Өскемен қаласындағы ОВ 156/1 тергеу изоляторында отырған айыпталушылардың туыстары «жақындарымыз қысымға ұшырап, аштық жариялап отыр» дейді. Қылмыстық атқару жүйесі департаменті мұны жоққа шығарады.
Айыпталушылардың туыстары жақындарының амандығына көз жеткізу үшін изоляторға барғанда түрме әкімшілігінің кіруге рұқсат бермегенін айтты. «Сотталушылар жазған арыз-шағым, хаттардың барлығын жойып, сыртқа жібермей отыр» деп шағымданды олар.
«18 АДАМ 9 КҮННЕН БЕРІ АШТЫҚ ЖАРИЯЛАП ЖАТЫР»
Азаттық радиосына сұхбат берген әйелдердің бірі (аты-жөнін атаудан бас тартты) наурыздың 5-і күні сол түрмеде жатқан күйеуімен кездескенін, оның аштық жарияламағанын, бірақ басқа тұтқындардың аштық жариялағанына тоғыз күн болғанын айтты.
– №5 камерада 18 адамның аштық ұстап жатқанына тоғыз күн болған. Олар режимнің қатаңдығына, адам құсап тамақ бермей отырғанына, медициналық көмек көрсетпей отырғанына наразы. Олар арыз жазса, бункерге қамап тастап, ұрып-соғады екен, – деді сұқбаттасымыз.
Оның айтуынша, тұтқындар «бұл жалғаса берсе, өзімізге қол жұмсаймыз» деген.
Ата-аналар қамаудағы жақындарының әртүрлі қысымға ұшырап отырғанын да айтады.
– ОВ 156/1 тергеу изоляторы қызметкерлерінің әрекеттері сотталушылардың ар-намысын қорлауға
Азаттық радиосына сұхбат берген ата-аналардың бірінің айтуынша, қазір Саят Қалиолғанов пен Азамат Кеңесбаев есімді тұтқындарды бункерге қамап тастаған.
Өскемен қаласының тұрғыны Сергей Беспалов та осы тергеу изоляторында отырған ұлының жағдайын біле алмай жүргенін айтты.
– Маған хабарласып, ертең бір топ ата-ана түрменің алдына жиналатынын айтты. Оған телеарнадан журналистер де келеді екен. Менің ұлыма үкім шыққан. Бірақ неге екені белгісіз, әлі күнге дейін оны колонияға жібермеген, – дейді Сергей Беспалов.
«ОНСЫЗ ДА ОРАЗА ЕМЕС ПЕ!»
«Балаларымыз аштық жариялап жатыр» деген ата-аналар бұған дейін құқық қорғаушылар мен «Нұр Отан» партиясының облыстық бөлімшесіне көмек сұрап барған екен.
Құқық қорғаушылар тергеу изоляторына кірмек болғанмен, рұқсат ала алмапты. Ал «Нұр Отан» өкілдері «жергілікті әкімге арыз жазуға» кеңес берген.
– «Әкімнің қолы бос емес» дегеннен кейін біз әкімге әлі хабарласқан жоқпыз. Облыстық прокуратураға, қылмыстық атқару жүйесі департаментіне бардық. «Аштық жарияласа не бопты? Қазір онсыз да ораза (пост) емес пе!» деп күліп, намысымызға тиді де қойды, – дейді ата-аналардың бірі.
«ОНЫҢ БӘРІ – ӨТІРІК»
Біз бұл мәселеге орай наурыздың 5-і күні Өскемендегі ОВ 156/1 тергеу изоляторына хабарласқанымызда, қабылдау бөлмесінде отырған хатшы қыз тергеу изоляторының бастығы Асхат Көжебаевтың жиналысқа кеткенін айтты.
Ал Шығыс Қазақстан облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметінің өкілі Еркін Қасымов ата-аналардың шағымын жоққа шығарды.
Оның айтуынша, өткен аптаның жұма күні осы шағым бойынша облыстық арнайы прокурор мен үкіметтік емес ұйым өкілдері тергеу изоляторына барып, тексеріп, «жағдайдың қалыпты екеніне көздерін жеткізіп кеткен».
Ондағы сотталушылардың тамақтары жақсы, жатқан жерлерінде жылу бар, ыстық-суық су бар. Барлық жағдай жасалған.
– Прокурор біздің үстімізден қарайды ғой. Олар көріп, тексеріп кеткен. Бәрі қалыпты. Ешкім аштық жариялап жатқан жоқ. Оның бәрі – лақап, өтірік. Ондағы сотталушылардың тамақтары жақсы, жатқан жерлерінде жылу бар, ыстық-суық су бар. Барлық жағдай жасалған, – деді Еркін Қасымов.
Одан тергеу изоляторына қандай үкіметтік емес ұйым өкілдерінің барғанын сұрағанымызда, есінде қалмағанын айтып, кейін хабарласуымызды өтінді.