«Маңғыстаумұнайгаз» акционерлері Назарбаевтан көмек сұрады

"Маңғыстаумұнайгаз" акционер зейнеткерлерінің "Қазпочтадан" президент Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жіберуге келген сәті. Ақтау, 4 ақпан 2016 жыл.

«Маңғыстаумұнайгаз» компаниясының ардагер акционерлері Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жолдап, бірнеше жыл ала алмай отырған дивиденттерін төлетіп беруді сұрады.

Ақпанның 4-і күні «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының (АҚ) артықшылығы бар акция иелері атынан жиналған он шақты зейнеткер президентке хат жолдау үшін Ақтаудағы «Қазпочта» бөлімшесіне келді. 600-ден астам зейнеткер акционерлер (бұрынғы мұнайшылар – ред.) қол қойған хатта олар дивиденд төлеу туралы талаптан бөлек, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ табысының қалай бөлініп отырғанын білгісі келетіндерін мәлімдеген.

«ДИВИДЕНДІМІЗДІ БЕРСІН!»

70 жастағы Теңелбай Лесбай - «Маңғыстаумұнайгаздың» бұрынғы бұрғышысы. Совет Одағы кезінде 1980-83 жылдары Ауғанстанда да мұнай кеніштерін іздеуге қатысқан. «Ұзақ жылғы еңбегі нәтижесінде талай марапатқа ие болғанын» ескерткен ол сол еңбегінің өтеуі ретінде компанияның 250 артықшылығы бар акциясына қол жеткізгенін айтады.

- Акция кім көрінгенге берілген жоқ. 40 жылға дейінгі еңбек өтілі барларға еңбегін бағалап берді. Сол адал еңбектің арқасында алған акциямыздың дивидендін беруге міндетті ғой, - дейді ол.

Зейнеткер мұнайшылардың айтуынша, араларында 1961 жылы Маңғыстаудағы алғашқы Жетібай кен орынын ашқан ардагерлер де бар.

- Әрине, көбі о дүниелік болды. Барының денсаулығы жоқ, бірсыпырасына операция жасалған, емдеу қажет. Олар девальвация кезінде дивидендімізді берудің орынына халыққа қиянат жасап отыр,- дейді Теңелбай Лесбай.

Your browser doesn’t support HTML5

«Маңғыстаумұнайгаз» акционерлері талабы

Хатты конвертке салып, жөнелтуге кіріскен 70 жастағы тағы бір акция иесі Ізмырза Қуаналин «ендігі үміттері президентте» екенін айтты. Оның 170 артықшықты акциясы бар.

- Бармаған жеріміз жоқ. Енді Назарбаевтан әр акцияға 2400 теңгеден дивиденд алуға жәрдем сұрап отырмыз. «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясы 2014 жылдың екінші жартысынан бері бір тиын төлеген жоқ, - дейді зейнеткер акционер.

Оның сөзінше компания 2014 жылдың алғашқы жартысында әр артықшылығы бар акция үшін бар болғаны 173 (50 цент) теңгеден төлеген.

Қарт акционер Бүркіт Жарылғасовтың айтуынша, «1996 жылдан бері жылына екі рет төленуі тиіс дивиденд 2007 жылы ғана бір мәрте әр акцияға 2700 теңгеден, ал қалған жылдары 200 теңгеге жетпейтін мөлшерде төленіп келген».

- Маңғыстауды Маңғыстау қылған, президентті президент қылған - мұнай. Қазір сол мұнайшылар керексіз. Берсін дивидендімізді, бұлар да емделсін, балаларын оқытсын,- дейді Бүркіт Жарылғасов.

