«Баладан бас тартсам, отбасымды масқарадан құтқарамын» деп ойлайды жас қыз

Балалар үйі. (Көрнекі сурет)

Көбінесе алыс ауылдардан келген жас қыздар ақшасы жоқтықтан, ұят санағандықтан некесіз туған балаларын тастап кетеді. Сол қыздардың біреуінің айтуынша, қыздар жүктіліктен сақтанудың жолдарын білмейтін көрінеді. Тастанды ауру балаларды шетелдіктер асырап алады.

48 жастағы Жәмила К. мен күйеуі 7 жасар ұл тәрбиелеп отыр. Бұл баланы екі апталық кезінде туған анасы тастап кеткен екен.

«Ауылдың жас қызы баладан бас тартты, күйеуі болмағандықтан оны өсіргісі келмеді» деді бізге. Кішкентай сәбиді бірден жақсы көріп кеттік. Күйеуім жөргек жууға, тамақ істеуге көмектесті. Бақытқа жеткендей болдық дейді әйел.

ҚЫЗ БАЛА АЛУ КЕЗЕГІ

– Өткен жылы жаңа туған қыз баланы асырап аламақ болдық, – дейді Жәмила Азаттық радиосына. Бұл үшін ол шалғайдағы аудан орталығынан сонау Ақтөбеге жол тартқан.

– Біраз құжаттар жинадым. Осыншама әуре-сарсаңды біз баладан бас тартсын деп әдейі жасайтын сияқты. Мен үмітімді үзе бастадым. Осының барлығын оңайлатып, бізге жағдай жасауға болмай ма? Жетімдердің аз болғанына мемлекет те мүдделі емес пе? – дейді Жәмилә К.

– Ұлым өткен жылдан бері қарындасын күтіп жүр. Оған ең әдемі ойыншықтарын да дайындап қойды, – дейді Жәмилә.

«Үміт» балалар үйі бас дәрігерінің орынбасары Гүлнәр Төлебаева «қазіргі жаңа туған тастандылар – кілең ұл балалар» деді Азаттық радиосына.

– Қазір бізде 130 бала бар. Олардың 45-і мүгедек. Бұл балалар сал, олигофрения, жақ аурулары, Даун сырқатымен ауырады. Қыздар аяғының ауырлығын жасырады, ішімдік ішіп, есірткіні, уытты заттарды пайдаланады. Тастанды сәбилердің көпшілігі – қазақтың балалары. Қазір бізде карантин
Бөбектер үйінің ішкі көрінісі. 26 қараша 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
жарияланған. Иә, Жәмилә К. 2010 жылдың қазан айының соңынан бері кезекте тұр. Әзірге жаңа туған қыз балалар түскен жоқ, – дейді Гүлнәр Төлебаева.

«АТА-АНАМ МЕНІ ФЕРМАҒА ЖІБЕРДІ»

18 жастағы Нәзира М. шалғайдағы ауылдан Ақтөбеге келіп, колледжге оқуға түскен. Ол аяғының ауыр екенін төртінші айда бір-ақ білгенін айтады. Баланы алдыртып тастамақ болған, бірақ дәрігерлер «кеш екенін, енді оның қауіпті болатынын» айтқан.

– Оқуды тастадым. Туыстар мен көршілер менің масқараға ұшырағанымды білмесін деген оймен ата-анам мені фермаға жіберді. Фермада медицина қызметкерлері жоқ болатын. Жүкті кезімде жағдайым болмаған соң қалаға жақын маңдағы саяжайда тұрақтадым, – дейді Нәзира.

Нәзира қазір жұмысқа орналасқан, пәтер жалдап тұрады.

– Менің баламның денсаулығы жақсы болды. Көрші палатадағы әйелдің баласы босанған кезде шетінеп кетті. Ол екеуміз өзара келістік. Осылайша мен отбасымды масқарадан құтқарып қалдым, ата-анам да осыны жөн көрген, – дейді Нәзира.

Нәзираның айтуынша, алыс ауылдардан келген көптеген қыздар жүкті болып қалмау үшін қалай сақтанудың жолын білмейді. Тұрмысқа шықпай жатып некесіз бала табуға ата-анасының, туыстарының қырын қарайтындығы себепті олар баланы алдыртып тастайды.

БАЛАЛАРДЫ ШЕТЕЛДЕ ЕМДЕЙДІ

Ақтөбе қалалық білім басқармасы балалардың құқын қорғау жөніндегі сектор меңгерушісі Ақырыс Шағырова «тастанды сәбилердің арасында қазақ балалары өте көп» деді Азаттық радиосына.

– Негізінен жаңа туған сәбилерді шалғай ауылдардан келген жас аналар тастап кетеді. Бұған қаржылық қиындық, некесіз балаға деген көзқарастың қиғаштығы себепкер болады. Өткен жылы балалар үйлерінен жалпы саны
«Үміт» балалар үйінің ғимараты. Ақтөбе, 15 ақпан 2011 жыл.
70 баланы асырап алған. Олардың 12-сін шетел азаматтары асырап алды. Мерезбен, туберкулезбен, балалардың сал ауруымен ауыратын балаларды шетелдіктер асырап алады. Олар кейінірек жазылып кетеді, өйткені шетелде медицина бізге қарағанда жақсырақ дамыған емес пе, – дейді Ақырыс Шағырова.

Ақырыс Шағырованың айтуынша, жас кездерінде балаларын тастап кеткен әйелдер кейінірек, арада біраз уақыт өткен соң баласын іздей бастайтын көрінеді.

– Өткен жылы Шалқар ауданынан бір келіншек күйеуімен бірге келіп, көп жылдар бұрын тастап кеткен баласын қайтарып алмақ болды. Әйел ұзақ жылады, күйеуі де онымен бірге уайымдап, жұбатып отырды. Бірақ біз баланы асырап алу құпиясын аша алмаймыз. Мұндай оқиғалар көбейіп барады, – дейді Ақырыс Шағырова Азаттық радиосына.

Оның айтуынша, «Үміт» балалар үйінде шешелері аналық құқынан айрылған балалар тәрбиеленіп жатыр.

– Ішімдікке салынып, аналық құқынан айрылған 30 жастағы бір әйел бар. Өзі жиі екіқабат болып қалады. Оның алты баласын «Үміт» балалар үйіне орналастырдық. Өкінішке қарай, осындай ішімдікке салынған аналар барған сайын көбейіп жатыр, – дейді Ақырыс Шағырова.