«БІРЛІК» БАСШЫЛАРЫ БЕЙХАБАР
Наурыздың 26-сында Қазақстан бойынша 466 сайлау учаскесінде жергілікті мәслихаттардағы бос орындарға депуат сайлауы өтті. Алматы облысы Қарасай ауданындағы сайлау учаскелерін аралаған Азатттық тілшісіне Райымбек ауылдық округіндегі №406 учаскелік сайлау комиссиясына «Бірлік» партиясының атынан қатысушы өзін «Нұр Отан» партиясының өкілімін деп таныстырды.
Your browser doesn’t support HTML5
ВИДЕО: "Нұр Отанның" мүшесі "Бірлікке" өкіл болған
Your browser doesn’t support HTML5
Азаттық тілшісі мәслихат сайлауы өткеннен кейін Қарасай аудандық сайлау комиссиясының төрағасынан, «Бірлік» партиясы мен өзге де саяси партиялардың жетекшілерінен бір партияның мүшесінің өзге партияның атынан сайлау комиссиясына мүше болуы заңға қаншалықты сай келетіні туралы сұрады.
Алматы облысы бойынша «Бірлік» партиясы филиалының жетекшісі Біржан Жанайдаров өзі басқаратын ұйымнан учаскелік сайлау комиссияларына ешкім ұсынылмағанын анық білетінін айтты. Ол бұл мәселені партияның жоғары басшыларынан анықтауға кеңес берді.
Азаттық тілшісі Қазақстанның «Бірлік» партиясы төрағасының орынбасары Төлеген Қуанышевқа хабарласты.
Басқа партияның мүшелері сайлау комиссиясының құрамына «Бірлік» партиясының атынан қатыса алмайды. Мысалы, «Ақ жол» партиясының мүшесі «Нұр Отан» партиясының атынан сайлау комиссиясының құрамында бола алмайды.Төлеген Қуанышев
- Республика бойынша сайлау комиссияларының барлығында «Бірлік» партиясының өкілдері бар. Олардың бәрі бірдей біздің партияның мүшесі емес, арасында біз сенім артқан, бірақ өзге партияға мүше емес адамдар бар. Басқа партияның мүшелері сайлау комиссиясының құрамына «Бірлік» партиясының атынан қатыса алмайды. Мысалы, «Ақ жол» партиясының мүшесі «Нұр Отан» партиясының атынан сайлау комиссиясының құрамында бола алмайды, - дейді ол.
Жексенбіде өткен мәслихат сайлауында Алматы облысы Қарасай ауданында сайлау комиссиясының мүшесі ретінде «Бірлік» партиясының атынан «Нұр Отан» партиясының мүшесі қатысқанын Азаттық тілшісінен естігенде Төлеген Қуанышев таңғалды.
- Олай болмайды, мүмкін емес. Біз әрбір аудан бойынша өз кандидаттарымызды ұсынғанбыз. Заң бойынша олай болуға тиісті емес сияқты. «Нұр Отан» партиясы мүшесінің біздің партияның орнында отыруы заңсыз сияқты көрінеді маған, - деді ол.
Төлеген Қуанышев бұл мәселені тереңірек білуі мүмкін деп «Бірлік» партиясы төрағасының тағы бір орынбасары Бауыржан Бөрібековпен хабарласуды өтінді. Бөрібеков жергілікті мәслихаттардағы бос орындарға депутат сайлауы болғанын естімегенін, сайлау комиссиясының құрамында «Бірлік» партиясының мүшелері бар-жоғын білмейтінін айтты. Ол мәселенің мән-жайын «Бірлік» партиясының Алматы облыстық филиалынан сұрауға кеңес берді.
«ЗАҢҒА ҚАЙШЫ ЕМЕС»
Қарасай аудандық сайлау комиссиясын 20 жылдан аса басқарып келе жатқан Махмұтбек Жұмағұлов «Бірлік» партиясының атынан «Нұр Отан» партиясы мүшесінің сайлау комиссиясына қатысуы сайлау туралы заңға қайшы келмейді дейді.
- Учаскелік сайлау комиссиясының жеті мүшесін аудандық мәслихат бекітеді. Әрбірінің құжатын прокуратура тексереді. Сондықтан олар кездейсоқ ауысып кете алмайды, - дейді ол.
