Плацкарт вагон «үдемелі дамуға» ілесе алмай тұр

Your browser doesn’t support HTML5

ВИДЕО: Алматыдан Үштөбеге сапар.

Қазақстан премьер-министрі "Қазақстан темір жолы" (ҚТЖ) басшыларын плацкарт вагонмен саяхаттап көруге шақырғанмен әзірше тілек білдірген ешкім байқалмады. Сол аралықта Азаттық тілшісі жолға шықты.
Азаттық тілшісі «Алматы-1» теміржол бекетінің платформасына жеткенде нөпір халықтың ішінде пойызға шарасыз көз тастап, мүгедек арбасында отырған жігітті бірден байқады. Қазақстанның қоғамдық орындары мен вокзалдарында мүмкіндігі шектеулі адамдар жиі ұшыраса қоймайды. Мұндай жандардың белсенді өмір сүруіне, жиі саяхатқа шығуына көпшілік орындарда әлі жан-жақты жағдай жасалмаған. Вагонын іздеп табу үшін өзіне жәрдем бергісі келген тілшімен шүйіркелесе кеткен жігіттің аты Азамат екен. Арбаға таңылған Азамат «жол жүргенде қиналатынын, бірақ басқа қалалармен салыстырғанда Алматының айналайын боп қалатынын» айтты.

«Алматыдан пойызға отыру ыңғайлы ғой. Бірақ Қостанайда пойызға отыруым үшін кем дегенде екі жігіт вагонға көтеріп мінгізеді. Арбамен кіретін жағдай жасалмаған» деді ол.

ҚАРАҢҒЫ ВАГОНДАҒЫ САУДА МЕН ЕДЕН ЖУУ

Азаматпен қош айтысқан тілші өз пойызына асықты. «Алматы - Защита» бағытымен жүретін 352-пойыз кешкі 20.30-да орнынан қозғалды. Тілші мінген 4-вагонның іші Алматыдан шыққанда тастай қараңғы еді. Бір-бірімен соқтығысып, телефон жарығымен плацкарт ішіндегі орындарын іздеген жолаушылармен қатар «Арзан алма, мандарин алыңыздар» деп қайшыласқан саудагерлер вагонның ішін одан әрі тарылтып жіберді.

«Алматы - Защита» бағытымен жүретін 352-пойыздың жарығы жоқ плацкарт вагонында отырған жолаушылар. 26 қаңтар 2014 жыл.

Жолаушылар жайғасып болмай жатып қызметіне кіріскен еден жуушының әрекеті де көзге оғаш көрінді. «Жарық жанған соң жууға болмай ма?» деген сауалдар жауапсыз қалды.

Азаттық тілшісіне жарты сағат кешігіп барып жанған жарықтың себебін жолсеріктер «пойыздың жарық беру жүйесі әлі толық қуаттанбай жатыр» деп түсіндірді.

Ала жаздай Алматыда жалдамалы жұмыс істеп, нәпақа тапқанын, енді үйіне қайтып бара жатқанын айтқан аягөздік Қайрат «Шығысқа жүретін пойыздардың ішіндегі ең бір сорлысы осы – Защита» дейді.

«Жүргенінен тұрғаны көп, жол бойындағы «товарныйларға» (жүк пойыздары – ред.) дейін жол беріп, тоқтап тұрады. Жететін жеріңе жеткенше шашың ағарып кетеді» деді ренішпен.

Қайраттың айтқан сөзін айғақтайын дегендей жүріп келе жатқан пойыз да әр жерге бір аялдап, қарсы кезіккен жүк пойыздары өтіп кеткенше тоқтай берді.

ТЕЛЕФОН ЗАРЯДТАУ МАШАҚАТЫ

Совет Одағы кезінде темір жолмен жолаушы тасымалдаудың арзан түрі саналған плацкарт вагондарда әр жолаушының жеке кеңістігі болмайды. 6 орындық 9 шартты бөліктен тұратын вагонға мінгендердің жартысы жоғарғы, яғни қабырғаға ілінген төсектерге жайғасады. Төменгі төсектегі жолаушы ояу болса, я төсек-орнын жинап қойса ғана жоғарыдағы адам түсіп отыра алады. Бірақ көп жағдайда төменгі төсек бұйырған жолаушылар орындарын вагонға артық мінген адамдармен бөлісіп, отырып жол жүруге де мәжбүр болады. Орын тимегенде жүк қоятын үшінші жұқа қабатқа да шығып кететіндер жиі кездеседі.

«Алматы - Защита» жолаушылар пойызының плацкарт вагонындағы істемейтін радио қабылдағыш. Алматы, 26 қаңтар 2014 жыл.

Еуропада мүлдем дерлік кездеспейтін бұл вагон түрі кейбір ТМД елдерінде әлі ең көп орын сатылатын көлік түріне жатады. Ал Азаттық тілшісі мінген, «Қазақстан темір жолы» компаниясына қарайтын пойыздың көне вагонына жеңіл-желпі жөндеу жасалғаны байқалады. Алайда желдеткіш, розетка мен радиоқабылдағыштар мүлдем істемейді.

