Әке мен баланың және қарағаштың шөлмен күресі

Катерина Суворованың «Ертеңгі теңіз» («Завтра море») фильміндегі қария.

Алматыда қазақстандық режиссер Катерина Суворованың «Ертеңгі теңіз» («Завтра море») толық метражды деректі фильмі прокатқа шықты. Фильм Арал теңізінің жұрнақтары қалған немесе суы мүлде тартылып кеткен жерде тұратын адамдар туралы баяндайды.

Кесілген қол-аяқтың орнында фантомдық ауырсыну сезімі болатыны жақсы белгілі. Жарақат бітіп кеткен, бірақ орны әлі сырқырайтын секілді көрінеді. Кейінгі ондаған жылдар бойы су ресурстарын ысыраппен пайдалану кесірінен су көлемінің 90 пайызынан, айдын бетінің төрттен бір бөлігінен айырылған Арал теңізі қазір Үлкен және Кіші Аралға бөлініп кеткен. Бірақ Арал аймағында тұратын адамдар баспанасынан талай километрге алыстап кеткен теңізді әлі жоқтайды. Бұл – жанның фантомдық сезінулері. Әлгі ауырсыну сезімдері Катерина Суворованың «Ертеңгі теңіз» деректі фильмі кейіпкерлерінен де сезіледі.

Фильм оқиғасы Арал теңізінен әлдебір жұрнақ қалған немесе сортаңға айналған жерлерде өрбиді. Бұл Аралды құтқару жөніндегі мемлекеттік және мемлекетаралық бағдарламалар немесе әлгі бағдарламаларды іске асыру жайы туралы фильм емес, өзге проблемасы да көп аймақта тұрып жатқан адамдардың тағдыры арқылы баяндау.

АДАМ ТАҒДЫРЫ

Фильмдегі Аралдың қамын күйттеген немесе теңіз есебінен күнелтетін адамдар туралы бірер сөз.

Осы аймақта туып-өскен гидролог бойжеткен. Ол талай рет өзге аймаққа көшіп кетуге тырысқанымен, Арал қаласына қайтып оралады. Енді ол туысымен бірге бұрынғы теңіздің орнына үнемі барып, зертханада зерттеу үшін топырақ сынамасын алады.

Катерина Суворованың «Ертеңгі теңіз» («Завтра море») фильмінен көрініс.

СССР күйрегеннен кейін тартылып кеткен теңіз жағасына бақша дақылдарын, қарағаш егіп жүрген 80 жастағы зейнеткер. Ол Аралдың тұзды суы келетін суландыру жүйесін өз қолымен жасаған. Жыл сайын сортаңның бір бөлігін кеміктеп жаңа жүйек қосады. Ақсақал ұлдарым көмектесер деп үміттенген. Бірақ олардың біреуі ғана ара-тұра көмекке келеді, бірақ әкесінің бұл тірлігінің мәнісін онша түсінбейді.

Фильмде балықшылар бригадасы мен темір-терсек жинаушыларға өткізу үшін шөл даланың ортасында тұрған кемелерді заңсыз бұзып әкетіп жүрген бір топ адамның күнделікті тыныс-тіршілгі де көрсетілген.

Фон ретінде Арал қаласы да көрсетіледі. Мысалы, кезекті Теңіз күнін мерекелеу қарсаңында көркем өнерпаздардың алаңдағы дайындығы. Бір кездері порт болған қаладан жағалауға дейінгі аралық қазір 20 шақты километр болғанымен, Арал қаласында бұл дәстүр әлі бар.

Автордың идеясы бойынша «Ертеңгі теңіз» фильмі әлдебір оптимизм шақырып, көңілде үміт оятуы тиіс сияқты. Бұл оның атауынан ғана емес, Аралдың шайқалған толқыны да көрсетілетін соңғы кадрлардан байқалады.

Фильм кейіпкерлерінің тұрмысы, сырт келбеті, ойлары мен іс-әрекеті қаз-қалпында көрінген. «Ертеңгі теңіз» фильмін әзірше Алматыдағы «Арман» кинотеатрында ғана көруге болады. «Қазақфильм» киностудиясы өкілінің айтуынша, қазір фильмді өзге кинотеатрларда көрсету қамы қарастырылып жатыр.

