Пенсия күту, орынбасар сайлау...

Жаңақорған ауданындағы ауылдардың бірінің мектебі алдында тұрған балалар. (Көрнекі сурет)

Жаңақорғанға барып, бірнеше ауылды аралап қайттым. Бір жыл көрмеген туыстарға сәлем беру, амандасу дегендей. Жүрген соң естисің, көресің.

Тепсе темір үзетін көршіміз ебін тауып мектепке қарауыл бопты. Бұрынғы қарауыл мектеп директорының 12 жылдық оқу бағдарламасы бойынша орынбасарына айналыпты. Мектепте бір оқушыға төрт мұғалімнен келеді екен. Тағы біраз жігіттер әкімдіктегі пеш жағушының қызметін көздеп жүр.

Көршіміз бұрынырақта зейнетке шыққан өзі сияқты біреуден бір-екі мың теңге кем боп қалмауын қатты қадағалап, ауданға арнайы барып, зейнетақысын қайта санатыпты. Ауылда кімнің қанша зейнетақы алатынын бәрі біледі. Көбі тезірек зейнет демалысына шыққысы келеді. Бір үйде екі зейнеткер болса – жақсы. Пысық адамдардың кейбірі «үшінші топтағы мүгедек» деген қағаз алып, жәрдемақыға ілініпті.

Бірталай қойы бар кісінің «малдан түк пайда жоқ, сатып құртамын» дегенін естідім. Ұры-қары көп, жем-шөп қымбат. Техника алуға шама жетпейді. Лизинг дегенді естігені болмаса, көрмеген. Әр ауылдың екі-үш байы бар. Мемлекеттен «Сыбаға» дейтін кредитті алатын – солар. Субсидия да – солардыкі.

РУДЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ МЕН КӨЛІК НӨМІРІ БАР

Әр рудың өз ауылы, өз президенті бар екен. Кейбірі – ірі рулар, кейбірі – анда-мұнда сөзі өте бермейтін ұсақ рулар. Анда-санда кәдімгідей жиналыс өткізіп, құрылтай ашады. Әкімдікке айта алмайтын шағым сол жерде айтылады. «Тыңдайтын құлақ болған соң айтылады» дейді өздері. Сосын ақша жинайды, әруақты батыр бабаларына Астана мен Алматыдан кісі шақырып, ас береді. Былтыр берген, биыл да береді. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» дейді.

Сосын ақша жинайды, әруақты батыр бабаларына Астана мен Алматыдан кісі шақырып, ас береді. Былтыр берген, биыл да береді. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» дейді.

Әр ру аудан мен облыс әкімдігіне өз адамын ебін тауып өткізуге тырысады. Өтпей қалған рулар әлгі өтіп кеткен рудың өкілі қызметтен кеткенше күтеді немесе майдан ашады. Аудан әкімінің орынбасары деген қызметтер міндетті түрде әр руға тиесілі. Облыс әкімі де, аудан әкімі де білуі тиіс жазылмаған заңдылық. Облыс әкімі әрі кеткенде аудан әкімін ғана басқа ауданнан әкеле алады. Бірақ ауыл әкімдерін аудандық мәслихат бекітеді. Аудан әкімінің сөзі мәслихатқа өте бермейді. Әкімге мақұл дегенмен, былай шыға ауыл әкімін жабық сайлау кезінде мәслихат өз дегендерін істейді. Сондықтан ауыл әкімдері мәслихат депутаттарымен жақсы болуы тиіс.

Әр руға тиесілі көлік нөмірлері бар. Оны да сол рудың байлары тағады. Әлгі Алматыда жүйткіп жүрген 777-лер сияқты. «Е, мынау – мынаныкі, анау – ананыкі» деп сыртынан-ақ ажырата береді екен.

ЕАЭО ЖАЙЛЫ ӘҢГІМЕМІЗ «ПУТИН МЫҚТЫ!» ДЕУМЕН АЯҚТАЛДЫ

Жаңақорғанға кіре берістегі үлкен жол бойында «Бірлік, ынтымақ, әділдік – аялар асқақ туымыз» деген жазу тұр. Қасында өзге жердегілердей ағылшыншасы да, орысшасы да жоқ. Ұқсаң ұқтың, ұқпасаң кете бер.

Жаңақорғанға кіре берістегі көпір. Қызылорда облысы, 17 қаңтар 2016 жыл.

Жаңақорғанға газ келіпті. Көшенің шетін қопарып, сол газды біртіндеп кіргізіп жатыр. «Газ құбырын көмеміз деп ми батпаққа айналдырса да, Жаңақорғанның жолы басқа аудандармен салыстырғанда көш ілгері» дейді өздері. Мүмкін, рас шығар.

Ауданда тәуір сауда үйін немесе жанармай бекетін көрсең, дереу иесін айтады. «Бұл – пәленше деген бұрынғы облыс әкімінің інісінікі» не болмаса «пәлен деген дөкейдің құдасы». Ауылда гу-гу әңгіме көп, отыра қалып шүйіркелескенді жақсы көреді. Қол бос. Кейбірі қытайларды күтіп жүр – «келер жылы қытайлар келіп, пәлен гектарға помидор егіп, оны өңдеп, қалбырлап сатады көрінеді».

Ауданда «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері жұмыс істейді дегенді сұрастырып білдім. Бірақ не істейтінін көпшілік білмейді. Аудан әкімдігінде кәсіпкерлік бөлімі бар. Білетіндердің айтуынша, «кәсіпкерлікпен шұғылданамын деушілерге кедергі де келтірмейді, бірақ пайдасы да шамалы». Әлгі шағын және орта бизнесті дамыту бағдарламасы мен «Даму» қорының кредиттерін халыққа түсіндіретін білікті маман да жоқ. Болса да, бас қатыратын қағазы көп.

«Сервисті бизнеспен шатастырмау керек. Халық қолынан келетін кәсібінен, мал шаруашылығынан айырылып қалды. Кезінде жүздеген мың қой өсірген Жаңақорғанда басқа кәсіпті дамыту қиын» дейді жергілікті жанашыр кісі.

Таныс жігіттерге «Сбербанк» жетекшісі Герман Грефтің «Ресей төртінші индустриалды революциядан қалып барады» деген ойбайы туралы айттым. Олар түсінбеді. Өзімнің де түсініп тұрғаным шамалы еді. Facebook туралы, Facebook-те бір мезетте 500 лайк жинайтын белсенділер туралы, қоғамдық белсенділердің Алматыдағы соты, мәжілістің мезгілінен бұрын тарап кеткені туралы да айта бастағанымда әңгімеміз біржола қызықсыз боп кетті. Еуразия экономикалық одағы (ЕАЭО) жайлы әңгімеміз «Путин мықты!» деумен аяқталды. Кішкентай ауылым Қосүйеңкі тұрғындары арасында «теңге девальвациясының халық тұрмысына әсері туралы» видеосауалнама жасамақ болғам. Айныдым, адамды мазақтаудың да шегі бар ғой.