Билікке жақын бизнесмен «Жауап беремін» жобасын бастады

Марғұлан Сейсембаевтың «Альянс Банк» АҚ директорлар кеңесі төрағасы кезіндегі суреті. Алматы, 11 қараша 2010 жыл.

Топ-бизнесмен Марғұлан Сейсембаев «Жауап беремін» бағдарламасын іске қосқанын жариялап, журналистердің көбімен жеке хат жазысу арқылы жобаны әлеуметтік желілерде жарнамалап жатыр. Оның бастамасын қолдағандар арасында бұрынғы топ-шенеунік, қазір шарап жасау ісімен айналысатын Зейнолла Кәкімжанов бар.

Белгілі қазақстандық кәсіпкер Марғұлан Сейсембаев Facebook желісінде «Жауап беремін» бағдарламасын іске қосатынын жариялады. Ол әлеуметтік желіні пайдаланушыларға меншік иесі өнім сапасы мен оның өзгермеуі, қолданылған ингредиенттер мен шикізат сапасының жақсы болуы, өндіріс процестерінің сапасы мен дұрыс жолға қойылуы, қаржылық қабілет, өнімнің экологиялық тазалығы сияқты критерийлерге лайықты қазақстандық компанияларды атауды ұсынған.

«ЖАУАП БЕРЕМІН»

Әлеумет ұсынған жергілікті өндірушілерді Марғұлан Сейсембаев өзі тексеруге уәде етеді. Оның айтуынша, тұтынушылар қағаз жүзіндегі рейтингтерге сенбейді. Бизнесмен «Жауап беремін» белгісін алудан үміткер компания жоғарыда аталған критерийлерге лайықты болса, оларды жүрген жерімде жарнамалап, өнімдерін тұтынушылар ғана емес, банктер, мемлекеттік органдарға ұсынамын, тіпті мұндай компанияларды шенеуніктердің жүгенсіздігінен бүкіл мүмкіндігімді пайдаланып қорғаймын»дейді.

Марғұлан Сейсембаев барлық «беделді әрі белгілі» адамдарды «Жауап беремін» бағдарламасына қосылуға шақырып, «жақсы кәсіпорындарға инвестиция» жағынан көмектесуге әзір екенін мәлімдейді.

Супермаркеттердің біріндегі бос сөрелер. Алматы, 2 ақпан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

48 жастағы бизнесмен Марғұлан Сейсембаев ірі бизнеспен 1990 жылдары айналыса бастаған. Оның есімі «Сеймар» компаниясын құрған бизнесмен әрі «Альянс банк» директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы ретінде белгілі. 2009 жылдың күзінде ағалы-інілі Ерлан мен Марғұлан Сейсембаевтарға «банк қаражатын жымқырды» деген айып тағылған.

Марғұлан Сейсембаев қысқа мерзімді эмиграциядан Қазақстанға 2010 жылдың қазанында оралған. Оны «банк қаражатын заңсыз пайдаланды» деген айыппен екі жыл шартты мерзімге соттаған.

Биыл ақпанда әлемдегі екінші ірі банк саналатын HSBC банкінің Швейцария бөлімшесіндегі құпия құжаттар жарияланып кетіп, жаңа халықаралық жанжал туып, көптеген құпия есеп-шот иелерінің аты-жөндері жұртқа белгілі болды. Бұл жолғы жанжалға «банк клиенттерінің салықтан жалтаруына көмектескен» деген болжам түрткі болған еді. Жаңа жанжалға қазақстандық бай адамдар да іліккен. Irish Times газетінің жазуынша, құпия есеп-шот иелерінің тізімінде кезінде «Альянс банк» «активімізді жымқырды» деп айыптаған қазақстандық бизнесмен Марғұлан Сейсембаев та бар.

ПІКІР

Марғұлан Сейсембаевтың бастамасын әлеуметтік желілерде қолдағандардың бірі - жүзім өсірумен айналысатын 56 жастағы бизнесмен, бұрынғы қаржы министрі Зейнолла Кәкімжанов. Ол Сейсембаевты қолдап қана қоймай, Қазақстандағы мал шаруашылығын жаңғыртып, дамытатын және түлететін өз жобасын да ұсынған.

Сиыр табыны. Оңтүстік Қазақстан облысы. (Көрнекі сурет)

Facebook желісіндегі парақшасында жазуынша, Зейнолла Кәкімжанов Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданы Шалабай ауылында қазақтың асыл тұқымды ақбас сиырын өсірумен айналысатын зауытты қалпына келтіруге көмектескен. Бірақ ауыл тұрғындары өнімді сатуда қиындықтарға тап болған.