Учаскелік сайлау комиссиясының жеті мүшесін аудандық мәслихат бекітеді. Әрбірінің құжатын прокуратура тексереді. Сондықтан олар кездейсоқ ауысып кете алмайды.Махмұтбек Жұмағұлов
Махмұтбек Жұмағұлов сайлау комиссиясы құрамында кездескен мұндай ерекшелікті «алыс ауылдарда сайлау комиссиясының құрамына сайлайтын адам жоқтығымен» түсіндіріп, мәселені Қарасай аудандық мәслихатының заңгері Баян Рымбаевадан сұрауды өтінді.
- «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» заңның 10-бабында «Әрбiр саяси партия тиiстi сайлау комиссиясының құрамына бiр кандидатура ұсынуға құқылы. Саяси партия сайлау комиссиясының құрамына осы саяси партияның мүшесi болып табылмайтын кандидатура ұсынуға құқылы» деп көрсетілген, - деді Баян Рымбаева Азаттыққа.
Оның түсіндіруінше, «бұл бап саяси партиялардың өзге партиялардың мүшесін сайлау комиссиясының құрамына ұсынуына тыйым салынбағанын» білдіреді.
Ұқсас тақырып: Сайлау комиссиясындағы «партия мүшелері»
«КОМИССИЯЛАР ӘКІМДІК ТІЗІМІМЕН БЕКІТІЛГЕН»
2014 жылы сайлау комиссияларының мүшелерін бекіткен кезде «Жалпыұлттық социал-демократиялық партия өкілдері қабылданбады» деп бірнеше рет мәлімдеп, сотқа да жүгінген аталған партия жетекшісі Жармахан Тұяқбай мәслихат заңгері Баян Рымбаеваның уәжін жоққа шығармайды.
- Егер партия өзге партияның мүшесіне сенім артса, онда заңға қайшы емес. Бірақ ол адамды партияның өзі ұсынуы керек. Мәселен, «Бірлік» партиясы өз атынан сайлау комиссиясында «Нұр Отанның» мүшелері жұмыс істейтінін біле ме екен? Билікке жақын партия болғандықтан олар әкімдік берген тізімге мөр басып жіберуі де мүмкін, - дейді ол.
Жармахан Тұяқбай 2014 жылы сайлау комиссияларын қайта сайлағанда Жалпыұлтттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) 10 мыңнан астам сайлау комиссиясына 8 мыңға жуық өкіл ұсынғанын, бірақ билік оның біреуін де өткізбегенін айтады.
- Сайлау туралы заң талабы бойынша, сайлау комиссияларының мүшелерін партиялар ұсынуы тиіс. Қазіргі сайлау комиссияларының құрамындағы жеті мүшесінің бірі ретінде біздің партиямыз автоматты түрде кіруі тиіс еді. Өйткені, Қазақстандағы саяси партиялар алтау ғана болатын. Ал қазір партияларды жергілікті әкімдік тізімімен мәслихат депутаттары бекіте салады, - дейді ЖСДП төрағасы Жармахан Тұяқбай.
Орталық сайлау комиссиясының ресми мәліметі бойынша, наурыздың 26-сы күні Қазақстан бойынша жергілікті мәслихаттардың шығып қалған 57 депутаттың орнына 12 облыстық, 9 қалалық және 36 аудандық мәслихат депутаты сайланған. Оңтүстік Қазақстан облысындағы 11-сайлау округі бойынша облыстық мәслихаттың шығып қалған депутатының орнына өтетін сайлау кейінге қалдырылған. «Сайлау науқаны сайлау заңнамасы нормаларының талаптарына сәйкес өтті» делінген ОСК ресми ақпаратында. Алматы облысы Қарасай ауданында жергілікті мәслихат сайлауына дауыс беруге сайлаушылардың 97,7 пайызы қатысқаны хабарланды.
Қазақстанның «Сайлау туралы» заңына сәйкес, сайлау комиссияларын саяси партиялар ұсыныстары негізінде мәслихаттар сайлайды. Қазақстанда 2014 жылы жасақталған сайлау комиссиялары 2019 жылға дейін жұмыс істейді.