Борышкерлер ұйымы «БТА ипотекамен» тілдесе алмады

«Халыққа баспана қалдырайық» ұйымының белсенділері БТА Банк ғимаратының алдында наразылық танытып тұр. Алматы, 24 мамыр 2011 жыл.

Бүгін Павлодарда пәтерінен күштеп шығару кезінде банк борышкерінің бірінің ұлы 10 қабат үйден құлап өлді. Борышкерлер «БТА ипотекадан» тұрғындарды күштеп көшіруді тоқтатуды талап етті.

«Халыққа баспана қалдырайық» ұйымы өкілдерінің айтуынша, Павлодардағы оқиға мамырдың 24-ы күні түскі сағат 13 шамасында Бірінші мамыр көшесінде болған.

15 АДАМ, 4 БӨЛМЕ ЖӘНЕ ИПОТЕКА

Сот орындаушылары банкке қарыз азаматтың үйіне келіп, пәтерді босатуын талап етіп, есігін бұзбақ болған екен. Осыған қарсылық ретінде борышкерлердің бірінің баласы, 38 жастағы Марат Нұркенов 10 қабатты тұрғын үйден секіріп, мерт болыпты.

«Республика» газетінің жазуынша, Нұркеновтер әулетінің 15 адамы 4 бөлмелі пәтерде тұрған. «БТА Ипотека» 600 мың теңге (шамамен 4200
Павлодарда борышкер тұрғындарды пәтерлерінен шығару кезінде Марат Нұркенов қарсылық танытып, үйдің төбесінен секіріп кетті. Павлодар, 24 мамыр 2011 жыл. (Сурет http://respublika-kaz.info сайтынан алынды).

АҚШ доллары) қарыздарын төлемеген бұл отбасыны пәтерден шығармақ болған. Биыл наурыз айында бұл пәтер саудаға түсіп, 20 мың долларға сатылып кеткен екен.

Павлодарда ипотека бойынша борышкерлерді пәтерлерінен шығару мәселесі кешеден бері шиеленісіп тұр. «Халыққа баспанасын қалдырайық» қоғамдық бірлестігі белсенділері сот орындаушыларына қарсылық танытып, өздерін-өздері өртеулері мүмкін екендігін де ескертті.

Павлодарда бүгін түске дейін «Халыққа баспанасын қалдырайық» қоғамдық бірлестігі жергілікті ұйымының жетекшісі Елена Семенова тұтқындалды. Ол жақтастарымен бірге келіп, «БТА ипотека» компаниясының бастамасы бойынша көпбалалы екі отбасыны пәтерлерінен шығаруға кіріскен сот орындаушыларын тоқтатпақ болған. «Бірақ сот орындаушылары оған қарамай бір пәтерге бұзып кірді, Елена Семенованы тұтқындады» деп хабарлайды белсенділер.

«КІСІ ӨЛТІРУДІ ТОҚТАТЫҢДАР!»

«Халыққа баспана қалдырайық» қоғамдық бірлестігі Павлодардағы Марат Нұркеновтің өліміне байланысты 24 мамыр күні түстен кейін Алматыда, «БТА ипотека» компаниясы ғимаратының алдында наразылық акциясын өткізді.

Қолдарына «Балаларымыздан қолыңды тарт!», «Баспана мен өмірге қол сұқпаңдар!» деген жазуы бар плакаттар ұстаған ондаған борышкер банктен тұрғындардың жалғыз баспанасын күштеп тартып алуды тоқтатуын талап етті.

Олар «БТА» – кісі өлтіруші!» деп айғайлап, Павлодардағы оқиғаға байланысты банк өкілдерінен жауап күтетінін айтты. Бірақ банктен ешкім
«Халыққа баспана қалдырайық» ұйымының өкілі Сұлубике Жақсылықова. Алматы, 24 мамыр 2011 жыл.

шыққан жоқ.

– Кісі өлтіруді тоқтатыңдар! Банк күштеп шығаруын тоқтатпаса, мұндай суицидтер де жалғаса береді. Біз бәріміз де сендерге тыныштық бермейміз! Бізбен жасаған келісім-шарттарын қайта қарастырмайынша, алған бетімізден таймаймыз! – деді «Халыққа баспана қалдырайық» ұйымының өкілі Сұлубике Жақсылықова.

Наразы топты қоршаған полиция борышкерлердің акция өткізуге рұқсат алмағандарын айтып, тезірек тарауларын талап етіп еді:

– Суицидтің дәл бүгін болатынын кім білген? Сендер он күннің ішінде бірақ жауап бересіңдер! – деп, борышкерлердің бірі полицияға дүрсе қоя берді.

Полиция «Халыққа баспана қалдырайық» ұйымы белсенділерінің аттарын жеке-жеке жазып, протокол толтырып алды.

Банктен ешқандай жауап ала алмаған борышкерлер шамамен бір сағаттан кейін тарап кетті.