Қазанның 30-ы күні Павлодар облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Қабиболла Байгөшеков Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаевтан «аса ірі көлемде ақша бопсалау» ісіне қатысты үкімін жариялады.
Үкімге сәйкес, Павлодар аудан әкімінің бұрынғы орынбасары Асқар Бахралинов «топтасып, алдын ала келісім бойынша аса ірі көлемде ақша бопсалады, сондай-ақ кәмелетке толмағанды ауыр қылмысқа тартты» деп айыпталып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның дүние-мүлкі тәркіленіп, өз жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейтін болды.
Дәл осындай айыпқа іліккен азаматтардың енді бірі, «Версия» газетінің бас редакторы Ярослав Голышкин қатаң режимдегі колонияға 8 жылға кесіліп, мүлкі тәркіленетін болды.
Ал бұрынғы полицей Фархат Алиясов 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды, еш жерде жұмыс істемейтін Нұржан Сүлейменовке 7 жыл бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ. Айыпталушы жақ 15 күннің ішінде оны қайта қарауға апелляциялық шағым бере алады.
– Апелляциялық шағым береміз. Қажет болса, кассациялық шағым түсіреміз. Қазақстанның өз ішінде шешілмесе, халықаралық ұйымдарға шағымданамыз, – деді Ярослав Голышкиннің анасы Валентина Голышкина Азаттық тілшісіне.
Журналист Ярослав Голышкиннің әріптестерінің сөзінше, оның 14 мамырда қамалуы Павлодарда ақпан айында шыққан, «облыс әкімі Қанат Бозымбаевтың ұлы қыз зорлады» деген сыбысқа қатысты болған. Бұл ақпарат ресми түрде расталмаған соң Ярослав Голышкин журналистік зерттеу жасап, зорлық оқиғасына қатысы болды делінген қызбен сұхбаттасып, оны видеоға түсірген. Журналиске мәлімет жинауға көмектескен адамдардың кейін Қанат Бозымбаевтан «ақша талап еткені» хабарланған. Бопсалауға қатысты қылмыстық іс қозғалып, әуелі журналист бұл істе куәгер ретінде, кейін күдікті ретінде танылған.
Облыс әкімінің баласы куәгер ретінде тергелген іс тараптардың бітімімен жабылған.