Халық пен жергілікті мәслихат депутаттарын байланыстыруды мақсат тұтқан «Мой депутат» қосымшасының «Play market» жүйесінде пайда болғанына үш апта болды. Осы аралықта қосымшаны 100 адам жүктеп алған. «Мой депутат» қосымшасын пайдалану үшін оны жүктеп алып, аты-жөніңіз, жеке куәлігіңіздің жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН/ИИН) мен мекен-жайыңызды енгізіп тіркелуіңіз қажет. Одан соң қосымшада мекен-жайыңыз бойынша жергілікті мәслихат және облыс мәслихаттары депутаттарының тізімі шығады. Қосымша арқылы депутаттарға сауал-хатты мәтін, видео, фотосурет түрінде жолдауға болады. Сонымен бірге қосымшада депутаттардың мекен-жайы, байланыс телефондары және қабылдау уақыттары жазылған. Алдағы уақытта депутаттардың хат-хабарға жауап беру белсенділігіне қарап олардың рейтингі жасалмақшы. Әзірше биографиялық мәліметтер жолағында депутаттар туралы деректер жазылмаған.
ЖОБА АВТОРЫНЫҢ ҮМІТІ
Жобаның ұйымдастырушысы қоғамдық белсенді Шыңғыс Лепсібаевтың айтуынша, «Мой депутат» - «android» жүйесі бар смартфондар жүктей алатын сынақ нұсқасы. Қосымшада Теміртау, Саран, Қарағанды қалалары және Қарағанды облысы ғана қамтылған. Жоба авторлары қосымша мәслихаттар жұмысының тиімділігін арттырады деп үміттенеді.
- Жұмсартып айтқанда депутаттардың барлығы белсенді ат салысып отырған жоқ. Биыл өзгеріс бола ма деп үміттенеміз. Өйткені былтыр зерттеу жасадық. Биыл қосымшаны бүкіл республикаға таратып, кеңейткіміз келеді. Егер қосымшаны депутаттар мен тұрғындар белсенді пайдалана бастаса, төрт жылдан кейін жергілікті мәслихаттар өзгеріп шыға келеді. Өйткені бәрі сайлаушылармен жұмыс істеуге мәжбүр болады, - дейді Шыңғыс Лепсібаев.
Аймақтық депутаттар одағының атқарушы хатшысы Шыңғыс Лепсібаевтың айтуынша, қосымшаның үш апталық жұмысы барысында азаматтардан алты сауал-хат келіп түскен. Алайда әзірге депутаттар жауап бермеген. Оның бір себебін «Мой депутат» қосымшасы авторларының бірі Василий Климаков өзінше түсіндіреді. Оның сөзінше, соңғы сайлаудан кейін базадағы депутаттар құрамы әлі жаңартылмаған.
- Жуырда өткен кезектен тыс парламент мәжілісі және жергілікті мәслихаттар депутаттарын сайлаудан кейін қосымшадағы депутаттар тізімі жаңартылмады. Мәслихаттардың бірінші сессиялары өтсін. Содан кейін Қазақстанның түкпір-түкпіріне ресми хат жолдап, қосымшаның депутаттарын жаңартамыз, - дейді Василий Климаков.
Сәуірдің 1-і күні Қазақстанның Тұңғыш президенті кітапханасында мәслихат депутаттарымен тікелей байланысқа шығуға жол ашатын «Мой депутат» қосымшасының презентациясы және сайлаушы мен депутат байланысына арналған конференция өтті. Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, жиынға «Ақ жол», «Нұр Отан», ҚХКП партияларының өкілдері, Көкшетау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облысы мәслихаттарының депутаттары қатысты. Бұрынғы мәжіліс депутаты Нұрлан Жазылбеков бұл қосымшаны қажет құрал деп біледі.
- Жергілікті мәслихаттардың қазір жайын байқап отырсыздар ғой. Олар бүгін халыққа жақын емес. Ал мына қосымша арқылы азаматтар депутаттардың жұмысын байқап отыра алады. Сонымен қоса, үлкен қалаларда, облыс орталықтарында, үлкен аудандарда ол өте ыңғайлы ғой. Интернет арқылы шығып, проблемаларын көтере алады. Интернет болсын, басқа форма болсын, әр депутат халықтың проблемаларымен біліп, шешуі керек, - дейді «Ақ жол» партиясының өкілі Нұрлан Жазылбеков.
САРАПШЫЛАР КҮДІГІ
Қазақстан блогерлері альянсының жетекшісі Ғалым Байтоқ халық пен депутаттарды байланыстыруға арналған кез келген бастаманы қолдайтынын айтады. Алайда ол бастаманың бірден істеп кететініне шәк келтіреді. Блогердің пікірінше, «депутаттар биліктен аталмыш қосымшаға қатыспау туралы нұсқаулық» алуы да мүмкін.
- Бастысы биліктен қосымшаны пайдаланбау туралы маңызды нұсқау түспесе болды. Бізде бәрі де мүмкін. Билікке депутаттың халыққа жақындығы керек емес. Мәселен, ашылған қоғамдық кеңестердің өзі «халықпен байланысымыз бар» деген пікір қалыптастыру үшін жасалған. Соған қоса [қоғамдық кеңестер] депутаттарды халықтан алыстатып отыр. Кейде халықпен жұмыс істеп жатқан белсенді депутаттар қудалауға ұшырап жатады, - дейді блогер.
Саясаткер Әміржан Қосанов «Мой депутат» қосымшасының алға басуына «халық сенімінің жоқтығы кедергі болады» деген пікірде. Оның айтуынша, «депутаттарға сенім өскенде ғана бұл қосымшаларды халық іздеп тауып, бастама қызу жұмыс істейді».
- Кешегі сайлауда оппозицияға ашық шықпаған, бірақ тәуелсіз пікір айтқан 300-ден астам кандидат сайлау комиссиясының елегінен өткен жоқ. Мәслихатты айтып отырмын. Мұның өзі биліктің осы мәслихаттардағы жағдайды толық бақылауға алып, өздерінің айтқанынан шықпайтын адамдармен құраудың үлкен бір бастамасы деп білемін. Мәселені о бастан жөндеп шешу керек, яғни әділ де ашық сайлау негізінде депутаттар сайлануы тиіс, олар атқарушы биліктен тәуелсіз болуы тиіс. Сонда ғана депутаттар корпусы мен сайлаушылар арасында байланыс жандана түспек. Сонда ғана айтып отырған қосымшаларды халық іздей бастайды, өздерінің депутаттарына өз ой-пікірін жеткізе бастайды, - дейді саясаткер.
Былтыр қыркүйек айында Қарағандыда «Мой депутат» жобасын «Қазақстанның аймақтық депутаттар одағы» қоры «Теміртау жастарының одағы» қоғамдық ұйымымен бірлесе отырып, «Евразия қоры» («Фонд Евразия Центральной Азии») және Халықаралық даму бойынша АҚШ агенттігінің (USAID) демеушілігімен ашқан болатын.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, қосымшаның mdeputat.kz веб-сайтынан депутаттарға түскен сауалдар мен жауаптардың берілген-берілмегенін көруге болады.