Назарбаев билікті мұрагерге қалдырмауға уәде етті

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (ортада), қызы Дариға Назарбаева (сол жақта), парламент депутаты Қуаныш Сұлтанов (оң жақта). Астана, 27 сәуір 2015 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Bloomberg агенттігіне сұхбатында экономикалық дағдарыстан соң үкіметтің «жұмсағырақ» жүйеге көшу жоспары барын айтқан. Баспасөз Астананы Назарбаевтың құрметіне атау ұсынысына қатысты пікірлерді де жазған.

КЕЗЕКТІ БАСТАМА

Америкалық Washington Post газетіндегі «Қолында бәрі бар автократқа Астананы оның есімімен атаудан өзге не беруге болады?» деген мақалада Қазақстан парламентінің ел астанасын Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне атау ұсынысы жөнінде жазған. Мұндай кезекті бастама көтеруге Қазақстан тәуелсіздігінің жақындап келе жатқан 25 жылдық мерейтойы түрткі болған.

«Reuters агенттігі 76 жастағы басшының кейінгі жылдары өзін дәріптеген бастамаларға бейілі артқан сыңайы байқалатыны туралы жазғанымен, Назарбаевтың әлгі шешімді құптары, я қарсы болары белгісіз (2008 жылы ол мұндай ұсыныстан бас тартқан). Қазірдің өзінде оның құрметіне бірнеше ескерткіш орнатылған, ал өткен аптада Қазақстан ұлттық банкі 1 желтоқсан - «Тұңғыш президент күні» деген атаумен белгілі ұлттық мереке күні Назарбаевтың портреті басылған банкнот айналымға алғаш шығатынын хабарлады» деп жазады Washington Post.

2015 жылы ол 98 пайызға жуық басым дауыспен қайта сайланды, бірақ сыншылар мұнайдан түсетін кірістің азаюы мен азаматтық наразылықтың жиілеуі болашақта оған проблема тудыруы мүмкін дейді.

Нұрсұлтан Назарбаевтың Астана атауын ауыстыруға қатысты пікірі туралы Азаттық бұған дейін жазған. Ол астана және өзге маңызды нысандарды Назарбаевтың есімін қосып атау бастамасына алғысын айтып, депутаттардан мұны өтінбегенін мәлімдеген. Назарбаев «әрине, адам ретінде маған ұнады» деп мәлімдегенімен, елді мекендер атауын өзгерту мәселесі «мемлекетке қажеттілігі әбден таразылап барып» шешіледі дейді.

«Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Назарбаевты көп сынағанымен, Қазақстанда ол ішінара әлі танымал сияқты, өйткені қазір оппозиция дейтіндей оппозиция қалған жоқ. 2015 жылы ол 98 пайызға жуық басым дауыспен қайта сайланды, бірақ сыншылар мұнайдан түсетін кірістің азаюы мен азаматтық наразылықтың жиілеуі болашақта оған проблема тудыруы мүмкін дейді» деп жазады Washington Post.

НАЗАРБАЕВ БИЛІКТІ МҰРАҒА ҚАЛДЫРУ ТУРАЛЫ

Сәрсенбі күні америкалық Bloomberg жаңалықтар агенттігі «Қазақстан президенті Назарбаев билікті отбасылық бизнеске айналдырмайтынын айтты» деген тақырыппен Нұрсұлтан Назарбаевтың сұхбатын жариялады. «Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев билікті балаларына табыстамайтынын айтты, бірақ бұрынғы Совет одағы елдері ішінде билікте ең ұзақ отырған басшы елді кейінгі 20 жылдағы ең ауыр экономикалық дағдарыс жайлаған тұста демократиялық реформаларды кешеуілдетіп отыр» деп жазады Bloomberg.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Bloomberg агенттігіне сұхбат беріп отыр. Астана, 22 қараша 2016 жыл.

Bloomberg агенттігі қарашаның 22-сінде Астанада жазылған видеосұхбатта Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Билікті балаларыма берейін деген жоспарым жоқ, біз бұл мәселені қарастырмаймыз. Біздің елде билікті табыстау процесі конституцияда жазылған. 2020 жылға дейін жұмыс істемек ойым бар. Бірақ 2020 жылы қайта кездесеміз» деп айтқан сөзін келтірген.

«Ол «жұмсағырақ» саяси жүйеге біртіндеп өту кезінде үкімет пен парламентке көбірек билік беруді жоспарлағанымен, ол «дағдарыс кезеңінде бізге президенттік билік вертикалінен бас тарту керек деп [ойламайтынын айтты]» деп жазады агенттік. «Бізге дағдарысты еңсеріп, өзге де талай мәселелермен айналысу керек» деген Назарбаевтың сөзін келтірген Bloomberg.

«Өте маңызды бір жайтты - америкалық құндылықтарды бүкіл әлемге таратудың қажеті жоқ. Батыс елдерімен бәріміздің достық қарым-қатынаста болғанымыз, айталық, Ресей мен өзге елдер үшін – ең жақсы демократияландыру» деген Назарбаев АҚШ президенттігіне жаңадан сайланған Дональд Трампты мақтаған.

Артық өндіруді қысқартуды көздеген ОПЕК елдері арасында бәтуаластық белгілері байқалып, Ресей мұнай өндірісін шектеуді қолдауға ыңғай білдірген тұста Назарбаев «Мұнай бағасын тұрақтандыру мен қымбаттатуға көмектесуге бәрі мүдделі» деп мәлімдеген. Дональд Трамптың АҚШ-тың ішкі өнеркәсібін жандандыру және инфрақұрылымға жұмсалатын шығынды арттыру жоспарына байланысты металл бағасы да «күрт қымбаттауы» тиіс. «Бізге керегі де осы. Мен келесі жылдан бастап келешектен жамандық емес, жақсылық болады деп үміттенемін» деген Нұрсұлтан Назарбаев Bloomberg агенттігіне сұхбатында.