КҮТУ МЕРЗІМІ – БІР АЙҒА ДЕЙІН
Ақпарат және коммуникация министрлігі (АКМ) шенеуніктері өздері әзірлеген заң жобасында мемлекеттік органдардан жолданатын бүкіл ақпаратты ресми және ресми емес хабарламалар деп бөлуді ұсынады.
АКМ шенеуніктері брифингтер мен интернет-ресурстарында ұсынылатын ақпаратты - баспасөз хабарламалары немесе басшылардың сөйлеген сөздерін ресми хабарламалар деп түсінеді.
Ал ресми емес ақпарат - салық төлеушілердің ақшасынан қаржыландырылатын мемлекеттік органдар беретін ақпарат, бірақ оны журналистер сұратып алады.
Қазір мемлекеттік органдар БАҚ сауалына үш күн ішінде жауап беруі тиіс. Ақпарат және коммуникация министрлігінің жауапты хатшысы Жанат Қожахметовтің сөзінше, заң жобасында ресми хабарламалар бойынша жолданған сауалдарға жауап беруге екі күннен 15 күнге дейін мұрсат беріледі деп жазылған. Ал ресми хабарламаларға жатпайтын ақпаратқа қатысты сауалдар, жобаға сәйкес, бұдан ұзағырақ қаралатын болады, өйткені жауап беру үшін "қосымша пысықтау қажет" дейді Қожахметов.
- Егер журналистерде ресми хабарламаларға қатысты ақпараттың детальдарын сұраса, әлгі ақпараттың иесі ертеректе осы ақпаратқа қатысты жауапты БАҚ-қа екі жұмыс күні ішінде беруге міндетті. Ал өзгесінің бәрі ресми хабарламаға жатпайды. Мысалы, мемлекеттік орган ешқандай коментарий берген жоқ, ертеректе ақпарат жарияланған жоқ, бірақ БАҚ-та сұрақ туып, ол белгілі бір тақырып бойынша түсініктеме алғысы келеді делік, мұнда біз әлгі ақпаратты беру үшін мемлекеттік органға 15 күн мұрсат беріледі деп жаздық. Біз бұл пысықтауды қажет ететін жаңа ақпарат деп отырғандықтан, уақыт керек, - дейді Жанат Қожахметов.
Ақпарат және коммуникация министрлігінің өзгерістер жобасында "Ұсынылған ресми хабарламаларды түсіндіруді сұраған әрі қосымша зерттеп, тексеруді қажет ететін жазбаша сауалға жауап сауал тіркелгені жайлы ақпарат құралына ескертіп әрі сауал тіркелген күннен бастап 15 күннен кешіктірілмей берілуі тиіс" делінген.
Егер "сұратқан ақпаратқа қатысты жауап беру ақпараттың бірнеше иесінің құзырында болса", жауап беру мерзімі заң жобасында көрсетілгендей бір айға дейін ұзартылуы мүмкін.
ҚАЗІРГІ ҚАЛПЫНДА ҚАЛДЫРУДЫ СҰРАЙДЫ
Қарағандылық медиа-заңгер Ольга Волкованың сөзінше, БАҚ сауалына жауапты сауал түскен сәттен бастап үш күннен кешіктірмей беруі тиіс деп көрсетілген қазіргі норма – шенеуніктер ұсынып жатқан нормамен салыстырғанда, "мінсіз" норма.
- "БАҚ туралы" заңның 18-бабын сол күйінде қалдырыңыздаршы – тамаша бап емес пе. Тек журналистерге ақпарат беруі тиіс субъектілер тізімін көбейтсеңіздер жетіп жатыр. Қазір бұл тізімде мемлекеттік органдар ғана бар ("БАҚ туралы" заң бойынша), бірақ "Ақпаратқа қол жетімділік туралы" заңға сәйкес, жолданған сауалдар бойынша ақпарат беруі тиіс субъектілер тізімі әлдеқайда үлкен, оған квазимемлекеттік сектор да, мемлекет бюджетінен қаржыландырылатын мекемелер де кіреді, - дейді Ольга Волкова.
Ол мемлекеттік органдардың сайттарында жарияланып қойған ақпаратты журналистердің сұрамайтынына назар аударады.
Егер сіздер сұрақтарға 15 күн бойы жауап беретін болсаңыздар... Журналистер үшін бүгінгі жаңалық - жаңалық, кешегі жаңалық тарих болып саналады.
- Егер сіздер сұрақтарға 15 күн бойы жауап беретін болсаңыздар... Журналистер үшін бүгінгі жаңалық - жаңалық, кешегі жаңалық тарих болып саналады, - дейді Ольга Волкова.
"Әділ сөз" баспасөзді қорғау ұйымы жетекшісі Тамара Калееваның айтуынша, шенеуніктер әлгі норманы өздеріне ыңғайлы позиция тұрғысынан ұсынып отыр. Ол «ақпаратты шұғыл әрі сараптамалық ақпарат деп бөлу керек еді, бірақ олай істемеген, өйткені қоғам мүддесі емес, мемлекеттік орган мүдделері ғана ескеріледі» дейді.
