Мұрат Оспановтың жарақатын «қашпақ болды» деп түсіндірді

Астана қаласы қылмыстық атқару жүйесі ғимараты алдында тұрған полицейлер. (Көрнекі сурет)

Қорғаушысы Қазақстан табиғи монополияларды реттеу агенттігінің тұтқындалған басшысы Мұрат Оспановты «Астана абақтысында қинады» дейді. Ал қаржы полициясы «ол қашпақ болды» деп мәлімдеді.

Қаржы полициясы Қазақстанның табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағасы Мұрат Оспановты «табиғи монополиялар субъектісіне болысқаны және оларды қорғағаны үшін 200 мың доллар пара алды» деген күдікпен шілденің 1-і күні тұтқындаған еді.

300 МЫҢ ДОЛЛАР

Қазақстан табиғи монополияларды реттеу агенттігінің басшысы Мұрат Оспанов. Сурет Қазақстан премьер-министрінің ресми сайтынан алынды.

Кейінірек билік «шенеунік параның тағы бір бөлігі - 100 мың АҚШ долларын бұрынырақта алып қойған» деген ақпарат таратты. Тергеушілер айтуынша, сонымен параның жалпы сомасы 300 мың долларға жеткен.

Баспасөзге Оспановтың қалай тұтқындалғаны жөнінде ақпараттар шықты. Мұрат Оспановтың қорғаушысы Хамида Айтқалиева «Интерфакс-Қазақстан» агенттігіне берген сұхбатында «тергеу орны «пара» деп санаған ақшаны Оспановтың досынан қарызға алғанын, ал ол досының «пара беруші» деп жарияланғанын» айтады. Адвокаттың сөзіне қарағанда, ол адамның табиғи монополиялар субъектісіне еш қатысы жоқ. Бірақ «пара алу жөнінде қылмыстық іс қозғау туралы» қаулыда ол қатысы бар адам болып көрсетілген.

Адвокат Хамида Айтқалиева «Ең қызығы – ақша табиғи монополиялар субъектісінікі емес, Мұрат Оспановтың досынікі. Яғни бұл ақша пара құралы бола алмайды. Мысалмен айтайықшы: «пара беруші» Иванов делік, ол табиғи монополия субъектісі болмағандықтан, оған монополияға қарсы мекемеде өз мәселесін шешудің қажеті де жоқ. Ендеше ақшасын кімнің болмасын мүддесі үшін пара беруге пайдалана алмайды және оған пара беріп керек емес. Сондықтан біз пара құралы да жоқ, соған сәйкес, пара беру де, алу да болған жоқ деп санаймыз. Бұл адам тіпті делдал да емес» дейді.

ТҰТҚЫНДАУ МЕН АЗАПТАУ

Адвокат Хамида Айтқалиева Астанадағы тергеу изоляторына алғаш рет шілденің 8-і күні барғанын айтады.

Айтқалиева «Интерфакс-Қазақстан» агенттігіне «Кездесуде мен оның көзінің маңайы қанталап тұрғанын, қолы таңылғанын көрдім. Сарапшы жазбасынан Оспановтың денесінде де жарақаттар бар екенін білдім. Сарапшы ұйғарымына сәйкес, дене жарақаттары қатты доғал және үшкір заттардың әсерінен болған» деген.

Адвокат Мұрат Оспановтың жарақаттары жайын түсіндірмегенін айтады. Оның сөзіне қарағанда, «клиенті қаржы полициясына келген кездегі киімдерінің - жейдесінің, пиджагінің - қайда екенін білмейді. Оны кейін сотмедсараптамаға апарған».

Оспанов маған тұтқындалғаннан кейін бір тәуліктен аса ас-сусыз отырғанын айтты, мұны да азаптауға жатқызуға болады.

«2014 жылы шілденің 1-і күні, агенттікке келген кезінде ол сап-сау болатын. Сондықтан бұл факті бойынша тексеру жүргізу керек. Оспанов маған тұтқындалғаннан кейін бір тәуліктен аса ас-сусыз отырғанын айтты, мұны да азаптауға жатқызуға болады» дейді Хамида Айтқалиева.

Қаржы полициясы шілденің 21-і күні «тұтқында отырған Қазақстан табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағасы Мұрат Оспанов қашып кетпек болды, соның кесірінен жарақат алды» деп мәлімдеді.

