Қазақстанның 17 медалі
Қазақстан боксшысы Данияр Елеусінов 69 килограмм салмақ дәрежесі бойынша Рио олимпиадасының чемпионы атанды. Ол финалда өзбекстандық Шахрам Гиясовты жеңді.
200 метрге жүзуден Дмитрий Баландин күтпеген жерден олимпиада чемпионы атанды. Ол финалға соңғы спортшы болып ілінген. Бұл - Қазақстанның жүзуден олимпиадада алған алғашқы медалі.
Әзербайжаннан келген ауыр атлет Нижат Рахимов 77 килограмм салмақ дәрежесі бойынша әлем рекордын жаңартып, Рио олимпиадасының чемпионы атанды.
Дзюдодан әлем және Азия чемпионы Елдос Сметов (60 килограмм) күміс медаль иеленді. Ол финалда ресейлік Беслан Мудрановтан жеңілді.
Ауыр атлетикадан Жазира Жаппарқұл (әйелдер арасында, 69 килограмм) күміс медаль алды. Ол 2013 және 2015 жылдары өткен әлем чемпионатында да күміс иеленген.
Бокстан Василий Левит (91 килограмм) финалда төрешілер шешімімен ресейлік Евгений Тищенкодан жеңіліп, күміс жүлде алды. Бірақ финалдан кейін жанкүйерлер мен бокс мамандары төрешілер шешімін сынады. Кейін Халықаралық әуесқой бокс федерациясы Левит-Тищенко кездесуінде төрелік еткен үш судьяны жарыстан шеттетті. Бірақ кездесу нәтижесі өзгерген жоқ.
Бокстан Әділбек Ниязымбетов (81 килограмм) финалда кубалық Хулио Сезар Ла Крузден жеңілді. Ниязымбетов екінші рет олимпиадада күміс алып отыр.
38 жастағы Гюзель Манюрова әйелдер күресінен 75 килограмда олимпиада күмісін алды. Ол финалда канадалық Эрика Уибеден жеңілді. Манюрова Лондон олимпиадасында қола иеленген.
Моңғолиядан келген дзюдошы Галбадрах Отгонцэцэг (оң жақта бірінші) қолаға таласта кубалық Даярис Местрені жеңді.
Элмира Сыздықова әйелдер күресінен 69 килограмм салмақ дәрежесінде қола медаль иеленді. Ол шешуші белдесуде египеттік Энас Мостафаны жеңді.
Әйелдер күресінен Екатерина Ларионова да қола жүлдегер атанды. Ол қолаға таласта 2012 жылғы әлем чемпионы Елена Пирожкованы (АҚШ) жеңді.
Лондон олимпидасында үш қарғып секіруден чемпион атанған Ольга Рыпакова Риода қола жүлде иеленді.
Ауыр атлет Карина Горичева әйелдер арасындағы 63 килограмм салмақ дәрежесінде қола жүлде алды. Ол олимпиада чемпионы қытайлық Дэнг Вэйден 19 килограмм аз көтерді.
2010 жылы Қазақстанға Қытайдан келген ауыр атлет Фархад Харки ерлер арасында 62 килограмм салмақ дәрежесінде үздік үштікке еніп, қола жүлде тағынды. Олимпиада чемпионы колумбиялық Оскар Фигуэро одан 13 килограмм артық көтерді.
Ауыр атлетикадан 2015 жылы Хьюстондағы (АҚШ) әлем чемпионатында 105 килограмм салмақ дәрежесінде алтын алған ауыр атлет Александр Зайчиков қоланы қанағат тұтты. Бұл салмақта олимпиадаға Илья Ильин бару керек еді. Бірақ оның Пекин мен Лондон ойындарындағы допинг сынамаларынан тыйым салынған препараттар табылып, уақытша жарыстан шеттетілген. Ильин бұл жарысты трибунадан тамашалады.
Бокстан Иван Дычко (ауыр салмақ, +91) Рио олимпиадасында қола жүлде иеленді. Ол Лондонда да осы жүлдені алған.
Әйелдер боксынан Дариға Шәкімова (75 килограмм) да қола жүлдегер атанды. Дәл осы салмақта Лондонда қазақстандық Марина Вольнова да үшінші болған. Екеуі де жартылай финалда Кларесса Шилдстен (АҚШ) жеңілді.