Алматы мешіттеріне бейнекамера орнатылып жатыр

Орталық мешіттің сыртына орнатылған бейнекамера. Алматы, 19 қыркүйек 2012 жыл.

ҚМДБ өкілдері бейнекамералар мұсылмандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді десе, құқық қорғаушылар бұл намаз оқитындарды бақылауға алудың бір тәсілі деп біледі.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) өкілі Оңғар Өмірбек бейнекамераларды қою мәжбүрліктен туған шара екенін айтады.

«САҚТАНСАҢ, САҚТАЙМЫН»

– Бесін, ақшам, құптан намаздары кезінде келген жамағат аяқ-киімдерін сыртқа қойып намазға кіреді. Сол кезде ұры-қарылар келіп, тәуірлеу, жаңа аяқ киімдерді ұрлап кетеді. Біраз жылдан бері бұл біздің бас ауруымызға айналды. Кейін тіпті күзетшілер қойып, оларды аңдып, ұстап та алдық. Полицияға берсек, оны ұсақ-түйек ұрлыққа жатқызады екен де, біраз уақыттан кейін босатып жібереді екен. Осыдан кейін техниканың жетістігін біз де пайдалануды жөн көрдік. «Сақтансаң, сақтаймын» деген Алла, – деді Оңғар Өмірбек.

Орталық мешітке орнатылған ішкі бейнекамералардың бірі. Алматы, 19 қыркүйек 2012 жыл.

Оның сөзінше, бұл мәселе айтыла бастаған соң «қала әкімшілігі бастама көтеріп, Алматы орталық мешітіне демеуші тауып, өздері бірнеше камера қойғызып берген».

– Ал енді қаладағы 31 мешіттің 15-і өзінің қаржыларына немесе демеушілер тауып камералар орнатты. Қалғандары да мүмкіндігіне қарай орнататын шығар. Себебі ол науқан емес, қажеттіліктен туындап отыр, – деді Оңғар Өмірбек.

ҚМДБ өкілінің айтуынша, әр мешітте орнатылған камералардың ортақ басқару пульті болады. Оған мешіттен арнайы бір қызметкер бөлініп, бақылауға алады.

– Бейнетаспа жаңартылып тұрады. Бірақ бір жағдай болса, ұрлық не басқа да оқиға болса, бейнетаспа қаралады, – деді ол.

Оның сөзінше, бұл істен ешқандай астар іздеудің қажеті жоқ, бұл тек «намазхандардың қауіпсіздігі үшін» қолға алынған шара.

«ШЫН СЕБЕБІН» ЖАСЫРМАУҒА ШАҚЫРУ

Қазақстан мұсылмандар одағының төрағасы Мұрат Телібековтің ойынша, имамдар «жалған сөйлемегені дұрыс».

– Имамдар қулыққа барып отыр. Меніңше, бұл шара ұлттық қауіпсіздік комитеті мен қалалық әкімшіліктің ұсынысымен елдегі діни қоғамды

Орталық мешіттің екінші қабатынан уағыз тыңдап отырған жігіт. Алматы, 15 тамыз 2012 жыл.

бақылауға алу үшін жасалынып отыр. Өкінішке қарай, мешіттерде белгілі бір дәрежеде күдік туғызатын азаматтар көптеп жиналатындығын да мойындауымыз керек. Мұны имамдар да біледі. Сондықтан себебін ашығымен айтқанда тұрған ешнәрсе жоқ, – деді Телібеков.

Бірақ ол бұл шараны құптайтынын айтты.

– Себебі дәл қазір мешіттер – террористік актілерді ұйымдастыруға ең қолайлы жер. Адамдар әсіресе, жұма намаздарында көп жиналады. «Мешіт – Қазақстандағы болашақта болуы мүмкін жарылыстарға таптырмас нысана» деп ойлаймын. Оның үстіне біздің мешіттерде төтенше жағдай бола қалғанда қосымша шығатын есік жоқ, вентиляция жүйесі дұрыс емес, – деді Мұрат Телібеков.

АХУАЛДЫ ЖАН-ЖАҚТЫ БАҚЫЛАУ

Қазақстандағы адам құқықтары бюросының қызметкері Андрей Гришин бұл шараны жақсылыққа баламайды.

– Қанша орынды себеп айтқанымен, бұл іс жақсы емес. Адамдарда жеке өміріне қатысты құқығы бар. Оның ішінде саяси және діни көзқарасын құпияда ұстау құқығы да бар. Бұл жағдайда өзінің діни көзқарасын жария еткісі келмейтіндердің құқығы бұзылатындығы сөзсіз, – дейді құқық қорғаушы.

Оның айтуынша, бейнекамералар жамағаттың қауіпсіздігі үшін емес, елдегі

Президент Назарбаевтың айт күні Орталық мешітке келер сәтінде мешіт алдында тұрған қауіпсіздік қызметкері. Aлматы, 16 қараша 2010 жыл..

ахуалды жан-жақты бақылауға алуға тырысқан биліктің көздеген мақсаты үшін орнатылуы мүмкін.

– Қазір билік мүмкіндігінше елдегі ахуалды жан-жақты бақылауға алуға тырысып жатыр. Террористік қауіптің де бар екенін естен шығармайды. Сондықтан мешіттерге кімдер баратынын қадағалау үшін, сақалдары ұзынырақ немесе киімдері өзгешелеу киінгендерді бақылауда ұстау мақсатында бейнекамералар қажет болып тұр, – дейді Андрей Гришин.

Алматы қаласының ішкі істер басқармасының баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек «бұл бастамаға департаменттің еш қатысы жоқ» екенін, «мешіттердің өз бастамалары» екенін айтты.