Партиялар басшылары - «Нұр Отанның» бұрынғы мүшелері

"Нұр Отан" партиясы өкілдері Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлаудағы жеңісін тойлап жатыр. Астана, 16 қаңтар 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Наурыздың 20-сы өтетін мәжілістің ерте сайлауына алты партия қатысады. Азаттық тілшісі интернеттегі ашық ақпараттардан бұл саяси партиялардың басшылары негізінен «Нұр Отанның» бұрынғы мүшелері екенін анықтады.

Оңтүстік Қазақстан облысында түрлі басшылық қызметтер атқарған «Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаев - президент Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын «Нұр Отан» партиясының бұрынғы мүшесі.

«АУЫЛ»

«Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаев.

Партия төрағасы Әли Бектаев 2014 жылы қазан айында Қазақстан парламенті сенатына Оңтүстік Қазақстан облысынан депутат болып сайланды. Бір жылдан соң, 2015 жылдың тамыз айында, «Нұр Отан» қатарынан «Ауыл» партиясына төраға болып ауысты. Бұл әрекетін ол «ауылдықтардың көптеген өтініштерімен» байланыстырады.

Бектаев өлең жазатын қасиетімен белгілі. Оның шығармашылығында Қазақстан президенті Назарбаев арқау болған туындылар да бар. Өлең «Өрге тартып, биіктерге көтердің, Тілден, көзден сақтасыншы, Нұр аға!» және «Ел үмітін арқалаған еңселім, Алаш үшін аман болшы, жан аға!» дейтін жолдар бар.

Оқи отырыңыз: Президент жолдауы шабыт берген «Ауыл» лидері

«Ауыл» партиясына «Нұр Отаннан» барған адамдар жалғыз Бектаев емес. Осы партияның хатшысы 2015 жылдың желтоқсан айында зейнет жасына келуіне байланысты президент Назарбаевтың жарлығымен Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі лауазымынан босатылған Бөрібай Жексенбин де бұрын «Нұр Отан» мүшесі болған. 2000-жылдардың екінші жартысында Жамбыл облысы әкімі болған ол «Нұр Отан» партиясының жергілікті филиалын басқарған. Бөрібай Жексенбин «Нұр Отаннан» кетуін Азаттық тілшісіне:

- 2010-2016 жылдары Өзбекстанда елші болдым. Бұл қызметте ешқандай партияға мүше болуға болмайды. Елге келген соң жаңарған «Ауыл» партиясы тәжірибем мен білімімді керексініп шақырды. Шақырған жерге бару керек. Менің өмір жолым, жұмысымның бәрі ауылмен байланысты, -деп түсіндірді.

«БІРЛІК»

2007-2013 жылдары биліктегі «Нұр Отан» партиясының саяси бағдарламаларын дайындауға қатысқан, осы партия жанындағы «Парламентаризм институты» директоры болған Болат Байқадамов 70 жасқа қараған шағында «Бірлік» партиясының төраға орынбасары болды.

"Бірлік" партиясының кезектен тыс съезі. Астана, 5 қпан 2016 жыл.

«Бірлік» - «Әділет» пен «Руханият» партияларының 2013 жылы бірігуінен пайда болған партия. Қазіргі мәжіліс сайлауына сегіз ғана үміткер ұсына алған осы партияға ауысу себебін Болат Байқадамов Азаттық тілшісіне «тікелей саяси іспен шұғылданғысы келетінімен» түсіндіреді. Оның сөзінше, «Нұр Отанда» ол тек сарапшы болған. Ғылымға жақын жүрген. «Бірлік» партиясының төраға орынбасарлығына өз қабілетін жүзеге асыру үшін ауысқан».

Оқи отырыңыз: «Билікке көмекші партия» жетекшісі Серік Сұлтанғали

«Әділет» пен «Руханият» бірігіп бір партия болғанға дейін де Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кез келген бастамасын қолдап келген еді. «Бірлік» партиясы бұл үрдісті жалғастырып әкетті.

