Тәтішевті "тапсырыспен өлтіру" ісін "тапсырыс" деп санайды

"ТұранӘлем" банкінің бұрынғы басшысы Ержан Тәтішевтің зираты. Кеңсай-2, Алматы, мамыр, 2015 жыл.

Құқық қорғаушылар мен саясаткерлер "ТұранӘлем" банкінің тең қожайыны Ержан Тәтішевті қастандықпен өлтіру ісін қайта қараудың астарында саяси себеп бар деп санайды. Былтыр күзге дейін тергеушілер "аң аулап жүргенде болған жазатайым оқиға" санап келген банкирдің өлімін, арада 13 жыл өткенде, қазір шетелде тұратын әрі өзін Қазақстанның қазіргі президентінің бітіспес жауы деп атайтын бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовтің тапсырысы ретінде көрсетуге тырысып жатыр.

Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қазақстандық ірі банк - "ТұранӘлемді" басқарып тұрған Ержан Тәтішевті 2004 жылы өлтірді деп айыпталатын бизнесмен Мұратхан Тоқмәдидің соты басталды. Тоқмәдиді бұл айып бойынша бұрын соттап, 2007 жылы үкім шығарған, бірақ ол кезде банкирдің өлімін "аң аулап жүргенде болған жазатайым жағдай" деп атаған. Ал енді мұны 2009 жылдан бері шетелде тұратын әрі өзін Қазақстанның қазіргі президентінің саяси қарсыласы деп санайтын бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовтің "тапсырысы" ретінде көрсетуге тырысып жатыр.

"ӘБЛЯЗОВ ІСІН" ЖЕКЕ ҚАРАМАҚ

Мұратхан Тоқмәдидің адвокаты Анжелика Әжіғұлова (ол БТА банктің қаржысын жымқырды және қылмыстық топ құрды деген айыппен Алматыдағы процесте сырттай 20 жылға сотталған Мұхтар Әблязовтің мемлекет тағайындаған адвокаты болған) клиенті Мұратхан Тоқмәдиге Қылмыстық кодекстің 1997 жылғы редакциясындағы 96-баптың 2-бөлімінің "ж" және "з" тармақтары ("Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған, пайда табу мақсатымен, сол сияқты жалданып не қарақшылықпен, қорқытып алушылықпен не бандитизммен ұштасқан адам өлтіру") бойынша айып тағылғанын Азаттыққа растады. Сот актілері базасында бұл іс "жариялауға болмайтын жабық іс" деп көрсетілген. Адвокаты тергеу құпиясын жария етпеу туралы қолхат бердім деген уәжбен Тоқмәдидің ісі бойынша өзге ештеңе айтпады.

Мұратхан Тоқмәди (оң жақта) әйелі Жәмила Айымбетова-Тоқмәдимен бірге. (Азаттыққа Жәмила Айымбетова-Тоқмәди берген сурет)

"Оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов Тоқмәдидің ісі бойынша айыпталушы ма?" деген сұраққа Әжіғұлова "жоқ" деп жауап берді. Оның сөзінше, сотта әзірше "Тоқмәди ісі" ғана қаралып жатыр, ал "Мұхтар Әблязов ісін" жеке өндіріске бөліп тастаған әрі ол іс бойынша тергеу амалдары әлі аяқталмаған.

16 ақпанда ақпарат агенттіктері істі қараған алғашқы сот отырысында Мұратхан Тоқмәди "айыпты мойындайтынын мәлімдеді" деп хабарлады. Сотта прокурор айыптау актісін оқыған соң судья сотталушыдан "Кінәңізді мойындайсыз ба?" деп сұраған. Оған Тоқмәди "Иә" деп жауап берген.

"Казстройстекло" компаниясының бұрынғы иесі, жеті ай түрмеде отырған Мұратхан Тоқмәдиді былтыр қазанда Алматы соты 2000 жылдардың басында бопсалаумен айналысқан және заңсыз қару сақтаған деп айыптап, үш жылға соттаған. Мұның алдында билік бизнесменнің прокурормен "кінәсін мойындайтыны туралы" процессуалдық келісім жасасқанын мәлімдеген. 2017 жылы 12 маусымда Алматыда арнайы құрылымдардың операциясы кезінде ұсталған бизнесменнің туыстары мен жақтастары бұл айыптарды "ойдан құрастырылған айыптар" деп атаған. Үкім шыққаннан кейін көп ұзамай Мұратхан Тоқмәдиге жаңа айып – 13 жыл бұрын қасақана кісі өлтіру айыбы тағылған.

