Павлодар қаласында бүгін шыққан үкімді Қазақстанда Facebook әлеуметтік желісінде жариялауға «тыйым салынған» постары үшін айыпталған азаматтық белсенділер мен журналистердің үкімдері легінде сирек болатын құбылыс деуге болады.
Бүгін Павлодар қалалық соты судьясы Думан Серікбаев жергілікті бизнесменнің жеке талап-арызы негізінде «жала жапты» деп айыпталған жергілікті журналист Александр Барановты толық ақтады. Барановтың адвокаты талапкердің қолындағы скриншоттардың қолдан жасалмағанын растайтын заңды дәлелдер келтіруді талап етіп, Facebook желісіндегі посттың скриншоттары заң тұрғысынан алғанда қисынды дәлел деп танылмайтынын мәлімдеді.
Александр Барановқа қатысты қылмыстық іс «Нефтехим LTD» компаниясының бұрынғы басшысы Ерлан Құсановтың жеке шағымы бойынша қозғалған. Құсанов шағымында Барановты ақпарат құралдарын пайдаланып «жала жапты» деп айыптаған. Құсановтың айтуынша, Баранов Facebook-тегі парақшасында «2016 жылы қаңтардың басында кәсіпорында бірнеше адам қаза тауып, зардап шеккен оқиғадан кейін Құсанов қызметінен өз еркімен кетті» деп мәлімдеген пост жазған.
Құсановтың айтуынша, журналист бұған қоса кәсіпорын цехтарының бірінде есепке алынбаған өнім өндірілген деп жазған. Бүгін сот талапкер тараптың бұл айыптауларының ешқайсысын қабылдамады.
– Баранов Александр Викторович... қылмыс жасаған жоқ деп танылсын. Қылмысы жоқ болғандықтан Баранов Александр Викторович ақталсын. Іс өндірісі тоқтатылсын. Құсановтың моралдық зиян үшін Барановтан 10 миллион теңге, соттағы өкілінің шығыны үшін 100 мың теңге өндіріп беру туралы азаматтық талап-арызы қанағаттандырылмасын, – деді судья Думан Серікбаев.
«Барлық қылмысы бойынша» ақталған Александр Баранов үкімге риза екенін жасырамады. Ол өзіне негізсіз айыптар тағылғанын тағы айтты.
– Кейін өкініп қалмас үшін жайсыз үкімге дайныдалдым. Өзгеше үкім шығарар деп жүр едім, бірақ істің бұлай болып шыққанына қуаныштымын. Меніңше, судья әділ әрі заң тұрғысынан дұрыс шешім шығарды, өйткені ешқандай қисынды, нанымды дәлел мүлде болған жоқ, – дейді ол.
Жеке айыптаушы Ерлан Құсанов үкім жариялауға қатысқан жоқ. Оның өкілі адвокат Людмила Шевченко үкімге қатысты комментарий беруден бас тартты. Ол бүгінгі сот шешімін клиентімен талқылап алмай үкімге қатысты шағымдана ма, жоқ па – айта алмайтынын мәлімдеді. Үкімге қатысты жарияланған күннен бастап 15 тәулік ішінде Павлодар облыстық сотына шағымдануға болады. Бірақ Ерлан Құсанов үкімге қатысты шағымдана ма, жоқ па – әзірше белгісіз, онымен хабарласу мүмкін болмады.
Баранов Facebook желісінде Құсанов туралы пост жариялап, шамамен бір аптадан кейін оны алып тастағанын мойындайды. Бірақ ол сотта Құсанов көрсеткен пост нұсқасының мазмұнын теріске шығарды. Кінәсін дәлелдеу оның емес, айыптаушының міндеті болғандықтан Баранов сотта өзіеің (алып тастаған) постының нұсқасын жарияламады. Тараптар жарыссөзінде Баранов пен адвокаты екеуі «тағылған айыптар сотта дәлелденген жоқ» деп мәлімдеді.
Процесте Барановтың адвокаты клиентіне қатысты айыптаулар «қайдан шыққаны белгісіз» скриншоттардың көшірмелеріне негізделіп құрылған, ал мұны сотталушының кінәсін дәлелдейтін айғақ деп тануға болмайды деп мәлімдеді.
– Біз бірден «оригиналын көрсетіңдер, Александр Баранов жариялаған пост немесе комментарийдің мазмұны қандай болғанын дәлелдеңдер» деген позиция ұстандық. Олар әлгі скриншоттардың көшірмелерін көрсетті. Ал бүкіл IT-мамандар кез-келген аккаунтты көшіріп алып, кез-келген мәтінді қойып шығарып алуға болатынын айтады. Бірақ бұл дәлел емес. Дәлел-айғақты түпнұсқа түрінде немесе куәландырылған көшірме түрінде көрсетуі тиіс, – деді Александр Барановтың адвокаты Светлана Ковлягина.
Александр Баранов – соңғы екі жыл ішінде Павлодар облысында сотпен қуғындалған журналистердің бірі. Бұған дейін азаматтық сотқа «Павлодар-онлайн» (Рavon.kz) сайтына қарсы 40 миллион теңгенің, «Версия» газетіне қарсы 10 миллион теңгенің талап-арызы түскен. «Версия» газетінің редакторы Ярослав Голышкин Павлодар облысының сол кездегі әкімі Қанат Бозымбаевты «бопсалады» деген айыппен сегіз жылға сотталған.
Голышкин мен Барановқа үкімді бір судья – Думан Серікбаев шығарған.