Ақтөбеде көне дәуір жәдігерлері табылды
Ақтөбе қаласының маңындағы құрылыс карьерінен көне дәуірде өмір сүрген адам жерленген обадан металл мен бағалы тастардан жасалған ер-тұрман бұйымдары, батырдың бас киімін, белдігі мен қылышын сәндеген әшекейлер табылды.
Көне дәуір жәдігерлері Ақтөбе қаласынан 20 шақырым жердегі Қурайлы ауылына жақын маңдағы құрылысқа құм алатын карьерден табылған.
"Көне обадан табылған заттар - ғұн дәуірінен қалған мұра деп болжам жасап отырмыз" дейді Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Мейрам Дүйсенғали.
Көне обадан табылған ежелгі заманғы ер-тұрман қалдықтары.
Көне заманғы жәдігерлер табылған құрылыс карьері. Қурайлы ауылының маңы, Ақтөбе облысы, 5 маусым 2018 жыл.
Құрылысқа құм қазып алатын карьерде үш метрдей тереңдікте жатқан көне жәдігерлерді алғаш байқаған Қайрат Ысқақов: "Жүк тиегішпен биік жарды көсіп жіберіп едім, сүйектер шашылып түсті. Ауылда өскендіктен, мал сүйегі емес екенін бірден түсіндім" дейді.
Мамандар құрылыс карьерінен табылған бұл заттар ғұн дәуірінде өмір сүрген беделді адамның түймелері болуы мүмкін деген болжам айтады.
Ғұн дәуірінде өмір сүрген болуы ықтимал адамның қылышының сабын сәндеген әшекей. Музей қызметкері бұл көне заттың металл мен бағалы тастардан жасалғанын айтады. Ежелгі заманғы обадан табылған алтын, күміс, қола әшекейлердің бәрі осылай дайындалған дейді маман.
"Ғұн дәуіріне тиесілі" жәдігер табылған карьер.
Көне дәуір жәдігерлері табылған соң полиция қоршауға алып, мамандар зерттеп шыққан құрылыс карьері қазір қалыпты жұмыс режиміне көшкен. Ақтөбе облысы, 5 маусым 2018 жыл.