Азаттық: - Қазақстандағы әлеуметтік желі қолданушылары мемлекеттік «Хабар» мен 24.kz телеарналарынан кету жөніндегі мәлімдемеңізді қызу талқылап жатыр. Бұлайша мәлімдеме жасауыңызға не себеп болды? Неге дәл қазір және дәл осылайша айтуға шешім қабылдадыңыз?
Бэла Құдайбергенова: - Шын мәнінде бұл процесс ұзақ жылдар бойы пісіп жетілген еді. Сондықтан шешімім Қазақстан қоғамында қолдауға ие болды. Тек қана Қазақстан емес... Бүгін Арменияның Лондондағы елшілігінің адамдарымен кездескен едім. Біз олармен интервью жөнінде келіскен болатынбыз. Олар да бұл жайттан хабардар. Өзім сондай белсенді жанмын. Оны менімен араласатындар жақсы біледі. Менің эмоциямен төккен пікірім жаңғырып, ТМД-ға тарады. Себебі мен әлі күнге дейін біз бір ақпараттық һәм менталитеттік кеңістікпіз деп есептеймін. Өйткені дәл осындай жағдайды басқалар да сезініп отыр. Оның үстіне ең қызығы сол аянар ештеңеміз қалған жоқ дейтіндер ғана емес, әлі күнге дейін билікте отырғандардың өзі де менің жеке парақшама «Сенімен біргеміз, сен тек батыл бол! Себебі сен - қараңғы туннельдің түбіндегі жарықсың. Өйткені біз шаршадық. Өйткені біреу бір күні мұны айтуы тиіс болатын» деп жазады. Бұған қоса, мен өзі табиғатымнан күрескер адаммын. Бәрібір бұл ерте ме, кеш пе болатын еді.
Өйткені мен барлық диктаторлық режимдерге қарсымын. Мен Путиннің саясатына қарсымын, путинизмге қарсымын. Қазіргі болып жатқан дүниелердің бәріне қарсымын.
Алты жыл бұрын Мәскеуден нақ осы саясат мәселесіне байланысты кеткенмін. Тіпті оны соңына дейін сезінбедім, өйткені басқа да тұрмыстық, жеке мәселелер де болды. Бірақ бәрібір негізгі себебі Қазақстандікінен онша айырмасы жоқ ресейлік шындықты қабылдай алмауымда болды. Өйткені мен барлық диктаторлық режимдерге қарсымын. Мен Путиннің саясатына қарсымын, путинизмге қарсымын. Қазіргі болып жатқан дүниелердің бәріне қарсымын. Оның үстіне журналист болғандықтан соғыста жүрген адам сияқтымыз. Бәрібір барлық жағдай туралы біліп жүреміз. Бірақ ол ақпарат жабылып тасталады. Өте сезімтал адаммын. Маған ұзақ жылдар бойы редакторларым «несіне сонша күйгелектенесің, басқалар құсап жасай бер, ойланба, саған жалақы төлейді, бәрі дұрыс» деп айтатын. Бірақ мен олай жасай алмаймын. Оның бәрін миым, жүрегім арқылы өткіземін. Әр материал үшін қатты уайым шегемін, ауырамын. Маған Путиннің режимін ешқандай жағдайда сынауға болмайтын болды. Қазақстандық режимді белгілі анықтама бойынша сынауға болмайтын болды. Маған бір демалатын ауа керек болды. Демала алмадым, алқымым қысылды.
Азаттық: - Телеканал басшылығы баспасөзде сіздің әлі штаттағы қызметкер екеніңізді айтты. «24.kz» телеканалы директоры Арман Сейітмамыттың айтқанынан үзінді келтірейін. «Бұл – жеке жағдай, мүмкін тіпті ауыр да шығар... Адами тұрғыдан алғанда өз жұмысыңды, әріптестеріңді, өзіңнің 10 жыл өміріңді арнаған жұмысыңды қаралау - ең кем дегенде дұрыс емес» деген ол. Осы айтылған пікірмен келісесіз бе? Көтеріп отырғаныңыз жеке ішкі мәселеңіз бе, әлде жалпы мәселе ме?
Маған Путиннің режимін ешқандай жағдайда сынауға болмайтын болды. Қазақстандық режимді белгілі анықтама бойынша сынауға болмайтын болды.
Бэла Құдайбергенова: - Екеуі де шығар деп ойлаймын. Жеке және қоғамдық мәселе. Талқыға салынғаны – менің «кеттім» деп жазған жеке хабарламам. Егер Арман [Сейітмамыт] менің осы бір хабарламамды дұрыс емес шешім десе, мен оның ондаған, тіпті жүздеген шешімдерін дұрыс емес деп санаймын. Бұл – оның жеке пікірі. Ол нені айтуы тиіс болса, соны айтты. Бірақ ол шындықты айтып отырған жоқ. Ол тек әлеуметтік желіден менің кететінімді білгенін айтады. Бұл дұрыс емес. Мен телефон арқылы оған бір ай бұрын кететінімді, маған көп нәрсенің ұнамайтынын айттым. 15 желтоқсаннан бастап жұмыс іздеу үшін кезектен тыс демалыс алғым келген. Және ең қызығы бұл демалысты құптап, қол қойды, шамамен наурызда кетемін деп ойладым, жыл аяғына дейін жұмыс іздеймін деп жоспарладым. Содан соң 18 қаңтардан бастап ресми демалысым. 18 ақпанда барлық демалыстан соң келемін, наурызда кетемін деп ойладым. Бірақ олар шетелдегі тілшілік пунктер туралы әлдебір қайта құру жайлы шешім қабылдаған. Мен Лондондағы корпунктің жабылатыны туралы хабарлама алдым. Бірақ шешіміме әсер еткен бұл хабар емес. Толығырақ баяндайын, бұған келіспейтінімді біле тұра маған Мәскеудегі корпункте баруды ұсынды. Мен білу үшін: «Мені Мәскеуге әкелсеңдер, қанша төлейсіңдер?» деп сұрадым. Онда да барғым келіп емес, оларға не керек екенін білу үшін. «Ол жерде корреспондент бар, мен не үшін екінші корреспондент болып барамын?» деп сұрадым. Бірақ олар маған «Бұл – сондай шешім» деді.