Парламент депутаты Артур Платоновтың айтуынша, оған "шенеунік, шенеунік емес деп бөліп-жару ұнамайды, жұрттың бәрі ортақ іспен айналысып жатыр".
- Мен мына түзетудің журналистер үшін де, шенеуніктер үшін де ұтымдылығын көріп тұрғаным жоқ, сондықтан менің пікірім - бұрынғысы тәуір еді, - дейді Артур Платонов.
"БАҚ-та 25 жыл жұмыс істедім" деген АКМ вице-министрі Алан Әжібаевтың айтуынша, сапалы жауап беру үшін мемлекеттік органдарға көбірек уақыт қажет. Үзіліс кезінде ол Азаттық тілшісіне мына өзгерістердің бәрі БАҚ үшін жасалып жатқан игіліктер деп түсіндіруге тырысты.
ЖАУАПКЕРШІЛІК ҚАРАСТЫРЫЛМАҒАН
Ақпарат және коммуникация министрлігінің хатшысы Жанат Қожахметовтің айтуынша, сауалға жауап жолдау мерзімін ұзартатын түзетуді әзірлеу кезінде ведомство "үш күн мерзім талабын мемлекеттік органдардың ешқайсысы орындамайтын, сондықтан журналистер сапасыз ақпарат берді деп шағынатын" қазіргі тәжірибеге сүйенген. Бірақ журналистерге ақпарат беру мерзімін бұзғаны үшін шенеуніктерді жазалау заңға енгізілмеген.
Ертеректе Қожахметовтің тікелей бастығы, ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев та осындай сарында пікір білдірген. Ол "кейінгі жылдары БАҚ жолдайтын сауалдар ондаған есе көбейді», ал жауаптардың көбі мұқият пысықтауды қажет ететін болды, бірақ «уақыт жетпегендіктен, мемлекеттік орган жауапты формалды түрде жаза салуға мәжбүр болды", сондықтан "сапаны қайтару" үшін министрлік түзету енгізуді ұсынды деп мәлімдеген болатын.
Жанат Қожахметов жауап беру мерзімін бұзуға наразы журналистерге қылмыстық кодекстегі "Журналистік қызметке кедергі жасау" бабын пайдалануға кеңес берді.
"Әділ сөз" баспасөзді қорғау ұйымы жетекшісі Тамара Калееваның сөзінше, әлгі қылмыстық бап зорлық-зомбылық, қоқан-лоқы сияқты ауыр зардаптар туралы жазылған. Ал ақпаратты қол жетімді етуге ешқандай қатысы жоқ. "Әділ сөз" ұйымы дерегінше, журналистер пайдалануға тырысқанымен, «Журналистің заңды кәсіби қызметіне кедергі жасау» бабы Қазақстанда 1998 жылдан бері бірде-бір рет қолданылмаған, өйткені полиция қылмыс құрамы жоқ деген уәжбен әлгі бап бойынша іс қозғаудан бас тартады.
«Қазақстандағы Интерньюс Network» компаниясының заңгері Ольга Диденконың айтуынша, БАҚ сауалына уақытында жауап бермеген шенеуніктер үшін Қазақстанда тіпті әкімшілік жауапкершілік те қарастырылмаған.
- Ақпаратты үш күн ішінде беру процедурасы сол себепті жұмыс істемейді, екі күн ішінде беру процедурасы да жұмыс істемейтін болады. Әшімбаев мырзаның (парламент депутаты) осындай ұсынысы болған, ал салыстырмалы кестеде неге жоқ, сіздер бұл мәселені депутатпен пысықтаған шығарсыздар деп ойлаймын. Әкімшілік заң бұзушылықтар туралы кодекстің 456-бабы 1-тармағына жауап беру мерзімін бұзғаны үшін лауазымды тұлғаларды жауапқа тартуға негіздеме енгізуді ұсынамын, - дейді Ольга Диденко.
Бірақ ақпарат және коммуникация мәселелері жөніндегі заң жобасына мұндай ұсыныстарды парламент депутаттары ғана енгізе алады. Мәжілістің жұмыс топтарындағы бірен-саран қоғам өкілдері өз пікірлерін айта алады, бірақ бұл олардың пікірі ескеріледі дегенді білдірмейді. Журналистік қызметті реттейтін заң жобасына қазақстандық журналистердің өздері қызығушылық танытпайды. Қазір мәжілістің жұмыс тобында талқылап жатқан заң жобасында журналистерді "жеке өмірі, отбасы, банк, коммерциялық және басқа да құпиялары туралы ақпаратты БАҚ-та жариялау үшін мақалаларда аты-жөні аталған тұлғалардың келісімін алуға" міндеттейтін тармақ бар. Заң жобасында Қазақстандағы веб-сайттарды өз материалдарына комментарий жазған адамды анықтау, ол туралы деректерді үш ай бойы сақтауға міндеттейтін норма бар.