Депутаттар жеке өмір құпиясына қатысты заң жобасын мақұлдағанымен, жеке өмір шекарасын анықтай алмады

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Қазақстан парламентінің ғимараты. Астана, наурыз, 2009 жыл.

Парламент депутаттары Қазақстан азаматтарының жеке өмірінің құпиялылығын сақтауға бағытталған заң жобасын талқылау барысында сөз еркіндігін біреулерді батылдандырып, енді біреулерді жындандыратын арақ сияқты ішімдікпен салыстырды.
Бүгін парламент мәжілісінің депутаттары Қазақстан азаматтарының жеке өмірін сыртқы қолсұғушылықтан қорғауға бағытталған заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Онда адамдардың жеке өмірінің құпиясын ашқандарға бес жылға дейін түрме жазасын беру көзделген. Мәжіліс депутаттары заңдағы өзгерістердің БАҚ өкілдеріне қатысы жоқ деп сендіргісі келеді.

Әділет министрлігі аяқ астынан жоғарыдағы заң жобасын парламентке ұсынуларын азаматтардың жеке өміріне қол сұғу фактілерінің жиілеп кеткендігімен түсіндіреді. Әділет вице-министрі Марат Бекетаевтың айтуынша, азаматтардың жеке өміріне қол сұғу дерегі бойынша, 2006 жылы екі қылмыстық іс қозғалса, 2008 жылы елуге тарта оқиға тіркелген. Мұны өте қауіпті деген ол тез арада жауапкершілікті күшейтуге тура келді деп түсіндірді мәжіліс депутаттарының алдында.

Әділет вице-министрі Марат Бекетаевтың өзі үстіміздегі жылы автокөлікті мас күйінде жүргізді делініп, көлік инспекторларына ұсталып, қоғам назарына іліккен болатын. Алайда, оның ісі сотқа жіберілгенімен, Астана соты нақты дәлел жоқ деп, істі кері қайтарған еді. Осы жайтты мысалға келтірген журналистердің бірі:

«Жоғары лауазымды шенеуніктің осындай іс-әрекеттерін жариялаған ақпарат құралының өкілі оның жеке өміріне қол сұққан болып табыла ма?!» деген сұрақ қойғанда заң жобасына жетекшілік еткен мәжіліс депутаты Рамазан Сарпеков «өзінен сұраңдар» деп, жауап беруден бас тартты.

Ал Әділет вице-министрінің өзі «Мемлекеттік қызмет туралы» заңда мемлекеттік шенеуніктердің қызметі жайында қандай ақпарат жариялы, не құпия болатындығы анық жазылған» деп қысқа қайырды.

Азаматтардың жеке өмірін қорғауға бағытталған заң жобасы бойынша, отбасылық өмір, телефон әңгімелері, жеке салымдары, жазысқан хаттарын жариялаушы қылмыскер ретінде жауапқа тартылып,бес жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

Ал жеке өмірдің шекарасы қай жерден басталып, қай жерде аяқталады? Қандай іс-әрекеттер құпия, немесе ашық болуы мүмкін?! Бұл сұраққа бірде-бір депутат мардымды жауап бере алмады.
Еркін сөз де арақ сияқты. Біреулерді қайраттандырады. Енді бірін жындандырады. Сол үшін де сөз бостандығына ерік беруге болмайды...


Мәжіліс депутаты Владимир Нехорошев техниканың дамып тұрған заманында кез келген адам жайында оның ұялы телефоны арқылы жан -жақты мәліметтер алып, оны басылымдарға сату қиын емес дегенді айтады. Ал сөз бостандығын алкоголдік ішімдікке теңейді.

- Еркін сөз де арақ сияқты. Біреулерді қайраттандырады. Енді бірін жындандырады. Сол үшін де сөз бостандығына ерік беруге болмайды, - дейді ол.

Аталмыш заң жобасы жеке өмір құпиясын жариялаушыға жазаны қатайтқанымен, керісінше заңды қадағалаушы органдардың құзыретін кеңейтіп отыр. Атап айтқанда, прокуратура орындары жедел іздестіру шарасын ұйымдастырып, телекоммуникация желілері мен пошта байланыс қызметтерінің жұмысына қадағалау жасай алады.

ТАЗА ЕКЕНДІГІҢДІ ҚОҒАМ АЛДЫНДА ӨЗІҢ ДӘЛЕЛДЕУІҢ КЕРЕК

Заң жобасы талқыланып жатқан кезде елдегі бірқатар сөз бостандығын қорғайтын ұйымдар алаңдаушылықтарын білдіріп, «тәуелсіз басылымдарға тағы бір тұсау болғалы жатыр, сыбайласқан жемқорлыққа қарсы күресте журналистік зерттеулерге кедергі келтіреді» деп дабыл қаққан-ды. Осыған орай Азаттық тілшісі заң жобасының жетекшісі Рамазан Сәрпековке бірқатар сұрақтар қойған еді.


-Сыбайласқан жемқорлыққа қарсы күресте мысалы, қалада салынған зәулім үйлердің қандай қаражатпен келгенін зерттеудің өзі қылмыс болып санала ма?

- Неге керемет салынған үйді көріп, ол тек шенеуніктердің үйлері деуіміз керек? Астананың төңірегін айналып көріңіз. Небір әдемі үйлерді көресіз. Соның 90 пайызын қарапайым адамдар салған. Біз қарапайым адамдарды қалтасы қалың, тұлғалы азаматтардан кем ұстамауымыз керек.

- Қазір интернет беттерінде жоғары лауазымды шенеуніктердің дауыстарына ұқсайтын телефон әңгімелері таралып жатыр. Оны жариялаушыларға осыған дейін қылмыстық іс қозғалған жоқ. Енді осы заң жобасынан кейін қылмыстық іс қозғалып, интернет иелері жауапқа тартылуы мүмкін бе?

- Оны өздері сол дауыстар біздікі емес деп, ақталуға әрекет жасамаса, онда оны мойындағандарының белгісі ғой. Президенттің өзі «мемлекеттік қызметте істегің келетін болса, саған қатысты жазылған жәйттерді өзің жоққа шығаруың керек. Қоғамның алдында таза екеніңе көздерін жеткізулерің керек. Егер дәлелдемесең, соны мойындағандығыңмен бірдей» деп айтты ғой. Енді олар өздері әрекет жасамаса, мүмкін жария болғаны өздеріне ұнайтын шығар.

Сәрсенбі күні Сенат депутаттары сондай-ақ "Жемқорлықпен күрес туралы" заңға да бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Оған сәйкес ендігі жерде жемқорлықпен күрес жүргізуге көмектесіп, заң бұзушылық фактілері туралы хабарлаған азаматтар ынталандырылатын болады.

Қазақстанда ақпарат алу еркіндігіне жаңа шектеулер президент Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевтің өзінің қолына заңсыз жолмен түскен телефон тыңдауларын және басқа да файлдарды біраз уақыттан бері интернетте ауық-ауық жариялап тұрған тұсында қарастырылып жатыр.