Жеті отырыстан нәтиже бар ма?

Үкіметтің жер реформасына қарсылық митингісінде тұрған азаматтар. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.

Жер кодексі баптарына қарсы елдің әр жерінде өткен митингілерден соң үкімет жанынан құрылған комиссияның жеті отырысы өтті. Билік пен қоғам бұл комиссиядан не күтіп отыр? Комиссия екі жарым айда не тындырды?

Мамырдың ортасында ел президентінің жарлығы бойынша құрылған жер реформасы жөнінде комиссияға 75 адам мүше. Алдымен премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев, кейін жаңадан тағайындалған вице-премьер-министр әрі ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов төрағалық еткен комиссия құрамында үкімет мүшелерімен қатар азаматтық белсенділер де бар. Астана мен Алматыда және облыс орталықтарында өткен комиссия отырыстарына жергілікті белсенділер де қатысып жүр.

Your browser doesn’t support HTML5

Жер комиссиясы не тындырды? Аудиоподкаст.

«КОМИССИЯ ЖҰМЫСЫНЫҢ НӘТИЖЕСІ НӨЛГЕ ТЕҢ»

Журналист әрі азаматтық белсенді Жанболат Мамай елдің әр аймағында жеті отырысын өткізген жер реформасы комиссиясының жұмысынан ешқандай нәтиже шыққан жоқ деп біледі.

– Нәтижесі нөлге тең деуге болады. Өйткені, негізгі мәселеге – «Жер шетелдіктерге жалға беріле ме, берілмей ме? Жер сатыла ма, сатылмай ма?» деген сұрақтарға комиссия тарапынан бір де бір шешім де, жауап та болған жоқ, – дейді ол.

Ауылшаруашылығы жеріне қатысты үкімет жоспарына қарсы шеруге шыққандар. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.

Жанболат Мамай «қоғам мен биліктің бұл комиссиядан күтіп отырғаны – екі бөлек нәрсе» деп біледі.

– Билік «комиссия жер реформаларын халыққа түсіндіреді, жер-жерге барып айтып береді, кеңінен талқылайды» деп ойлап отырған сияқты. Ал қоғам бұл комиссиядан «жер бұдан былай сатылмайды, шетелдіктерге жалға берілмейді» деген нақты, кесімді жауап күтіп отырған тәрізді, – дейді белсенді.

Ол 24 сәуірде Атырауда жерге байланысты шеруден кейін ұсталып, қамауда отырған Макс Боқаев пен Талғат Аян бастаған азаматтық белсенділерді босатуға комиссияның себі тимей жатқанын да айтады.

– Комиссия – дөңгелек үстел, талқылау, симпозиум деңгейінде. Ешқандай статусы да жоқ. Бұл тек қана қоғамды алдарқатуға арналған комиссия ма деп ойлаймын, – дейді Жанболат Мамай.

«ТӨРТ МӘСЕЛЕДЕ МӘМІЛЕГЕ КЕЛДІК»

Ал жер реформасы жөнінде комиссия мүшелерінің бірі, саясаттанушы Дос Көшім жиындарының нәтижелі болып жатқанын айтады. Оның сөзінше, комиссия осы күнге дейін төрт мәселеде ортақ шешім ұсынуға қол жеткізген.

– Бірінші, жерді жалға беруді қайталап ашу – 2015 жылғы жерді жалға беруді тоқтатып тастаған бапты қайта орнына келтіру. Екінші, ауылдың маңындағы жайылымдық жерлерді белгілі бір радиуста ешкімге бермеу – ол сол ауылдағы елдің малдарының жайылатын жерлері болуы керек. Үшінші, жер комиссиясы жұмысының ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету. Төртінші, бұған дейін шекараға жақын жердегі аймақтағы үш шақырым жерді бермеу тәртібі болған екен – енді ондай жерді шегіндіріп (үш шақырымнан көбейтіп), ешкімге бермеу туралы да, керісінше, «ол маңға халықты қоныстандыру керек» деген де пікір бар, – дейді Дос Көшім.

Үкімет жанынан құрылған жер комиссиясының отырысына қатысушылар. Нағи Ілиясов ауылы, Сырдария ауданы, Қызылорда облысы. 2 шілде 2016 жыл.

Ол комиссия осы төрт мәселе бойынша парламентке жолдайтын ұсыныстарын дайындап жатқандарын айтады.

– Комиссия ішінде ортақ шешім таба алсақ, сөзіміздің тыңдалатынына кепілдік бар. Оны парламентке ұсынамыз, ары қарай шешім шығару – парламент құзырында, – дейді жер реформасы жөнінде комиссия мүшесі Дос Көшім.

Оқи отырыңыз: AzattyqLIVE. Жер комиссиясы не тындырып жатыр?

2015 жылдың қарашасында қабылданған жер кодексіне өзгерістерге – ауыл шаруашылық жерлерін сату мен шетелдіктерге ұзақ жылға жалға беруге наразы бірнеше мың адам биыл 24 сәуірде Атырауда шеруге шыққан. Атыраудан соң мұндай митингтер Ақтөбе, Ақтау, Қызылорда, Семей, Алматы қалаларында да өткен. Осы оқиға кезінде «21 мамыр күні жалпы республикалық митингке шығайық» деген ұсыныстар да айтылған. Бұл оқиғалардан кейін 40-тан астам азаматтық белсенді әкімшілік жазаға кесіліп, 10-15 күнге қамалған. Кей белсенділер босап шығып, кейбірі әлі тергеліп жатыр.

Полиция қызметкерлері "жер митингісіне" шықпақ болған адамдарды ұстады. Алматы, 21 мамыр 2016 жыл.

Елдегі жаппай қарсылық акцияларынан кейін мамырдың 6-сы күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жер заңнамасының кейбір нормаларын қолдануға мораторий енгізу туралы» жарлығы шықты. Онда 2016 жылғы желтоқсанның 31-іне дейін жер кодексіне өзгерістер енгізу туралы заң нормаларын қолдануға; шетелдіктерге, шетелдік заңды тұлғаларға, жарғылық капиталында шетелдіктер және шетелдік заңды тұлғалар үлесі 50 пайыздан асатын заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану құқығын беруге; жеке және заңды тұлғаларға ондай жерлерге жеке меншік құқығын беруге мораторий жарияланатыны жазылған. Осы жарлық негізінде жер реформасы жөніндегі комиссия да құрылған.