АРАЛ ЖАЙЛЫ ФИЛЬМДЕР – ЕРЕКШЕ ЖАНР

«Ертең теңіз» фильмі – неміс мамандарымен бірлескен өнім. Ол алты жыл түсірілген. Катерина Суворова «Ертеңгі теңіз» фильмін түсіру үшін Robert Bosch Stiftung неміс қорының Film Prize for International Cooperation грантын 2010 жылы жеңіп алған. Алматыдағы премьераға қатысқан бизнесмен Шыңғыс Құлжанов Қазақстан жағынан қаржылай қолдау көрсеткен.

Фильмнің демеушісі Шыңғыс Құлжанов (оң жақта). Алматы, 17 қараша 2016 жыл.

– 1980 жылдары Арал жайлы деректі фильмдерді көргенмін. Бір дүниені қайталап айта бергеннен әдетте жұрт мезі болады. Бірақ өзге көзқараспен, өзге перспективамен жеткізілген нәрсе қоғамды серпілтуге көмектеседі деп үміттенемін. Қоғам экологиялық мәселелерге белсендірек араласуы тиіс, өзіміз де белсенді болуға тиіспіз. Өз күшімен іс тындырып жүрген кейіпкерлерді көрсетіп, өнеге ету керек, – дейді Шыңғыс Құлжанов Азаттыққа.

«Ертеңгі теңіз» фильмі Локарнода (Швейцария) өткен кинофестивальге қатысқан. Бұдан бөлек Чехия мен Тәжікстандағы кинофестивальдерге де қатысқан. Желтоқсан айында оны Санкт-Петербургте өтетін «Артдокфкест» кинофестивалінде көрсетуі тиіс. Фестиваль президенті, ресейлік режиссер-документалист Виталий Манский Катерина Суворованың конкурс бағдарламасына енген фильмі жайлы Мeduza сайтында пікір жазған. Виталий Манский «Ертеңгі теңіз» фильмінен ирландтық және әлем әдебиетінің классигі Самуэль Беккеттің сюрреалистік сюжеттерімен, Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кеме» повесінің поэтикасымен, италиялық режиссер Антонионидің «Мамандығы – тілші» фильмімен үндес тұстарды байқаған. «Бұл фильм визуалды мазмұнға өте бай, сондықтан қазақстандық кинематограф үшін серпіліс болары сөзсіз» деп жазады ресейлік киндокументалист Мeduza сайтында.

Фильм режиссері Катерина Суворова (оң жақта). Алматы, 17 қараша 2016 жыл.

«Үйлесімділік сабақтары» фильміндегі операторлық жұмысы үшін 2013 жылы Берлин кинофестивалінің «Күміс аю» жүлдесін алған кинематографист Әзиз Жамбақиев те «Ертеңгі теңіз» фильмінің алматылық премьерасына қатысты.

– Бұл маған үлкен жаңалық болды. Фильм әлдебір экологиялық өзекті проблема жайлы емес. Бүкіл фильм бойы біз адамдардың тағдырын бақылап отырдық, меніңше, киноны ерекше етіп тұрған – осы. Әлгі кейіпкерлердің тағдыры арқылы адамның жігер-қайратынан күшті ештеңе жоқ екеніне тағы көзіміз жетті. Фильмдегі ең басты месседж осы болса керек. Оны түрлі образдармен де бекіте түскен. Мен үшін шынайы түсірілген кино деп атауға лайықты фильм көп деңгейлілігімен анықталады. Ал мына фильм сондай көп деңгейлі, – дейді фильмнен алған әсерлерімен бөліскен ол.

«Ертеңгі теңіз» фильмін биыл тамызда Локарно кинофестивалінде алғаш көрсеткен. Алматыдағы премьера қарашаның 17-сінде үшінші Clique Fest тәуелсіз кинофестиваль аясында өтті. Ертеректе (қарашаның 6-сы күні) оны Арал қаласындағы мәдениет үйінде көрсеткен.