Азаттық: - «Бұдан ары өтірік айта алмаймын» дегенде нені меңзедіңіз? «Хабар» мен «24.kz» телеарналарының эфирінен Қазақстандағы жағдай туралы дезинформация мен жалған ақпарат таратылады дегенді айтқыңыз келді ме?
Бэла Құдайбергенова: - Бар жағынан солай. Дезинформация тек елде ғана емес, шетелде де кең көлемде және терең жүріп жатыр. Біз – сол маховикті айналдыратын тетікпіз. Өзімізге керекті ғана айтатын сарапшыларды табамыз. Егер олар керек емес нәрсені айтса, лақтырып тастаймыз. Facebook-те жаздым, елдің тең жартысы қайыршылықта өмір сүріп жатыр. Біз әлдебір жетістік, миллиондаған контрактілер туралы жар саламыз. Ал адамдар одан соқыр тиын да алмайды. Олардың арасында мен де бармын және басқа мен білетіндер де бар.
Facebook-те жаздым, елдің тең жартысы қайыршылықта өмір сүріп жатыр. Біз әлдебір жетістік, миллиондаған контрактілер туралы жар саламыз. Ал адамдар одан соқыр тиын да алмайды.
Мен осы жерде (Лондонда – ред.) жылдар бойы отырған, Қазақстанда не болып жатқанын білмейтін диссидент емеспін. Мен ол жаққа (Қазақстанға – ред.) барып тұрамын. Ол жақта достарым тұрады. Жиі араласамыз. Бәрін көріп отырмын. Енді оған (ақпараттық кампанияға – ред.) қатысқым келмейді. Сіз білесіз бе, ең қызығы, мен бүгін ғана бір досыммен сөйлестім. Ол: «Сен жалғыз емессің» деді. Жақын күнде Russia Today телеарнасының журналисі, ресейлік телевидениеде жұмыс істеген америкалық қыз да тікелей эфирде: - «Бұдан әрі өтірік айта алмаймын», - деді. - «Мен кетемін, себебі біздің [эфирден] айтып отырғанымыз отбасыма, отбасымның тарихына қарсы, [саяси-әлеуметтік] жағдайға осылайша баға беру мүмкін емес». Сөйтіп осылайша кеткен екінші адам болды. Тікелей эфирде айтып ерекше кетті.
Азаттық: - Кету туралы мәлімдемеңізден соң өміріңіз қалай өзгерді?
Бэла Құдайбергенова: - Егер Қазақстандағы көптеген адамның қолдауын сезінбесем, ештеңе жарияламас та едім. Соңғы екі күнде маған 2 мыңға тарта адам достық ұсынды. Олар жай адамдар емес, мемлекеттік органдарда жұмыс істейтіндер, ресми досым болмаса да, жеке парақшама жазды. Кейбіреулері іргелерін аулақ салды. Өйткені «Хабар» мен «24.kz» басшылығы менімен араласуға тыйым салған. Адамдар қорқады. Содан соң менің осындағы достарым Қазақстан елшілігіндегілердің де менімен араласатындарға тыйым салғанын айтты. Бұл – белгілі бір жағдайда жасырын қауіп. Егер олар менімен араласатын болса, оларға қауіп төнеді, жобасына қауіп төнеді.
Азаттық: - Жергілікті және халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымдары цензураны сынап, Қазақстандағы тәуелсіз және оппозициялық журналистерді қудалауға тыйым салуды бұрыннан айтып келеді. Сіз енді журналистерді қорғайтын немесе Қазақстандағы демократияны қолдайтын азаматтық белсенділер мен саясаткерлерге көмектесетін қандай да бір қозғалысқа қосыласыз ба?
Бэла Құдайбергенова: - Қазір бірдеңе деп айту қиын. Соңғы бір-екі күнде сондай дабыра көп болып кетті. Бірнеше ұлыбританиялық баспасөз маған әріптестік туралы ұсыныс жасады. Өзімді күштімін деп сезінемін. Өйткені шындық – менің жағымда. Оны дұрыс түсінетін адам мақұлдайды. Оның үстіне апанның аузында тұрса да, қарапайым қызметкерлер маған ішкі құпия ақпараттарды жолдап, маған қарсы [жетекшіліктің] не істейін деп жатқандарын айтқанда әлі ештеңені жоғалтқаным жоқ деп ойлайсың. Ары қарай жалғастыру керек, ол адамдарды тастап кетуге болмайды. Өйткені адамдар сенеді, күтіп отыр, оларға таза ауа керек. Өйткені бостандық деген - менмін.
Азаттық: - Әңгімеңізге рахмет.