Президент Назарбаевтың «интернеттегі қорғаушылары» кім екені белгісіз

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев баспасөз мәслихатында сөйлеп тұр. Берлин, 8 ақпан 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

«Әділ сөз» баспасөз қорғау ұйымы «Қазақстан президентінің саяси, адами беделін, ар-абыройын қорғауды мақсат ететін» интернет-қауымдастығынан «ерекше» хат алғанын жазады. Бірақ хатта аттары аталған мекемелер ондай қауымдастықты білмейтінін айтады.
«Қайырлы күн, сіздерге «Kazakhstan Online» интернет-қауымдастығы жазып отыр. Бұл қауымдастық Қазақстан Республикасының президенті – Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың саяси, адами беделін, ар-абыройын интернет кеңістігінде қорғауға бағытталған. Ұйымыңыз ниеттестік танытып, төменде көрсетілген есепшоттардың біріне терминал арқылы ақша құйып, қаржылай көмектесе алады» деп жазады белгісіз ұйым.

Мұнан кейін «интернет-қауымдастық өкілдері» «қаржылай көмек беріп, ниеттестік танытқандардың» тізімі президент әкімшілігі мен «Самұрық–Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына жіберілетінін «ескертеді».

«БІРЕУГЕ «ЖАСАҢДАР» ДЕП АЙТПАЙМЫЗ ҒОЙ»

Бұл «қауымдастық» туралы білмек болып, әуелі Қазақстан президентінің әкімшілігіне хабарластық. Баспасөз қызметінің өкілі Қанат (фамилиясын айтпады):

– Бұл – өздерінің жеке бастамасы. Себебі бізге ешкім мұндай бастама айтып келген жоқ. Біз біреуге «жасаңдар» деп айтпаймыз ғой. Бізбен келісілмеген, – деді.

Президент әкімшілігінің баспасөз өкілі сөзінің соңында ресми өтініш жіберу қажет екенін айтты. Алайда ресми өтініш жібергенімізбен, оған әлі жауап келген жоқ.

Мұндай ресми сауалды «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына да жолдаған едік. Қордың жұртшылықпен байланыс департаментінен:

– «Kazakhstan Online» аталатын қауымдастықтың Қорға еш қатысы жоқтығын және онымен ешқандай байланыстың болмағанын хабарлайды, – деген жауап алдық.

Өткен аптада «Қазақстан президентінің ар-абыройын қорғауды мақсат ететін» интернет-қауымдастық өкілдері көрсеткен электронды адреске де хат жібергенбіз – одан әлі күнге дейін жауап келмеді.