Арқанкергенге барған бірнеше ата-ана ауруханаға түскен

Жарқын Саринова (ортада) ұлы Қамбарды жоқтап тұр. Ақтөбе қаласы, 9 маусым 2012 жыл.

Ақтөбелік шекарашылардың ата-аналары ұлдары қаза тапты деп сипатталатын шекара бекетінен келгесін сұрақтары көбейіп, күдіктері күшейе түскенін айтты.

«Біз ұлдарымызды Челахтың өлтіргеніне сенбейміз!». Арқанкергенде қаза болған ақтөбелік екі шекарашы Әли Мақсұтов пен Қамбар Ағанастың әкелері осылай дейді. Шекараға барып, күлі ғана қалған бекетті көзімен көріп келген Әли Мақсұтовтың әкесі Ізтұрған Сейсенов Арқанкерген сапарынан соң, ресми мәлімдемеге қатысты күдігінің тіпті күшейе түскенін айтты.

- Ақиқат айтылмайынша тыншымаймын. Шекарашылардың ата-аналары бірлесіп Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жолдамақшымыз. Біздің талабымыз - әділ тергеу, - деді өлген шекарашының әкесі Азаттық тілшісіне.

- Жан беру оңай деп кім айтты? Пышаққа ілінерде мал екеш мал да тұяғын серпіп қалады. Челах жалғыз өзі оқ жаудырып, қалған сарбаздар ажалын тосып жатты деген ертегіге ешкім де сенбейді! - дейді Қамбар Ағанастың әкесі Асқар Саринов.

«ӘСКЕРИЛЕР БІЗДІ ШИПАЖАЙҒА ОРНАЛАСТЫРДЫ»

Асқар Саринов денсаулығына байланысты Арқанкергенге бара алмағанын айтты. Қамбардың қаза болған жерін Асқар Сариновтың қарындасы Анар мен жұбайы Жарқын көріп келген екен.

- Арқанкерген сапарынан соң әйелімнің денсаулығы күрт нашарлап кетті, - деді ол.

Шекарашы Қамбар Ағанасты жерлеу рәсімі. Ақтөбе қаласы, 9 маусым 2012 жыл.


Ұлдары қаза болды деп сипатталған жерді өз көздерімен көрген соң, ақтөбелік шекарашылар Әли Мақсұтов пен Қамбар Ағанастың аналары Ақтөбеге жете алмай, жолай ауруханаға түскен. Туыстарының айтуынша, олар қазір Алматыдағы ҰҚК-не қарасты әскери госпитальдердің бірінде ем алып жатыр.

Азаттықтың тілшісі тамыздың 2-сі күні Алматы қаласында ем алып жатқан Әли Мақсұтовтың анасы Айгүл Сейсеноваға қоңырау шалған болатын. Тұтқаның ар жағынан сырқатын ауырсынғандай қинала шыққан дауыс мазаламауды өтінді.

Ақтөбе облысындағы Ойыл аудандық ветеринариялық зертханасының лаборанты Айгүл Сейсенованың қатты күйзеліп жүргенін әріптестері де растап отыр. Нәзира есімді әріптесі телефонмен берген сұхбатында:

- Айгүл 50 күннен бері дұрыс тамақ ішкен жоқ. Қан қысымы да тұрақсыз. Оның қайғысын ешкімнің басына бермесін, - деді.

Айгүл Сейсенованың жұбайы Ізтұрған Сейсенов Арқанкерген сапарынан соң, «үш күн бойы көз іле алмай, қара судан басқа нәр татпағанын» айтты. Қазір ұлының қаруласы Қамбар Ағанастың әкесі Асқар Саринов екеуі Ақтөбедегі шипажайлардың бірінде. «Шипажайға әскерилер әкеп орналастырды» деді Ізтұрған Сейсенов.

«ЗАСТАВАДАҒЫ БАСШЫЛАР НЕГЕ АУЫСЫП КЕТКЕН?»

- Күретамырыма дәрі құйғалы бері жақсарып келемін. Бірақ әйелімнің жағдайына алаңдаймын. Жүрегі ауыратын. Қан қысымы жиі көтеріледі. Әли қаза болғалы ауырмай отыратын күні жоқ. Ол аз болса, әскери госпитальдегі дәрігерлер бауырына операция жасау керек депті. Арқанкергенге сан мың сауалмен барған едім. Бір де біреуіне жауап таппай қайттым. Заставадағы басшылардың барлығы ауысып кеткен. Істің ақ-қарасы анықталмайынша, олар неге үн-түнсіз жұмыстан кетіп қалады? Қызыл қырғынның жауабын кімнен сұраймыз? - деді Ізтұрған Сейсенов.

