. Twitter-дегі хабарларға қарағанда, сотта мемлекеттік ақпарат құралдарының тілшілері көп болған.

Бұл тақырыпты автордың Facebook-тегі жеке парағында да талқылай аласыздар.