Аудандық сот Тимур Құлыбаевтың тәуелсіз газеттер мен Мұхтар Әблязовқа қарсы арыз-шағымын қараудан бас тартты. Тираждары тәркіленген газеттер шағымданушының өзін сотқа бермек ниетте. Құлыбаев Азаттыққа берген сұхбатында құқыққорғау органдарына қайрылғанын мәлімдеді.
СУДЬЯ ӨЗ ШЕШІМІН ӨЗІ ЖОҚҚА ШЫҒАРДЫ
Ақпанның 9-ы күні Алматы қаласы Медеу аудандық сотының судьясы Дана Махметова «Самұрық-Қазына» ұлттық қоры төрағасының орынбасары Тимур Құлыбаевтың «БТА Банктің» бұрынғы төрағасы Мұхтар Әблязовқа, сондай-ақ «Республика», «Голос Республики», «Взгляд», «Айна», «Курсивъ» газеттеріне қарсы түсірген арыз-шағымын қараусыз қалдыру туралы шешім шығарды.
Істің Медеу аудандық сотында қайта қаралуына жауапкер «Шежіре ЛТД» компаниясының өкілі, заңгер Сергей Уткиннің арыз-шағымды қараусыз қалдыру туралы арызы түрткі болды. Заңгердің айтуынша, шағымданушы Құлыбаев даулы мәселені сотқа дейін алдын- ала шешудің заң ережелерін сақтамаған. Құлыбаевтың өкілі Байрамалы Ахмедов мұндай мәлімдемеге қарсы болды.
Тараптардың пікірлерін тыңдаған судья Махметова, 20 минуттық үзілістен соң, шағымданушы Құлыбаев шын мәнінде заң ережелерін орындамаған деп тапты, соның негізінде оның арыз-шағымын қараусыз қалдыру туралы шешім шығарды.
Махметова осы іс бойынша 2010 жылы 1 ақпанда өзі шығарған сот қаулысының да күшін жойды. Сондай-ақ, сот арызданушы Құлыбаевқа 2 121 теңге мемлекеттік баж салығын қайтарып беру туралы үкім етті.
Еске сала кетсек, аудандық сот 1 ақпанда БТА Банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовтың Тимур Құлыбаевқа қатысты әшкерелеуші құжаттары бар екендігі туралы тараған ақпараттар «шындыққа жанаспайды, осындай ақпаратты таратқан басылымдар Құлыбаевтың ар-намысына нұқсан келтіретін ақпараттарды жоққа шығарулары керек» деп шешкен еді.
СОТ ТӨРАҒАСЫНЫҢ АУЫЗША РҰҚСАТЫ
Айта кетерлік жайт, судья ондаған журналистер мен қоғамдық ұйым өкілдерін бүгінгі сот мәжілісіне қатыстырғысы келмеген-ді. Сот приставы №6 сот мәжіліс залына Құлыбаевтың өкілі мен жауапкерді ғана жіберді.
Бұл жағдай белсенді топты Медеу аудандық сотының төрағасы Қалдарбек Досымбеттің кеңсесіне көтерілуге мәжбүрледі. Қабылдау бөлмесіндегі хатшы қыздың «төраға қабылдамайды» деген ескертуіне тоқтамаған «Свобода слова» газетінің бас редакторы Гүлжан Ерғалиева мен ЖСДП «Азат» партиясының төрағасы Болат Әбілов төрағаны өз орнынан тауып, Досымбеттің ауызша рұқсатын алып шықты.
Бұл кезде №6 сот мәжіліс залында процесс басталып кеткен-ді. Бірақ көпшілік жұрт судья Махметованың шешім шығару сәтіне қатысып, үкімді қол шапалақтап қарсы алды. Құлыбаевтың өкілі Байрамалы Ахмедов қана сот соңында «көрерміз, шешерміз» деген сөзбен шектелді.
ҚҰЛЫБАЕВТЫҢ АЗАТТЫҚҚА ЭКСКЛЮЗИВ ЖАУАБЫ
Сейсенбі күні Азаттық радиосының тілшілері Астана қаласында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаевпен жолығып, Медеу аудандық сотының шешімі туралы пікірін сұрады.
- Сот шешіміне пікір білдіре алмаймын. Түсінесіз бе, мен арыздандым, өйткені, Әблязовтың жолдаған құжаттары жалған деп есептеймін, - деді Құлыбаев.
Сонымен бірге, Құлыбаев мәселемен шұғылдануды құқыққорғау органдарына тапсырғандығын айтып отыр.
- Біз бұл мәселеге қатысты пікір білдірмей-ақ қоялық, өйткені біз құқыққорғау органдарына тапсырдық, сол жерде оның мәлімдемесін қараймыз, нәтижесін біз кейін айтамыз, - деді Құлыбаев.
«ҚҰЛЫБАЕВПЕН ҚОСА ОНЫҢ ӘКЕСІН ДЕ СОТҚА БЕРЕМІЗ»
Бұл уақытта Медеу аудандық сотының әуелгі шешімін орындау барысында зардап шеккен газеттер Құлыбаевтың өзін сотқа береміз деп отыр. «Свобода слова» газетінің бас редакторы Гүлжан Ерғалиеваның айтуынша, сот орындаушылары республика аумағында саудаға шығарылған газеттің шамамен 10 пайызын тәркілеген.
- Менің есеп-қисабым бойынша, газеттің 80-85 пайызын саттық. Олар 88 мың тираждың ең зор дегенде 10 пайызын алды, - деді Ерғалиева.
«Взгляд» газетінің бас редакторы Игорь Винявский газет тиражының жарымы тәркіленгендігін, материалдық шығынның орнын толтыру мақсатында Құлыбаевқа қарсы сотқа шағым түсіретіндігін мәлімдеді.
- Бүгінгі сот үкімінің негізінде біз Құлыбаев мырзаға материалдық талаптар бойынша сот шағымын дайындаймыз. Өйткені, тираждың бір бөлігі Астанада саудаға түспеді, жоғалып кетті, - деді Винявский.
Оның айтуынша, «Взгляд» және «Республика» газеттерінің редакциялары прокуратураға Құлыбаевтың мәлімдемесіне түсініктеме беруін және оны жауапқа тартуын сұрап өтініш түсірген.
- Бұл мәлімдемені біз өзіміздің жеке өмірімізге төнген қауіп деп қарастырамыз. Өйткені, «Взгляд» және «Республика» газеттерінің редакциясын өткен жұма күні сырттан бірнеше көлік бақылауға алғандығы байқалды. Біздің ойымызша, бұлар арнайы қызмет емес, жеке бір топтың адамдары секілді, - деді Винявский.
Ақпанның 3-і күні «ҚазТАГ» агенттігі Тимур Құлыбавтың әкесі Асқар Құлыбаев телефон арқылы берген сұхбатында өзінің ұлы туралы жазғандарды «оңбағандар» деп атап, «оларды қабырғаға тақап қойып, ату керек» деп мәлімдеді деген хабар таратқан еді.