«АҚ ЖОЛ»

Осы сайлауға 35 үміткер ұсынып отырған «Ақ жол» партиясы төрағасы Азат Перуашев та 2006 -2011 жылдары президенттің «Отан» (қазіргі «Нұр Отан») партиясының саяси бюро мүшесі болған.

2006 жылға дейін ол 1999 жылы ашылған «Азаматтық партияны» басқарды. Кейіннен оны «Отанға» қосып берді. Билік партиясының қатарында 5 жыл жүрген Перуашев 2011 жылы одан шығып, бірнеше күннен кейін-ақ «Ақ жол» партиясына төраға болып сайланды. «Ақ жолға» бару себебін ол «жеке амбиция немесе билікке жетудің жолы емес» деп түсіндірген болатын.

«Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев.

Оқи отырыңыз: Азат Перуашевтың саяси трансформациясы

2005 жылы Қазақстанда өткен президент сайлауында Азат Перуашев президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сенім білдірген өкілі болған еді.

«ЖСДП»

Мәжілістің ерте сайлауына 23 үміткер қосып отырған, өздерін «жалғыз оппозициялық партия» санайтын ЖСДП (Жалпыұлттық социал-демократиялық партия) төрағасы Жармахан Тұяқбай да 2003 жылға дейін «Отан» (қазіргі «Нұр Отан» - ред.) партиясы мүшесі болған. Ол осы партия мүшесі ретінде мәжіліс төрағасы болды.

2004 жылы өткен парламент мәжілісінің сайлауында «Отан» партиясы үміткерлері арасында тізімнің басында тұрғанына қарамастан мәжіліс сайлауы әділетсіз өткені туралы мәлімдеме жасап, кейіннен билік партиясынан кетіп қалды. 2005 жылғы президенттік сайлауда жолы болмаған Жармахан Тұяқбай кейінгі президенттік сайлауларға қатысқан жоқ. Биліктің кейбір бастамаларына сын айтқаны болмаса, соңғы жылдары партия төрағасы ретінде саяси белсенді әрекетімен көзге түспеді.

Жармахан Тұяқбай, ЖСДП төрағасы. Алматы, 11 сәуір 2012 жыл.

2007 жылы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болған Жармахан Тұяқбай «ЖСДП партиясын тіркеу, тағы да басқа өзекті мәселелер бойынша» президентпен әңгімелескенін, бірақ «екеуара әңгімені бүге-шігесіне» дейін айтуға «джентельмендік келісім жібермейтінін» мәлімдеген болатын.

Тақырыптас мақала: «Оппозициялық жалғыз партия» жетекшісі

Мәжілістің ерте сайлауына қатысып жатқан алты партияның ішінде Қазақстан халықтық-коммунистік партиясының ғана басшылары «Нұр Отан» партиясының мүшесі болмаған. Алайда ҚХКП билікті жақтайтын партия екенін ашық айтып келеді. Ақпан айында Азаттық тілшісіне сұхбат берген Тұрғын Сыздықов Нұрсұлтан Назарбаев жайлы:

- Ашығын айтайын, меніңше, бізде осындай президент болғанына тәуба. Президент мемлекетті бастан аяқ қайта құрды, - деген еді.

Наурыздың 20-сына белгіленген Қазақстан парламенті мәжілісі сайлауы мерзімінен бұрын өтіп жатыр. Ақпанның 19-ы күні Орталық сайлау комиссиясы 234 кандидатты қамтитын алты саяси партияның тізімін тіркегенін хабарлады.

«Нұр Отан» партиясы мәжіліс сайлауына ең көп үміткер ұсынды - 127 кандидат. «Ақ жол» - 35, ЖСДП - 23, ҚХКП - 22 кандидат, «Ауыл» - 19, «Бірлік» – 8 кандидат ұсынып отыр.