«Маңғыстаумұнайгаздың» зейнеткер акционерлері дивиденттен бөлек, президенттен компания табысы жайлы ақпарат алуға көмектесуді сұрайды. Олардың президент Назарбаевқа жөнелткен хатында «Қарт мұнайшылар «Маңғыстаумұнайгаздың» жыл сайынғы табысты қалай бөлетінін, неге табыс акционерлер двиденттерін беруге емес, басқару аппаратының тоқсан сайынғы сыйақысына жұмсалатынын білгіміз келеді. Тиісті органдар өкілдерінен ревизия комиссиясын құрып, «Маңғыстаумұнайгаздағы» жемқорлықты анықтауды сұраймыз» деп жазылған.

Азаттық тілшісі «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның әлеуметтік және әкімшілік мәселелер жөніндегі департамент директоры Жетібай Төлеғожаевпен хабарласқан еді. Оның хатшысы Нәзира Ерпанова департамент директоры іссапарда екенін айтты.

ӘКІМ ЖӘНЕ «ТҰРАҚСЫЗДЫҚ ТУДЫРУШЫ ТОП»

«Маңғыстаумұнайгаз» компаниясының қарт акционерлері талабы туралы Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев ақпанның 2-сі күні Астанада берген жылдық есебінде айта кеткен еді. Өзінің бұл жайттан хабардар екенін мәлімдеген әкім ол жерде «Қазақстан заңдары бұзылмағанын» айтты. Оның сөзіне қарағанда, «двиденд сұрағандар тұрақсыздық тудыруға тырысқан топқа ілесіп жүр».

Маңғыстау облысы әкімі Алик Айдарбаев.

«Маған да жазды. Мен кеңесшiмдi жiбердiм, орынбасарым сөйлестi. Қарап отырсақ, Қазақстан заңдары бұзылмаған. Мәселен, кейбiр адамдар, бәрi емес, оларды акционер деймiз бе, зейнеткер деймiз бе - кейбiрi тiптi “Маңғыстаумұнайгаз” ардагерi емес, мүмкiн, бiр кездерi акцияға иелiк еткен шығар. Солардың көбi жазып жүрген бiр сауал – «Қаражанбаста неге былай төленедi, бiзге неге солай төленбейдi?» дейдi. Ол акция санына да байланысты. Өздерiңiз ойлаңыздаршы, егер «Қаражанбасмұнай» 100 акция шығарса, оның төлейтiн дивидендi 1000 акция шығарған “Маңғыстаумұнайгазға” қарағанда көп болмай ма? Мұны кейбiреулер түсiнедi, ал кейбiреулер әдейi тұрақсыздық тудыруға тырысқан топқа ерiп жүр. Яғни, еңбегi сiңген ағашкалардың қасында еңбегi сiңбеген ағашкалар жүр» деген еді әкім.

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ акционерлері дивиденд туралы талапты бірнеше жыл қатарынан қойып келеді. Олар өздерінің құқығын қорғау үшін 2011 жылы «Шаңырақ» мұнайшылар бірлестігін де құрған.

Зейнеткер акционерлер 2015 жылы желтоқсанның 4-і күні наразылық акциясына шығатындары туралы рұқсат сұрап Ақтау қалалық әкімдігіне хат та жазған. Оған қала әкімдігі пикет, шеру өткізуге Ақтау қалалық прокуратурасының 2012 жылы маусымның 19-ы күні білдірген қарсылығынан соң Ақтауда шеру өткізуге тиым салынғанын хабарлап, «егер кімде-кім шеруге шықса, ұйымдастырушының қылмыстық жауапқа тартылатыны» туралы ескерту жасаған.

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ - Қазақстандағы ірі мұнай өндіруші компанияның бірі. Компания Маңғыстау өңіріндегі 15 мұнай кенішін игеріп жатыр. «Маңғыстаумұнайгаз» акциясы Mangistau Investments B.V компанияcының («ҚазМұнайГаз» ­50% және CNPC ­ 50%) бақылауында. Компанияның 2013 жылы артықшылықты акция иелеріне төлеген дивиденттерінің мөлшері (бір акция - 584 теңге) туралы ақпаратты компанияның ресми сайтынан көруге болады.