«Кандидаттар» қатарында MС Сайлаубек пен Әблязов та болды

Президент сайлауында дауыс берушілер. Алматы облысы Қарасай ауданы Қаскелең қаласы, 26 сәуір 2015 жыл.

​26 сәуірде өткен мерзімінен бұрынғы президент сайлауы әлеуметтік желілерде әртүрлі мысқылға ұласты. Құқық қорғаушы мұны «сайлаушылардың қарсылығы» деп сипаттайды.

КИАНУ РИВЗ БЕН МС САЙЛАУБЕК

Facebook әлеуметтік желісінде Қазақстанда 26 сәуірде өткен кезектен тыс президент сайлауында кімнің кімге дауыс бергені қызу талқыланған тақырыптардың бірі болды.

Азаматтардың кейбірі сайлау бюллетеньдерінің суреттерін іліп, кімге «дауыс бергендерін» жазып қойған. Солардың бірі Ainura Zhamieva есімді қолданушы: «Үш кандидат ата да идеалыма сай болмағандықтан соған лайық адамды қосуыма тура келді» деп, төртінші кандидат ретінде актер Киану Ривздің аты-жөнін қосып жазған сайлау парағының суретін жариялаған.

Сайлаушылар бюллетеньге қосқан «кандидаттар» арасын Иманғали Тасмағабетов, Ж.Қалыбай, Аблязов, МС Сайлаубек сияқты адамдардың есімдері де кездеседі.

«ЖАЗАЛАУ КЕРЕК»

Мақсат Ілиясұлы есімді Facebook пайдаланушысы осындай сайлау құжаттарын жинап, «Халық өз таңдауын жасады» атты көрме ұйымдастыруға шақырады. «Өз таңдауларыңызды паш ететін осындай құжаттар мен фотолар, материалдар болса жазып, фотосын салып отырыңыздар. Мұның бәрі – тарих» дейді ол.

Бірақ әлеуметтік желі қолданушылары арасында президент сайлауы бюллетеньдерін бұлай толтыруға наразы адамдар да бар.

Тұрдыбек Құрметхан есімді пайдаланушы «кімді таңдағанын белгілеп суретке тартып, әлеументтік желіге салғандарды түсінбейтінін» айтады. «Көрініп қалғысы келе ме. Онсыз да басқаларда қандай таңдау бар ғой дейсің» дейді ол.

Ал Габит Сапарбеков есімді азаматтың пікірінше, сайлау парағына ресми кандидаттар тізімінде жоқ адамдардың аты-жөндерін қосу «есі дұрыс адамның тірлігі емес». «Сайлаубек, Аблязов деп шимайлап, патшаны емес өздерін мазақ қылып отыр ғой» деп ашуланады ол. Оны Kuat Omarov есімді қолданушы да мақұлдап, «сайлау бюллетенін құртқан адамдарды занды түрде жазалау керек, айыппұл төлету керек» екенін айтады.

КӨРЕ ОТЫРЫҢЫЗ: Сайлау комиссиясы. Жоқ партияның «мүшесі»

Your browser doesn’t support HTML5

Сайлау комиссиясындағы «партия мүшелері»

«БҰЛ – САЙЛАУШЫЛАРДЫҢ ҚАРСЫЛЫҒЫ»

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис сайлау бюллетенін бұлай толтырғаны үшін ешкімді жауапқа тарту мүмкін емес екенін айтады.

– Қазір жарияланып жатқан бюллетеньдердің суреттерді – дауыс берушілердің қарсылығының көрінісі. Адамдарда таңдау болмады. Егер бюллетеньдегі төртінші жолда «барлық кандидаттарға қарсымын» деп жазылса, кандидаттарға қарсылар соны белгілеуші еді. Сондай-ақ үміткерлердің ішінде олардың көңілінен шығатын, дауыс бергісі келетін кандидаттың болмағанын бюллетеньге қосымша фамилиялар жазудан көруге болады, – дейді Евгений Жовтис.

ЕҚЫҰ бақылаушылар миссиясы Қазақстанда 26 сәуірде өткен президент сайлауында шынайы оппозицияның жоқтығынан және азаматтардың еркін білдіру құқығы тарылғандықтан сайлаушылардың таңдауы шектелді деп мәлімдеді.

ЕҚЫҰ сайлау кезінде бюллетеньдерді сайлау жәшігіне топтап тастаған 46 оқиға байқалғанын айтады. Ұйым дерегінше, дауыс берушілердің қойылған қолдарының ұқсастығы, топтасып дауыс беру, сайлау бюллетеньдерін салатын жәшіктің тиісті талапқа сай бекітілмегені, бірнеше мәрте дауыс беру, дауыс берушілерге қысым жасау сияқты заңбұзушылықтар да болған.

Facebook желісі қолданушыларының кейбірі мұндай оқиғалар қатарына сайлау учаскесіндегі дауыс беру бюллетенінің таусылып қалуы сияқты тосын жайтттарды да қосады.

Ал Шанхай ынтымақтастық ұйымы бақылаушылар миссиясының басшысы әрі осы ұйымның бас хатшысы Дмитрий Мезенцев Қазақстандағы президент сайлауы «ашық, еркін, демократиялық түрде және Қазақстан конституциясы мен сайлау туралы заңына сай» өткенін мәлімдеді.

Қазақстан орталық сайлау комиссиясының алдын-ала мәліметі бойынша, 26 сәуірде өткен сайлауда қазіргі президент Нұрсұлтан Назарбаев дауыс берушілердің 97,7 пайыз дауысын жинап, жеңіске жеткен.