«Ла Скала» театрының Қазақстанға тұңғыш гастролі

«Ла Скала» театрының «Дон Кихот» балетінің бір сәті. Фотоны «Астана Опера» театры баспасөз қызметі берген.

Италия театрының Астана гастролі аяқталып келеді. «Дон Кихот» балетін қоюға Қазақстан артистері де қатысты. Гастроль Назарбаевтың туған күнімен сәйкес келетін Астана мерекесіне орай ұйымдастырылды.

Театр қойылымдарына билет табу қиын болды. Партердегі орындарға сатылған билеттің орташа бағасы - 25-30 мың теңге (150 долларға жуық). Бірақ билет сататын интернет-сайттардың деректеріне қарағанда, көрермендер залының ортасындағы орындарға сатылған билет бағасы 100 мың теңгеге жеткен. Ал театрдың ең жоғарғы жағындағы галеркадағы орындардың 500 теңгелік билеттерін де жұрт ерте бастан сатып алып қойған екен.

«Астана Опера» театрына келген көрермендер. Астана, 30 маусым 2014 жыл.

Астана тұрғыны Мақпал Нұрсейіт бір жыл бұрын ашылған «Астана Опера» театрына алғаш рет келіпті. Ол мұның алдында «Аққу көлі» спектаклін «Конгресс-холл» ғимаратында көріпті.

- Балетті қатты жақсы көремін. «Ла Скала» театры келеді дегенді естіп, қайтсем де барамын дедім. Қойылымды көріп, айрықша әсер алдым, - дейді Мақпал Нұрсейіт.

Ғаламат қойылым көргісі келген оның бұл үміті толық ақталды. Ол «Дон Кихот» балетіне қазақстандық артистер де қатысқанын айтады. Бірақ декорация мен көріністер ауысқан кездерде ғана көпшілік көріністерге қатысқаны болмаса, олар билемейді.

- Провинцияның аты провинция ғой. Меніңше, біз мұндай деңгейге әлі жеткен жоқпыз. Бірақ әйтеуір бір кездері оған да жетерміз деп ойлаймын. Бәрібір алға мақсат қойып, соған ұмтыла беру керек, - дейді Мақпал Нұрсейіт.

ДОН-КИХОТТЫҢ ӨМІРІ

Италияның «Ла Скала» театры балетіне астаналық артистер ғана емес, театр жанындағы балет студиясында оқитын балалар мен «Астана Опера» театрының симфониялық оркестрі де қатысты.

Италия театрының үш актіден тұратын балетіне Астанаға келген жүзден аса артист қатысып жатыр. Қиялындағы ару Дульсинеяны кездестірсем деген үмітпен саяхатқа аттанатын арманшыл испан жігіті Дон Кихоттың бастан кешкен оқиғаларын олар әсем би, әдемі декорациялар мен костюмдер көмегімен баяндайды.

Дон Кихоттың ғұмыры түрлі қиял мен елеске толы. Бірақ балетте оның өмірі Китри есімді бойжеткен мен шаштараз жігіт Базильдің махаббаты туралы хикая арқылы баяндалады. Қыздың трактирші әкесі екі жастың қосылуына қарсы шығады.

«Дон Кихот» балетінің бір сәті. Астана, 27 маусым 2014 жыл.

Ал Дон Кихот өз қиялындағы әлемде өмір сүріп, жел диірмендерімен шайқасады, түсінде арманындағы ару Дульсинеямен сиқырлы бақта билеп жүргенін көреді. Бірақ бұған қарамастан, балеттің үшінші актінде ол екі ғашықтың қосылуына көмектеседі. Той үстінде Дон Кихот пен оның адал да сенімді атқосшысы Санчо Панса екеуі жаңа қызықтар іздеп, тағы да сапарға аттанады.

Әр көрінісінен уайымсыз көңіл-күй ескен балетте комедия жанры, испан фольклорының қанық әуендері мен цыған биі жарасымды үйлесім тапқан. Қойылым соңындағы гран па-де-де би қимылдары махаббат салтанатын тіпті жайнатып жібереді.

Еуропадағы ең көне театрлардың бірі «Ла Скала» Астана мен Қазақстанға тұңғыш келіп отыр. «Ла Скала» театрының Астанада соңғы қойылымы шілденің 4-і күні болады. Бірақ театрдың баспасөз қызметінің хабарлауынша, екі театрдың ынтымақтастығы осы гастрольмен аяқталмайды. «Астана Опера» мен «Ла Скала» театрлары өзара гастрольдік сапарлар мен бірлескен спектакльдер қою туралы меморандумға қол қойған.