Каддафидің қазасы Қазақстанға кеш жетті

Ливия астанасында Муаммар Қаддафидің қазасы қуанышты хабар болып естілді. Триполи, 20 қазан 2011 жыл

Сарапшылардың ойынша, Муаммар Каддафидің өлімі мен араб елдеріндегі революциялардың қазақстандық ақпарат құралдарында сараң айтылуының әр түрлі себебі бар.

Ливияның тақтан қуылған президенті Муаммар Каддафидің өлгенін әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары (БАҚ) жарыса жазып жатыр. Тақта 42 жыл бойы тапжылмай отырған Ливия басшысының өлімі жайлы жазбаларда «экс-диктатор», «тиран» сияқты эпитеттер жиі кездеседі. Мысалы, британдық «Daily Mail» басылымы тарихтағы өз ажалымен өлмеген диктаторлар тізімін жасап, оның қатарына Муаммар Каддафиді де кіргізеді.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ БАҚ

Муаммар Каддафидің өлімі бейсенбі күні кешке қарай белгілі болды. Бірақ қазақстандық БАҚ мұны бейсенбі күні де, жұма күні де елеусіз, қатардағы тақырып, жаңалық ретінде қысқа ғана айтып өте шықты.

«Алаш айнасы» газеті қазанның 21-і күні Каддафидің өліміне сенер-сенбесін айтқан шағын анонс берді. Ал «Егемен Қазақстан», «Айқын» газеттерінің жұма күнгі сандарында ол туралы бір ауыз сөз жоқ.

«Қазақстан» ұлттық телеарнасы бейсенбі күні «әлемнің басты жаңалығы – Каддафидің өлімі» деп хабарласа да, оның не себепті атылғаны, ереуілшілердің не үшін күрескені көрермендерге түсініксіз күйде қалды.

Ал «Хабар» арнасында жұма күні шыққан сюжет бұл оқиғаны біршама таратып айтты.

«Соңғы ондаған жылдардағы ең оғаш саясаткерлердің бірі Муаммар Каддафидің өлімі туралы ақпарат Ливияда төңкеріс басталғаннан соң тоғыз айдан кейін барып жарияланды. Муаммар Каддафи Ливияны 42 жыл бойы басқарып, басқа араб басшыларының бәрінен ұзақ отырды. Ол сондай-ақ – араб елдерінде етек жайған араб көктемі революциясынан қаза тапқан алғашқы басшы. Ақпан айында басталған көтеріліс пен НАТО-ның араласуы Ливия тарихының тағы бір кезеңін аяқтады» деп хабарлады «Хабар» телеарнасы.

«АСА КӨҢІЛДІ ТАҚЫРЫП ЕМЕС»

Сарапшылардың пікірінше, қазақстандық ақпарат құралдарының бұл тақырыпты сараң баяндауының бірнеше себептері бар.

Саясаткер Досмұханбет Көшімнің пікірінше, «араб әлемінде болып жатқан жайттар Қазақстан президентіне тікелей тиетіндіктен» мемлекеттік БАҚ ол елдердегі жайттарды баяндауға құлықсыз.

– Бір елді 30-40 жыл басқарғаннан кейін аяқ жағында шыдамның таусылатыны, бәрібір белгілі бір өзгеріс керек екені анық. Соған байланысты (ереуілге) шыққан деген уақытта Қазақстанмен белгілі бір параллель жүретін сияқты, – дейді Досмұханбет Көшім.

«Мемлекеттік ақпарат құралдары диктатордың өлімін басқа планетада болып жатқан оқиға сияқты баяндайды» дейді тәуелсіз журналист Қасым

Журналист Қасым Аманжолұлы. 2010 жыл.

Аманжолұлы. Оның айтуынша, «тек Муаммар Каддафи туралы ғана емес, жалпы араб әлемінде болып жатқан төңкерістер күнделігі – Қазақстан президенті үшін, билік үшін «аса көңілді тақырып емес».

– Қазақстан да дәл сол араб елдері, дәл сол Муаммар Каддафидің режимі тәрізді өзіндік ерекшелігі бар, авторитарлы режим орнаған мемлекет. Сондықтан өзімен рухтас режимдер құлаған кезде, диктаторлардың талқаны таусылып, олар өмірден көшіп, биліктен айрылып жатқан кезде біздің биліктің де инстинкті оянып, мұндай мәселелерді мүмкіндігінше аз көрсетуге тырысады. Ақорда маңындағы саясаттанушылардың «онсыз да ел ішін кезіп жүрген революция елесін күшейтпейік» деген сияқты түсіндірулері бар шығар, – дейді Қасым Аманжолұлы.

Саясаттанушы Расул Жұмалы бұл жайтты қазақстандық БАҚ-тың халықаралық жаңалықтардан шет қалғанымен байланыстырды.

Ал оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышәлин мұның себебін кәсіби деңгейі жоғары мамандардың жоқтығынан көреді.

– Өз бетінше халықаралық деңгейде талдау-сараптама жасайтын мамандар жоқтың қасы ғой, – дейді Жасарал Қуанышәлин.

«ЖИЫРМА ЖЫЛ КЕРЕК»

Сарапшылардың пікірінше, араб елдеріндегі жағдайлар міндетті түрде Орталық Азия аймағына, соның ішінде Қазақстанға да әсерін тигізеді.

Саясаткер Досмұханбет Көшімнің пікірінше, кейбір елдердегідей «интернет арқылы бірігіп, диктаторға қарсы күресу» құбылысы Қазақстанда

Саясаткер Досмұханбет Көшім. Алматы, 19 қазан 2011 жыл.

қайталануы үшін әлі 15-20 жыл керек.

Оның ойынша, «ел тұрғындарының интернетпен қамтылу деңгейі төмен».

Араб елдеріндегі революцияның «сыртқы күштер көмегімен жасанды түрде жүзеге асып жатқанын» айтқан Досмұханбет Көшім «бұл сценарий Қазақстанда да қайталануы ғажап емес» деп есептейді.

– Себебі Батыс елдеріне, әсіресе АҚШ-қа мұнай керек, шикізат керек. Сондай кездерде, менің ойымша, арнайы белгіленген бағдарлама жасалып, белгілі бір оппозицияны қолдан жасап, сол арқылы оларды лақтырып тастау және оларға өздерінің қарулы күштерімен көмектесуі сияқты сценарий кейінірек Қазақстан мемлекетінде қайталануы әбден мүмкін деп ойлаймын, – дейді Досмұханбет Көшім.