"ЖАҢАДАН АШЫЛҒАН ЖАЙТТАР БОЙЫНША"

"ТұранӘлем" банкі басқармасының төрағасы әрі банк акцияларының 20 пайызының иесі 37 жастағы Ержан Тәтішев 2004 жылғы желтоқсанның 19-ында қаза тапқан еді. 2017 жылғы күзге дейін билік "аңшылық кезінде жазатайым мерт болды" деген ресми болжам ұстанып келген. Оған сәйкес, Жамбыл облысындағы иен далада қасқыр қуған жол талғамайтын көліктің рулінде отырған Тәтішев артқы орында отырған Мұратхан Тоқмәдиге мылтықты бермек болған кезде қару кездейсоқ атылып кетіп, басынан оқ тиген Тәтішев сол жерде жан тәсілім еткен. Үш жылдан кейін Мұратхан Тоқмәдиге абайсызда кісі өлтіріп алғаны үшін бір жылға бас бостандығынан айыру және жазадан амнистия бойынша босату туралы сот үкімі шыққан.

"ТұранӘлем" банктің бұрынғы басшысы, 2004 жылы желтоқсанда қаза тапқан Ержан Тәтішев атындағы қоғамдық қордың сайтынан скриншот

Ержан Тәтішевтің қазасынан кейін "ТұранӘлем" банкі басшылығы қайғылы оқиғаның саяси астары жоқ әрі бәсекелестік тартыстың кесірі деп санамайтындарын бірден мәлімдеген. Ребрендингтен кейін БТА банк деп атала бастаған қаржы институты біраздан соң Тәтішевтің бизнес-серігі Мұхтар Әблязовтің бақылауына өтіп, ол банкті 2009 жылы мемлекет меншігіне алғанға дейін басқарған. Осылайша, Ержан Тәтішевтің өліміне қатысты істе нүкте қойылғандай болған.

Бірақ былтыр күзде "жаңадан ашылған жайттарға байланысты" билік Тоқмәдидің үкімінің күшін жойды. Істі қайта қарау жайттары Қазақстанға тән емес, яғни әдеттен тыс әрі өзгешелеу болып көрінеді. Қазанның аяғында республикалық телеарна эфирінде "Звали его Мурка" фильмі көрсетілді. Маусым айынан бері түрмеде отырған Мұратхан Тоқмәди әлгі фильмде көзін төмен салып, Ержан Тәтішевті қасақана – одан бір жарым жыл бұрын президенттің рақымшылығына ілігіп (Әблязовті саясатқа араласпайсың және бизнес саласында ғана жұмыс істейсің деген шартпен босатқан) түрмеден шыққан банктің тең қожайыны Мұхтар Әблязовтің тапсырысымен өлтіргенін айтты. Әлгі мәлімдемеден кейін прокуратура Тоқмәди үкімінің күшін жоюға негіздер бар деп мәлімдеген болатын.

Фильм эфирге шыққан соң Тоқмәдидің әйелі Жәмила Айымбетова-Тоқмәди Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында телеарнаны сотқа беретінін жазған. Бұған қоса, былтыр қазанның 26-сы қазан күні "Центр-1" сайтына "Оларға менің күйеуім емес, Мұхтар Әблязов керек" деген тақырыппен жарияланған сұхбат берген. Алайда қазір Жәмила Айымбетова-Тоқмәди күйеуіне тағылған Тәтішевті Әблязовтің тапсырысы бойынша өлтірді деген айыпқа қатысты комментарий беруден тартынып отыр. Ол Азаттыққа сот процесі аяқталған соң ғана комментарий бере алатынын айтты. Бірақ "Казстройстекло" компаниясы жұмыс істеп жатқанын әрі иесі әлі Мұратхан Тоқмәди екенін айтты.

МҰХТАР ӘБЛЯЗОВ: "БҰЛ БАРЫП ТҰРҒАН ӨТІРІК"

Өзін президент Нұрсұлтан Назарбаевтың және ол құрған билік режиімінің бітіспес қарсыласы ретінде атайтын Мұхтар Әблязов Азаттыққа арнайы берген комментариінде "кісі жалдап, банкир Ержан Тәтішевті өлтіруге тапсырыс берген" деген айыптар өзіне Назарбаевқа қарсы күресінің кезекті шиеленісіне байланысты тағылып отыр деп түсіндіреді. Әблязовтің айтуынша, Қазақстан билігі одан "Назарбаев режимін ауыстыру" мақсатымен "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ДВК) қозғалысын құрғаны үшін кек алғысы келеді. Әблязов ДВК қозғалысы құрылғаны туралы былтыр сәуірде Франция түрмесінен босап шыққан соң бірнеше айдан кейін жариялаған. Париж бұрынғы банкирді Мәскеу немесе Киевке де беруден бас тартқан соң ол түрмеден бостандыққа шыққан. Астана тәрізді олар да Әблязовті 2009 жылға қарай Ресей мен Украина ғана емес, Беларусь, Грузия, Армения, Қырғызстанда да желілерін құрған БТА банктің миллиардтаған қаржысын жымқырып, шетелге әкетуге қатысы бар деп айыптайды.

