«Билікке көмекші партия» жетекшісі Серік Сұлтанғали

"Бірлік" саяси партиясының кезектен тыс 2-съезінде отырған Серік Сұлтанғали (ортада). Астана, 5 ақпан 2016 жыл.

Мәжіліс сайлауына түсіп жатқан «Бірлік» партиясы төрағасы Серік Сұлтанғали саясат сахнасында аса танымал емес. Кезінде екі партияның бірігуінен құрылған «Бірлік» сайлауға бар болғаны сегіз кандидат ұсынды.

Ақпанның 12-сі күні Орталық сайлау комиссиясы парламент мәжілісінің ерте сайлауына «Бірлік» партиясы ұсынған депутаттыққа үміткерлерді бекітті. 2013 жылы «Әділет» пен «Руханият» партияларының бірігуінен пайда болған «Бірлік» «53 мың мүшесінің» бар екеніне қарамастан депутаттыққа үміткер ретінде сегіз адам ғана ұсынды. Үміткерлердің басым бөлігі секілді партия жетекшісі Серік Сұлтанғали да көпшілікке аса танымал емес.

«ШАЙҚАМАЙТЫН» ПАРТИЯНЫҢ БАСШЫСЫ

63 жастағы Серік Сұлтанғалидің өмірбаянын қазіргі кезде Қазақстан саяси алаңында төбе көрсетіп жүрген партия жетекшілері немесе түрлі деңгейдегі шенеуніктердікімен салыстырғанда бір ғана айырмашылығымен көзге түседі. Ол - қарапайым сәулетші-құрылысшы ретінде бастаған еңбек жолын «ҚазТрансГаз» мекемесінде басшылық жасаумен аяқтағанға дейін саясатпен айналыспаған адам.

Алматы қалалық тұрғынүй департаменті жетекшісі, Алматы қаласы әкімінің орынбасары, «Айсель Қазақстан» жеке құрылыс компаниясының басшысы, «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы төрағасы, «ҚазТрансГаз» мекемесінің бас директоры болған ол 2013 жылдың ақпан айында бір демде «Руханият» партиясына жетекші болып шыға келді.

"Руханият" партиясының съезінде тұрған делегаттар. Алматы, 30 қараша 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Сол кезде «Руханиятқа» 20 жылдай басшылық жасаған Алтыншаш Жағанова сырттан келген ізбасарын партия мүшелеріне «өз ісіне шексіз берілген адам», «мен біздің партиямызды басқаруға нақ осындай адамның лайық екеніне сенімдімін» деп таныстырған.

Ал 2013 жылдың сәуір айында «Руханият» «Әділетпен» бірігіп, «Бірлік» партиясын құрды. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жақтасы әрі құрдасы марқұм Мақсұт Нәрікбаев 72 жасқа толған шағында яғни, 2012 жылы «басшылыққа озық ойлы жастарды тарту керек» деп өзі 10 жылдай басқарған «Әділет» партиясынан кетіп қалған болатын. Оның орнына қалған Төлеген Сыдықов көп кешікпей «Әділет» пен «Руханият» партияларына көп нәрсе ортақ: саяси мақсаттары мен міндеттері бірдей» деп бірігуге ұсыныс жасады.

«Әділет» пен «Руханият» бірігіп бір партия болғанға дейін де Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кез келген бастамасын қолдап келді. Ал Серік Сұлтанғали басшылыққа келіп «Бірлік» партиясы құрылғаннан кейін бұл үрдіс одан әрмен жалғаса түсті.

«​Бірлік»​ партиясының съезі (ақпанның 5-і күні түсірілген сюжет):

Your browser doesn’t support HTML5

"Бірлік": Шайқайтын сөз айтпаймыз

Партия жетекшісі ретінде ол белсенді әрекетімен немесе айрықша саяси мәлімдемесімен көзге түспесе де, президент жолдауларын қолдауға арналған Астанадағы жиындарға қатысып, биліктің бастамаларын жақтайтынын айтып жүрді.

Кезектен тыс мәжіліс сайлауына қатысты өткен құрылтайда ол өзі басқаратын саяси партияны «билікке көмекші», «қиындықты айтып елді шайқамайды» деп таныстырды. Бір қызығы – осы құрылтайда Серік Сұлтанғалидың залда партияның жақтаушысы ретінде отырған отыз шақты жасқа өзін таныстыруына тура келген.

«СОВЕТ ТЕАТРЛАРЫН ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ»

Серік Сұлтанғали өзінің айтуынша, кезінде мемлекеттік қызмет қумай, Алматы қаласы әкімі орынбасарлығынан ақша табу үшін өз еркімен құрылыс саласына кеткен. Алматыдағы опера және балет театры ғимаратына күрделі құрылыс жұмыстарын жүргізген үшін «Құрмет» орденін алған. Маңғыстаудағы Бекет ата мен президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туған жері ­Үшқоңыр (бұрынғы – Шамалған) елді-мекеніндегі мешітті салуға үлес қосқан. «Өмір жолым, абыройым бала-шағама жетеді» деген ол «немерелерінің болашағы үшін партияға келіп, шырылдап сөйлеп жүргенін», «ел тыныштығын сақтау қажеттігін» айтады.

Мен біздің партиямызды басқаруға нақ осындай адамның лайық екеніне сенімдімін.
Алтыншаш Жағанова.

«Бірлік» партиясының басшысы Серік Сұлтанғали өзі басқаратын партияны ауыл мәдениеті мен қоршаған орта жанашыры ретінде көрсетуге тырысады. Оның ойынша, «Бірліктің» басты міндеті - билікке көмектесу. Партия ретінде «Бірліктің» алға қойған мақсаттарының бірі­ Совет Одағы кезінде аудан орталықтарында ашылған халық театрларын қалпына келтіру.

Партия «Бірлік» атты жаңа атауымен және Серік Сұлтанғалидің төрағалығымен биыл бірінші рет парламент мәжілісінің ерте сайлауына қатысып отыр. Бұған дейін «Әділет» партиясы 2012 жылы өткен мәжіліс сайлауында 0,66% дауыс қана алып, парламентке өте алмаған. Ал «Руханият» партиясы 2012 жылы өткен мәжіліс сайлауына қатысқан жоқ.