Шекарашы Қамбар Ағанасты жерлеу рәсімі. Ақтөбе қаласы, 9 маусым 2012 жыл.


Әли Мақсұтов Ақтөбе облысы Ойыл ауданының тұрғыны Ізтұрған мен Айгүл Сейсеновтердің ортаншы ұлы болатын.

- Баламмен ең соңғы рет мамырдың 12-сі күні сөйлескенмін. Телефонмен амандығын айтты. Ауылға жолдаған хаттарында да үнемі «жағдайым жақсы» дейтін. Қаралы хабарды естіп, маусымның 3-і күні Астанаға барғанымда маған сот-медициналық сараптамасынан өткен нөмірі 3-пакетті көрсетті. Ішінде мойын омыртқа мен бел омыртқаның бір бөлігі ғана бар. Апталдай азаматтан қалғаны сол ғана. Мәйітін көріп, көңілім суымағандықтан, ұлымның қазасына әлі сене алар емеспін, - деді қара жамылған әке.

«ЖАУЫЗДАРДЫҢ ЖАЗАСЫН БІР АЛЛА БЕРЕР»

Қаза болған шекарашылардың бірі капитан Алтынбек Кереевтің жұбайы Райхан Табылдиева үйлену тойынан соң, 2010 жылғы тамыз айынан қазан айының соңына дейін күйеуімен бірге Арқанкергендегі бекетте болғанын айтады.

- Офицерлер мен солдаттардың арасында алауыздық болды деп айта алмаймын. Керісінше, олар бір үйдің балаларындай тату болатын. Ақылға сыймайды... Не де болса, сотты күтеміз. Жауыздардың жазасын бір Алла берер, - деді жесір келіншек. Оның Арсен атты ұлы бір жастан енді асқан.
Не де болса, сотты күтеміз. Жауыздардың жазасын бір Алла берер.

Капитан Кереевтің отбасы қазір Батыс Қазақстан облысының Тасқала ауданында тұрып жатыр. Райхан да жуырда өзге ата-аналармен бірге Алтынбекпен аз күн бірге болған Арқанкергенге барып, дұға қылып қайтты.

«ГЕНЕРАЛДАРДЫҢ ДЕМАЛЫС ҮЙІ»

Ізтұрған Сейсеновтің айтуынша, Арқанкергендегі шекарашылардың күлге айналған қонысы сол қалпында жатыр. Бірақ, қоршаулы. Қазір атышулы бекетте әскерге келісім-шартпен алынған азаматтар қызмет етіп жатыр.

Шекарашының әкесі Арқанкергендегі өртенген үйшіктен 100 метрдей жердегі жайлы қоныс ата-аналардың назарына бірден іліккенін айтты. Өздерін қарсы алған әскерилердің бірі Ізтұрған Сейсеновке асханасы, моншасы бар ол үйдің генералдардың демалыс орны болғанын айтқан.

- Қазіргі генералдардың көпшілігі әскерге совет үкіметінің тұсында қабылданған. Кәсіби мерекелерін де ескі дағды бойынша сол совет заманындағыдай мамырдың 28-і күні тойлайды. «Тойдың соңы топалаңға ұласқан жоқ па екен?» деген күдігім бар. Бірақ кім біліпті? Сұрақ көп. Жауап жоқ. Арқанкерген ақиқаты қай күні айтылар екен? – деді Ізтұрған Сейсенов.
«Тойдың соңы топалаңға ұласқан жоқ па екен?» деген күдігім бар. Бірақ кім біліпті? Сұрақ көп. Жауап жоқ.

2012 жылы мамыр айының соңында Алматы облысында, Қазақстан-Қытай шекарасындағы Арқанкерген шекара постымен байланыс үзіліп қалды. Араға екі тәулік салып, мамырдың 30-ы күні бекеттен 15 адамның мәйіті табылды. Олардың 14-і - шекарашы, біреуі - қорықшы деп хабарланды. Ізінше тірі қалған жалғыз шекарашы Владислав Челахқа «15 адамды өлтірді» деген айып тағылды. Ал өткен аптада оның бұрынғы мойындау куәлік сөзінен бас тартқаны туралы хабар тарады.