«Телефонымды зарядтап алайыншы» деп өтініш айтқан сапарласымыз Қайратқа жолсерік: «Көрші вагонға бар. Бізде жоқ» деп жауап берді.

Қайратпен бірге көрші вагонға ілесе барған Азаттық тілшісі телефон зарядтап алудың қосымша ақылы қызмет түріне айналып кеткеніне куә болды. Әуелі «бір сағат телефон зарядтау 200 теңге екенін айтқан» жолсерік журналиспен сөйлесіп тұрғанын білген соң «бізде де розетка істемейді, өз вагоныңа бар» деп басын ала қашты.

Пойыз 300 шақырым жерді алты жарым сағатта жүріп өтіп, Үштөбеге таңғы сағат 04.00-де жетті.

«ЖАҚСЫ ВАГОННЫҢ БӘРІ – АСТАНАҒА»

Азаттық тілшісі Үштөбеден Алматыға қайтар жолда «Семей-Қызылорда» бағытындағы 21-пойызға мінді. Алматыға алты сағатта жеткен пойыз жылдамырақ жүргенімен вагондарының 352-пойыздан айырмашылығы шамалы. Ішіндегі мақтасы түйдектелген матрацты, едендегі ескірген линолеумді, есік ашылған сайын қолқаны қабатын дәретхана иісін жолаушылар қалыпты құбылыс санайды.

Жолаушылардың таңғы ұйқысын «Сыра, минерал су аламыз» деген саудагер әйел мен «Алматыға таядық, жүкші керек пе» деген еңгезердей еркектің гүрілдеген дауысы оятты. Плацкарт вагонның және бір ерекшелігі - сырттан кірген түрлі қызмет ұсынушы адамдар еш ыңғайсызданбастан дәліздің екі жағында жатқан жолаушыларды түртіп оятып, айғайлай сөйлеп, жарнамасын айта береді. Мазалары қашқан жолаушылар осындай кездері «спальный», я «купейный» вагонға билет ала алмағанына өкініп жатады.

Үштөбе темір жол станциясы. 26 қаңтар 2014 жыл.

Азаттық тілшісі жол үстінде вагондарды аралап, жолсеріктерді әңгімеге тартып көрді. Төсек орын таратып, шайдың суын ысытып жүретін жолсеріктердің бұрынғыдай емес, әңгімелесуден барынша қашқақтайтыны байқалады. Қызметтері туралы мүлдем ештеңе айтпауға тырысады.

Құрбан есімді жігіт жолсерік болып қызмет етіп жүргеніне 24 жыл толғанын айтады. Тозығы жеткен плацкарттың ішін көзімен бір сүзіп:

«Аймақтық бағыттарға Алматы мен Астанадан қалған кәкір-шүкір вагондар келеді. Оны өзіміз жақсылап жөндеп аламыз» дейді ол.

«Мүгедек жолаушылардың жүріп тұруына қаншалықты жағдай жасалған?» деген сауалға ол Ресей мен Украинадан жаңадан әкелінген жаңа вагондарда ондай мүмкіндік бар деп естігенін айтады.

«Бірақ ондай заманауи вагондар бізге келесі ғасырда жететін шығар. Бізде бар жақсыны бұрын Алматы тартып алатын. Қазір Астана әкетіп жатыр ғой» дейді Құрбан.

«Қазақстан темір жолы» мекемесі баспасөз қызметінің Даниял есімді өкілі Азаттыққа «вагондардың кезең-кезеңмен ауыстырылып жатқанын» айтты.

Астананың темір жол вокзалы. (Көрнекі сурет)

«Қазір Астана мен Алматы арасында жүретін «Бәйтерек» пойызы, Атырау жаққа Қытайда жасалған жаңа вагондар жүріп жатыр. Маңғыстау мен Шымкент бағытына Украинада және Ресейде жасалған вагондар жіберілді. Қазір Испания мен Қазақстан бірігіп жасаған «Тальго» вагондары да қолдануға беріле бастады» деді ҚТЖ өкілі.

Қаңтардың 21-і күні темір жол саласындағы мәселелер талқыланған жиын үстінде Қазақстан премьер-министрі Серік Ахметов «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшыларын плацкарт вагондармен жол жүріп көруге шақырған болатын. Премьер «вагондардағы санитарлық нормалардың сақталмауы және билетсіз жолаушылар тасу» сияқты мәселелердің әлі бар екенін айтқан.

Плацкарт вагондар ең көп қолданылатын елдердің бірі – Ресейде оларды жаппай екі қабатты заманауи вагондармен ауыстыру туралы талаптар айтыла бастады. Осы елдің негізгі темір жол компаниясы саналатын РЖД басшысы Владимир Якунин жуырда плацкарт вагондарды анахронизм деп атағанымен, алдағы екі жыл ішінде оларды ауыстырып шығу мүмкін емес деп мәлімдеген еді.