Қаржы полициясы хабарламасында «Шілденің 2-сі күні сағат 10:30 шамасында Оспановты уақытша ұстау изоляторынан агенттік ғимаратына әкеле жатқанда ол халінің нашар екенін айтып, автокөлікті тоқтатуды өтінді. Бұдан соң есікті шұғыл ашып, автомобиль салонынан қашып шықты. Алайда агенттік қызметкерлері Оспановты автокөліктен 15 метр жерде ұстап алды» деп жазылған.

АГЕНТТІК ЖӘНЕ ОСПАНОВ

Қазақстанның табиғи монополияларын реттеу агенттігінің төрағасы қызметін Мұрат Оспанов осымен екінші жыл атқарып отыр. Қазақстандық баспасөздің жазуынша, бұл орында ол біршама бастама көтерген.

Өткен жылдың басында Мұрат Оспанов «тұтынушылардың мүдделерін қорғау үшін жұмысқа осы саладағы үкіметтік емес ұйымдарды араластыру керек екенін» айтқан. Ол тіпті аталмыш ұйымдардың қызметін олардың ақшалай өтемақыларды өндіру тәжірибелеріне байланысты мемлекет қаржыландыруы тиіс деген.

Бұдан кейін Оспанов жанар-жағармай материалдарын сату туралы заңнамаға өзгерістер енгізу туралы ұсыныс жасаған. Бұл негізі мұнай және газ министрлігінің құзырындағы мәселе болатын. Оспанов өткен жылы:

- Бағаны анықтайтын өкілетті орган құру мәселесін қарастыру қажет, ол орган бағаны бекітілген формула бойынша белгілеуі тиіс. Ол үшін көтерме бағаның формуласы мен оны қолдану тәртібін анықтау керек, - деген еді.

Мұрат Оспанов басқарған Қазақстан табиғи монополияларды реттеу агенттігі «халық тарифтің неден құралатынын түсіну үшін тарифтік сметаны қарапайым, түсінікті етіп жасайтынын» да мәлімдеген.

Қазақстан табиғи монополияларды реттеу агенттігінің басшысы Мұрат Оспанов (сол жақта) пен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Akorda.kz сайтынан алынған сурет Астана. 24 ақпан 2014 жыл.

Өткен жылдың қыркүйегінде Оспанов агенттік жұмысында «тәртіп орнатуға» кіріскен еді. Ол өзіне қарасты мекеменің қадағалау және талап қою жөніндегі департаменті директорын қызметінен алуға бұйрық берген. Бұған қоса, Қазақстан облыстарындағы бөлімшелердің оннан аса басшысын тәртіптік жауапкершілікке тартуға тапсырма берген. Оспановтың өзі бұл туралы «электр қуатының тарифтері заңсыз белгіленген, оны аймақтық департамент жетекшілері дұрыс қадағаламаған» дейді.

«Капитал» газетінің сайты «электр қуатының оны заңсыз түрде сатып алып, қайта сату арқылы қымбаттағанын» жазған еді. Сайт «Электр қуатын тарататын мекемелердің оны заңсыз сатып алып, басқа бағамен қайта сату оқиғалары Қазақстанның барлық облыстарында анықталған» дейді.

Биыл ақпан айында табиғи монополияларды реттеу агенттігі тарифтің әділ белгіленуін, реттелетін қызметтердің сапасын және қаражатты мақсатқа сай пайдалануды қадағалайтын заң жобасын дайындайтынын хабарлаған.

Табиғи монополияларды реттеу агенттігі монополистердің жыл сайынғы есебі мен қоғамдық тыңдауларын өткізу тәсілдерін өзгерту туралы да ұсыныс жасаған еді. Бұған қоса, тарифтерді бекітудің барлық кезеңдеріне қоғамдық мониторинг енгізу мәселесін де көтерген. Ол жүйеге тарифтік смета мен инвестициялық бағдарламаны орындау бойынша есептерді талқылау да кірген.

Табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағасы Мұрат Оспановты тұтқында ұстау мерзімі қыркүйекке дейін ұзартылды. Оған «аса ірі көлемде пара алды» деген айып тағылып отыр. Оспановтың мүлкі тәркіленіп, өзіне 10-нан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру үкімі кесілуі мүмкін.