Францияда тұратын, өзін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси қарсыласы деп атайтын бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов. Париж, қараша, 2017 жыл

Билікті қолдайтын БАҚ-та жарияланған "Тәтішевті өлтіруді ұйымдастырғаны үшін ол Тоқмәдидің БТА банктен алған бірнеше миллион доллар несиесін төлеткізбей, жауып тастапты" деген ақпаратты Әблязов жоққа шығарады.

- Бұл барып тұрған өтірік, оны БТА банктің балансынан оңай тексеруге болады. Тоқмәди БТА банктен алған несиені өзге банктен несие алып жапқан. Бұл фактіні бұрмалау мүмкін емес. Банк үнемі халықаралық аудиттен өтіп тұрған, сондықтан тергеушілер қанша тырысқанымен, құжаттарды қолдан жасай алмайды, - дейді Мұхтар Әблязов.

Бұған қоса, Мұхтар Әблязов әйелі Алма Шалабаеваның офшорлық компанияларынан Тоқмәдиге ақша аударып отырған деп "Звали его Мурка" фильмінде жарияланған ақпаратты да теріске шығарады.

Мұхтар Әблязов БТА банктен қаржы жымқыру ісі бойынша тағылған айыптарды да жоққа шығарады, ал былтыр шыққан сырттай үкімнен (оны 20 жылға соттаған) кейін ол қазақстандық соттың қандай шешім қабылдағаны "маған бәрібір" деген.

13 ЖЫЛ БҰРЫНҒЫ ІСТІ НЕГЕ ЖАҢҒЫРТЫП ЖАТЫР? ПІКІРЛЕР

Билікте де жұмыс істеп, оппозицияда да болған 70 жастағы экономист Петр Своик Азаттық тілшісіне Ержан Тәтішевті "абайсызда" өлтіріп алуға қатысты жағдайдың өзі күдікті" дейді.

Петр Своик

- Бұл жағдайдағы кездейсоқтық деген элемент өте күдікті көрінеді. Шын мәнінде, солай болды ма, әлде жоқ па – белгісіз, бірақ мұнда әлдебір тапсырыс бары бәрібір байқалады. Шындығында қалай болғанын білмеймін, бірақ сотта қаралып қойған әлгі эпизодтың көп жылдан кейін қайта жаңғыруы мұнда әлдебір саясиландыру бар емес пе деген ойға жетелейді. Яғни екі эпизод та саясиландырылған. Ал саясиландырудың шын астары қандай екені осы қос саясиландыруға сіңіп, зым-зия жоқ болып кетеді. Біріншісінде де, екіншісінде де саяси астар бар болуы әбден мүмкін, - дейді Петр Своик.

2000-2005 жылдары Мұхтар Әблязовпен бірге "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ДВК) қозғалысы және оппозициялық партиялар жетекшісі болған оппозициялық саясаткер Ғалымжан Жақияновтың саяси серігі ретінде танылған, қазір өзін оппозициялық партия деп атайтын Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының саяси кеңесі президиумының жетекшісі Зәуреш Батталованың Азаттық тілшісіне айтуынша, Ержан Тәтішевтің өліміне қатысты істі қайта қараудың саяси астары бар.

Зәуреш Батталова

- Сонда бұл қалай болғаны, Ержан Тәтішев белгілі банкир, дүйім жұртқа танымал еді ғой, оны кім өлтіргенін сол кезде неге ашпаған. Сондықан қазір Тәтішевтің өліміне қатысты сұрақ туған кезде мұның әлдебір саяси астары бар деуден өзге ой тумайды, - дейді Зәуреш Батталова.

Кей сарапшылар банкир Ержан Тәтішевті өлтіруді қайта тексеруге байланысты "Әблязов ісін" қозғаудың қажеті жоқ деп санайды. Мысалы, сол кезде, яғни Тәтішевтің қазасына іле-шала жазған "көлемді мақаласын" "Навигатор" сайты жариялаған журналист Айгүл Омарова Азаттық тілшісіне осылай дейді. Бірақ, Айгүл Омарованың айтуынша, кейін әлгі мақаласын бір кісінің "Тәтішевтің қазасының себептері туралы тұжырымдарың кей дөкейлерге ұнамайды, сондықтан басыңды қатерге тігіп қайтесің" деген кеңесі бойынша алып тастауға тура келген.