Кәкімжанов «негізгі қиындық – тұтынушылардың талғамы төмен болғандықтан елдегі ет өнімі нарығы дұрыс ұйымдастырылмаған» деп санайды.

«Бұл тұрғыдан алғанда жұрттың «Жауап беремін» жобасы аясында жариялаған пікірлері дені дұрыс жаңа ет тұтыну нарығын құруға түрткі болуы мүмкін» деп жазады Зейнолла Кәкімжанов.

ЭКОНОМИКА, САЯСАТ ЖӘНЕ ФИЛОСОФИЯ

Оппозициялық «К-плюс» интернет-телеарнасының бұрынғы басшысы Бақытжан Кетебаев Азаттыққа Сейсембаевтың бастамасын «жұмыртқаны жарып шыққаны елжірей қызықтыратын, аман-есен өсіп кетер деп үмітпен күтіліп, бірақ қанат қағуға жеткізбей желінетін балапанмен» салыстырады.

Бақытжан Кетебаевтың пікірінше, Марғұлан Сейсембаевтың жобасын іске асыру кезінде жүйелік және жеке басына қатысты негізгі екі қауіп тууы мүмкін.

- Бұған президент әкімшілігі көзқарасы тұрғысынан қарап көрелік. Олардың ойынша, кәсіпкерлер әуелі жарнама үшін, кейін өз мүшелерін қорғай бастайтын бірлестік құрып жатыр. Оның кейін қоғамдық бірлестікке немесе, құдай сақтасын, партияға айналып, саяси мақсаттар қоя бастамасына кім кепіл? Марғұланның түпкі ойы осы деуден аулақпын, бірақ президент әкімшілігі бақылауға бағынбайтын дүниелерден қорқады ғой, - дейді Бақытжан Кетебаев.

Бақытжан Кетебаевтың болжамынша, екінші қатер - Марғұлан Сейсембаевтың кәсіпкерлерді біріктіріп, оларды қорғау жобасы ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен оның тікелей бастығы, Қазақстан президентінің күйеу баласы Тимур Құлыбаевтың «бақшасына түсумен» бірдей саналуы мүмкін. Оның пікірінше, жауапкершілік аламын деп ашық жариялаудың астарында тиісті құқығын талап ету мақсаты жатуы мүмкін.

«Жауап беремін» деп мәлімдедің бе, яғни «құқығым да бар» дегенің. Ал біздің елде ешкімнің, тіпті премьер-министрдің де құқығы жоқ. Бүгін премьерсің, ал ертең зэкке айналып, еден жуып жүруің ғажап емес.
Бақытжан Кетебаев.

- «Жауап беремін» деп мәлімдедің бе, яғни «құқығым да бар» дегенің. Ал біздің елде ешкімнің, тіпті премьер-министрдің де құқығы жоқ. Бүгін премьерсің, ал ертең зэкке айналып, еден жуып жүруің ғажап емес, - дейді Бақытжан Кетебаев.

Марғұлан Сейсембаевтың бастамасын Алматы облысы аймақтық даму орталығы директоры Ажмат Әлімов қолдайды.

- Ақыры дені дұрыс бір бастаманың министрлік немесе коммерциялық рейтинг агенттіктері кабинеттерінің қойнауында емес, белгілі тұлға, бизнестің «алғашқы эшелонының» көрнекті өкілінің бастамасымен туғаны жақсы болды. Facebook желісіндегі постар мен комментарийлерге қарағанда, бизнестің белсенді бөлігі бұл бастаманы қолдап жатыр. Ал Зейнолла Кәкімжанов екеуінің тандемі бұл істің болашағы бар дегенді білдіреді, - дейді Ажмат Әлімов.

Ал VISOR Holding акционерлік қоғамы директорлар кеңесі төрағасы Айдан Кәрібжанов Facebook желісінде жазған комментариінде Марғұлан Сейсембаевтың жобасын «түсініксіз жайтты түсініксіз тілде айтатын кафкашылдықтың бір үлгісі» деп атаған.

Азаттық «Жауап беремін» бастамасын талқылау үшін Марғұлан Сейсембаевты орыс тіліндегі «Еркін сөз» телебағдарламасына шақырған. Бірақ Сейсембаев ол ұсыныстан бас тартты.