Кеше Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар кәсіподақ жетекшілері мен жұмысшылар наразылық білдірген жаңа еңбек кодексіне қол қойды.
Еңбек кодексінің жаңа нұсқасы талқылған кезде ұсыныстарын мәжіліске өткізе алмай, президент Назарбаевтан ол құжатты қабылдамауды өтінген маңғыстаулық мұнайшылар мақұлданған заң мәтінінен бейхабар екендерін айтады.
– Назарбаевтың қандай еңбек кодексіне қол қойғанын білмей отырмыз. Баспасөзде жарияланған заңды әлі көрмедік. Мәжіліс пен сенатқа ұсыныстарымызды бергенбіз. Президентке де жаздық. Ешқайсысынан жауап келмеді, – дейді Маңғыстаудағы Oil Construction Company кәсіподағының қызметкері Нұрбек Қушақбаев.
Кодекс жобасы парламентте талқыланып жатқан кезде президент Назарбаевтың атына үндеу жариялап, оған қол қоймауын сұраған тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясының өкілдері де ол заңның қандай нұсқасы қабылданғанынан бейхабар.
– Мына кодексте жұмысшы құқығын қорғап қалу өте қиын. Еңбек қатынастарын реттеу ісінде біз үшін қиын кезеңдер келді. Оны өткере алсақ, жұмысшы құқығын қорғай білсек, Қазақстанда кәсіподақтың екінші тынысы ашылар еді. Бірақ оған күмәнім көп, – дейді тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясы президенті Лариса Харькова.
«ЖҰМЫСШЫНЫ ЫНТАЛАНДЫРАДЫ»
Ал мәжіліс депутаты, еңбек кодексінің жаңа нұсқасын қолдап дауыс берген Жамбыл Ахметбеков Азаттық тілшісіне «ол құжатта жұмыс берушінің құқығы көбейгенін» ғана айтты. Депутаттың сөзінше, бұл кодексте «жұмыс беруші бір жылға жасалатын келісім-шарт мерзімін созбауға хақылы» екендігі де жазылған.
– Яғни жұмысшыда жұмыссыз қаламын деген сезім болуы мүмкін. Бір жағынан бұл жағдай жұмысшыны жақсы қызмет етуге ынталандырады. Өйткені таңнан кешке дейін бос жүріп, өнім бермей, ақша алып жүретіндер де бар ғой. Заң жұмыс берушіні білікті мамандарды жинауына, сол арқылы сапалы өнім шығарып, бәсекелестікке дайындайды, – дейді Жамбыл Ахметбеков.
Бұл кодексті әзірлеген денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі құжат Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» атты бастауымен жүргізіліп жатқан реформалар шеңберінде еңбек қатынастарын ырықтандыру үшін жасақталғанын айтқан.
Еңбек кодексінің жаңа жобасында жұмыс берушілер үшін қызметкерді жалдау, кадр ауыстыру, жұмыстан босату, жұмыскерлер еңбегіне ақы төлеу мен еңбек жағдайына қатысты процедуралар оңайлатылған. Заң жобасында еңбек келісім-шартын жұмыс берушінің бастамасы бойынша үзуге негіз болатын жайттар көбейген. Кодекс жобасы бойынша, жұмыс берушінің бастамасымен келісім-шарт «өндіріс және орындалатын жұмыс пен көрсетілетін қызмет көлемі азайып, ұйымның экономикалық жағдайының нашарлауына» әсер еткен жағдайда үзілуі мүмкін. Жаңа еңбек кодексіжобасының авторлары мұндай негіздердің пайда болуына «экономикадағы қазіргі ауыр жағдай әсер етті» деп түсіндірген.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев кеше қол қойған еңбек кодексі мәтіні енді баспасөзде жариялануы керек.