Журналист Айгүл Омарова

Журналист Омарованың сөзінше, әлгі мақаланың сөзбе-сөз мазмұны оның есінде жоқ, бірақ жеке басының қауіпсіздігі үшін әлі күнге дейін сескенетіндігіне қарамастан, сол кезде жасаған тұжырымдарының растығына қазір де шүбә келтірмейді. Айгүл Омарованың болжамынша, ең басты тұжырым – банкир Ержан Тәтішевті өлтіруге Мұхтар Әблязовтің ешқандай қатысы жоқ. Омарованың пікірінше, Әблязов үшін Тәтішевтің көзін жоюдың ешқандай мәні жоқ болатын. Өйткені, Тәтішев Әблязовтің "оң қолы" әрі Әблязов үшін, бейнелей айтқанда, "алтын жұмыртқа табатын тауық" іспетті болған.

Ержан Тәтішевтің зираты. Кеңсай-2, Алматы, мамыр, 2015 жыл

Құқық қорғаушы әрі журналист Сергей Дуванов "Тоқмәди ісін" қарап жатқан сот процесінің басты нысанасы – Тоқмәди емес, Әблязов деп санайды.

- Әблязовті әшкерелейтін компромат "қазу" керек болды. [Билікке] қолындағы материалдан бөлек, Еуропаға кімді қорғаштап, кімді жасырып, кімді бермей отырғанын "көрсету" үшін оларға "адам қаны" бар іс қажет, - дейді Сергей Дуванов.

Бірақ, Дувановтың сөзінше, Қазақстандағы жағдайды – бұл елде адал, әділ және билікке тәуелсіз сот жоғын, адамды азаптау әдеттегі іс саналатынын, оны көбінесе тіпті жасырмайтынын немесе олақ бүркемелейтінін Еуропа жақсы біледі. Дуванов Әблязовтің ісін жеке өндіріске бөліп қарасын я қарамасын – ол өзге мәселе дейді.

Журналист, құқық қорғаушы Сергей Дуванов

- Істі жеке бөліп қарау үшін әуелі кінәсін күшпен мойындатып алу қажет болды. Оларға тапсырысты орындағаны үшін айыпты дегенді сот арқылы растатып алу қажет. Сот мұны растады, енді тапсырыс берушіні соттаймыз деп айту қажет. Мұның бәрі түсінікті жайт. Бірақ ең басты сұрақ – мына сотқа, мына тергеушілерге сенуге бола ма? Әрине, жоқ, - дейді Сергей Дуванов.

Ол өз пікірін Әблязовтің бейнесін қылмыскер ретінде көрсетуге тырысу үшін Қазақстан билігі қарадүрсін схеманы қолданып отыр деп түйіндеді.

Құқық қорғаушы Андрей Свиридов Қазақстан тіпті Әблязовті кісі өлтіруге тапсырыс берді деген айыппен соттаған күннің өзінде оны Астанаға беруі екіталай деп топшылайды.

Журналист Андрей Свиридов

- Мұның бәрі тым өтірік, тым жасанды болып көрінеді. "Фактілерді" қиюластырып жатқан әуелгі мақсаттың қандай екені тым айқын көрініп тұр. Көп жылға созылған мына көріністі ұйымдастырушылар көз алдымда тура қарама-қарсы нәтижеге "қол жеткізіп" жатыр, - дейді Андрей Свиридов.

Қазақстандық саясаттанушы, тәуекелдерді бағалау жөніндегі сарапшы Досым Сәтпаевтың Азаттыққа айтуынша, 13 жыл бұрын сот инстанцияларынан өткен қылмыстық істі саяси тұрғыдан жаңғырту билікке деген сенімді сұйылтады.

- Әблязов Франция түрмесінен босап шығып, Қазақстан билігіне қарсы ақпараттық соғыс жүргізе бастағаннан кейін билік ескі істерді ғана жаңғыртып жатпағанын байқап отырмыз. Әблязовке қарсы қосымша ақпарат беруі мүмкін қазақстандық бизнес-элитаның кей өкілдерінің түрмеге түсіп жатқанын көріп отырмыз. Бұл елдегі қазіргі сот жүйесіне деген сенімді кетіреді. Бұдан кез-келген сот шешімін әрдайым қайта қарап, ескі іс бойынша дұрыс шешім қабылданбапты деп айта салуға болады екен-ау деген ой туады ғой, - дейді Досым Сәтпаев.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев

Саясаттанушының сөзінше, егер Қазақстан билігі Батыс қудалауға ұшыраған тұлға деп санайтын Мұхтар Әблязовке қайткенде де "қол жеткізуге" қоймай тырысатын болса, өз беделіне орасан зиян келтіреді.

Азаттық Ержан Тәтішевтің отбасының банкирді өлтіру ісін қайта жаңғыртуға қатысты пікірін білуге тырысып көрген еді. Алматыдағы Ержан Тәтішев атындағы қоғамдық қор өкілдері Азаттыққа оның отбасы қазіргі жағдайға қатысты комментарий бергісі келмейді дегенді аңғартты.