Батыс Қазақстан облысындағы Қаберовтар жақында егіз балалы болды. Мүгедек ерлі-зайыптылар отбасындағы төрт жан мемлекеттен айына алатын 35 мың теңгеге өмір сүріп жатыр.
Ақпанның 15-і күні Орал қаласының шетіндегі Деркөл ауылындағы Жанар мен Аманжол Қаберовтер дүниеге келген егіз ұл-қыздарын қазақы салт-дәстүрмен қырқынан шығарды. Қос сәбидің құлағына азан шақырып, Аружан мен Иманжан деп ат қойды.
ҚОС КЕМБАҒАЛ ОТБАСЫНДАҒЫ ЕГІЗ БӨБЕК
Егіз баланы қырқынан шығаруға жиналған туған-туыстары Аружан мен Иманжанның уілін, іңгәсін естіп мәз-мәйрам болып жатыр. Егіздердің әке-шешесі де қуанып жүр. Тек Жанар мен Аманжол балаларының дауыстарын ести алмайды, олармен сөйлесе алмайды. Ерлі-зайыптылардың екеуі де - туғандарынан тіл-құлақтан айырылған кембағал жандар.
Аманжол мен Жанар 2008 жылы табысып, шаңырақ көтерген. Аманжолдың көзі де нашар көреді. Ол – екінші топтағы, ал Жанар – үшінші топтағы мүгедек. Мемлекет Аманжолға ай сайын 20 мың теңге, Жанарға 15 теңге жәрдемақы төлейді. Екеуінің жұмыстары да, баспаналары да жоқ.
Аманжол мен Жанар Орал қаласында пәтер жалдап тұрыпты. Бірақ егіздер дүниеге келген соң үкіметтен алатын 35 мың теңге (шамамен 240 доллар) жәрдемақылары балалардың жаялығы мен тамағынан аспай қалған. Сөйтіп Қаберовтер отбасы Орал маңындағы Деркөл ауылында тұратын Аманжолдың нағашыларын паналапты. Қазір аядай үйде 4 отбасы – барлығы 12 жан тұрып жатыр.
– Аманжол мен Жанар естімеген соң түнде балалардың жылағанын байқамайды. Сондықтан олардың қасында бір кісі болуы керек, – дейді Аманжолдың апасы Мәнсия Батырова.
Аманжолдың анасы Айша Қаберованың жасы 81-де, Орал қаласында бір бөлмелі пәтерде тұрады. Қос немересін қырқынан шығаруға ол кісінің өзі де келді.
Иманжан мен Аружанға азан айтып, ат қою
Your browser doesn’t support HTML5
БАСПАНА МҰҢЫ
Жергілікті билік орындарының дерегі бойынша, қазіргі кезде Орал қаласында пәтер кезегінде І және ІІ топтағы 715 мүгедек тұр. Былтыр осындай 6 отбасы ғана баспаналы болыпты. Ал Қаберовтерге ондай қуаныш қашан бұйыратынын Орал қалалық тұрғын үй және жекешелендіру бөлімінің қызметкерлері де тап басып айта алмайды.
– Қаберовтер қазір қалалық әкімдікте 497-орында тұр. Жыл сайын он шақты адамға пәтер береміз. Кезек біртіндеп жылжып келеді, – деді Орал қалалық тұрғын үй және жекешелендіру бөлімінің бас маманы Динара Досымова Азаттық тілшісіне.
Мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығының Орал қаласындағы
Аманжол Қаберов (оң жақта) егіз баласы қырқынан шыққан күні. Деркөл ауылы, Батыс Қазақстан облысы, 15 ақпан 2011 жыл.
бөлімшесі берген анықтама бойынша, дүниеге келген әр балаға мемлекет ай сайын 11340 теңге төлейді. Яғни, егіз бала болса – 22680 теңге төленеді.Сонымен бірге бала дүниеге келгенде берілетін біржолғы жәрдемақы көлемі – 45680 теңге. Демек, Иманжан мен Аружанға 91160 теңге төленуі тиіс.
Егіздерге тиесілі жәрдемақыны Қаберовтер әлі алмапты.
Әйтсе де отағасы Аманжол қуанып жүр. Ендігі арманы – егізінің аман-есен аяқтанып кеткені.
Аманжол апасы арқылы ымдап: "Жанар екеуміз бірінші баламыз шетінеп кеткенде "енді бала бола ма" деп қатты уайымдадық. Қазір қуаныштымыз, бір емес егіз бала – бір ұл, бір қызымыз бар. Аллаға шүкір!" – дегенді жеткізді.