Желтоқсаншылар президенттікке үміткерлер қол жинап үлгере алмай жатыр дейді

Гүлбаһрам Жүніс, «Желтоқсан. Тәуелсіздік қарлығаштары-86» ұйымының жетекшісі. Алматы, 28 ақпан 2011 жыл

Президенттікке кандидат ретінде тіркелу үшін қажетті қол жинауға уақыт тапшы деп санайтын бірнеше үміткер биліктен қол жинау мерзімінің ұзартылуын талап етті. Орталық сайлау комиссиясы қол жинап үлгерген кандидаттарды көпке «үлгі етеді».

Ақпанның 28-і күні президенттік сайлауға қатысуға ниет білдірген төрт үміткер, яғни Серік Сапарғали, Құрманғазы Рахметов, Сәлім Өтен және Қанат Төрегелдиев Орталық сайлау комиссиясына хат жолдап, қол жинау мерзімін наурыздың 10-ына дейін ұзартуды талап етті. Бұған қатысты Алматыда болған дүйсенбілік жиынға тек Серік Сапарғали ғана қатысты. «Желтоқсан. Тәуелсіздік қарлығаштары-86» ұйымының жетекшісі Гүлбаһрам Жүніс ақпарат құралдарына қалған үміткерлердің түрлі себептермен келе алмағанын, бірақ билікке жолданған талап-хатқа қол қойғандықтарын айтты.

Билікке талап-хат жолдауының мәнін түсіндірген Гүлбаһрам Жүніс қол жинау мерзімінің тым қысқалығын айтып, «жер-жерде кезігіп жатқан түрлі тосқауылдарға» қатысты шағымданды.

УАҚЫТ ТАР, ТАЛАП ЖОҒАРЫ

- Мысалы, осы сенбіде тізімді алып, орталық сайлау комиссиясына барсақ, ондағы төрағаның орынбасары «өтініштерді қабылдау аяқталды, қабылдамаймыз» деп айтты. Бәріміз «бұл не сұмдық» деп Астанаға дейін шықтық. Бес минуттан кейін «Жоқ, демалыс күні түске дейін істейтін болдық» деді. Негізі сайлау комиссиясы әу-бастан сайлау комиссияларының округтерде үзіліссіз жұмыс істейтінін айтқан еді. Бұған қоса, жан-жақтан еріктілер де хабарласып, «барлық жерде кіргізбей жатыр, әсіресе бюджеттік мекемелерге жол жабық» деп жатыр, - деді желтоқсаншылар атынан ұсынылған ортақ кандидат Құрманғазы Рахметовты қолдау штабының өкілі Гүлбаһрам Жүніс.

Желтоқсаншылардың айтуынша, «ауа-райының жайсыздығы», «мемлекет тарапынан жеңілдіктің жоқтығы» сияқты түрлі қиындықтарға қарамастан олар бүгінгі таңда тиісті қолдың 60-70 пайызын жинап үлгерген. «Алдыңғы кандидаттардың жағдайы жақсы. Қайда барам десе де, өз еркі. Тікұшақ беріледі. Ал бізде ондай мүмкіндіктер жоқ» дейді олар.

Желтоқсаншылар айтқан тосқауылға өзі де кезігіп отырғанын айтқан, сайлауға өзін-өзі ұсынған жеке кәсіпкер Серік Сапарғали жиында сайлауалды науқаны кезінде қазірдің өзінде заңның бұзылып жатқанын айтады.
Серік Сапарғали, президенттікке үміткер. Алматы, 28 ақпан 2011 жыл

- Халықты қорқытып тастаған. Олар Назарбаевтан басқа фамилия көрсе, қорқып «Ойбай, жоқ, біз анда істейтін едік, мұндай істейтін едік» деп тұра қашады. Ахметбеков, Елеусізов, Ғани Қасымов пен Назарбаевты 24 сағат бойы теледидардан көрсетіп жатыр. Билбордтар әлі де тұр. Қалайша енді әділ сайлау деп айтуға болады, - деді Серік Сапарғали ақпанның 28-і күнгі жиында.

Ол егер «талабымыз орындалмаса, сайлауға наразы жұртты қарсылық акциясына» шақыратындығын да айта кетті.

«УАҚЫТ ЖЕТКІЛІКТІ»

Ал Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов болса, үміткерлерге қол жинау үшін берілген уақыт жеткілікті деп есептейді. Дүйсенбі күні болған комиссияның отырысында ол ақпанның 28-і не дейін тиісті қол жинап үлгерген төрт үміткерді мысалға келтірді.

- Қол жинап үлгеруге болады. Және мұны төрт кандидат дәлелдеді де, - деді Қуандық Тұрғанқұлов ақпанның 28-і күні.

ОСК-ның айтқан төрт кандидаты мыналар: Нұрсұлтан Назарбаев (700 мың қол), Жамбыл Ахметбеков (96 мыңнан астам), Ғани Қасымов (100 мыңға жуық) және Мэлс Елеусізов (97 мыңнан астам қол). Соңғы екі кандидат тиісті қол жинауды ақпанның 28-і күні аяқтап, президенттікке кандидат ретінде тіркелді.

«Уақыт жеткілікті» деген Орталық сайлау комиссиясының айтқанымен «Табиғат» қоғамдық қозғалысының төрағасы Мэлс Елеусізов те келіседі. Бірақ ол қол жинау науқанына қанша адамның жұмылдырылғанын есіне түсіре алмады.
Мэлс Елеусізов, эколог. Алматы, 23 қыркүйек 2008 жыл

- Барлық облыстарда жұмыс істедік. Қанша адам екенін білемін. Қазір басым қатып жүр... сонан кейін айтамын, - деді Мэлс Елеусізов ақпанның 28-і күні Азаттық тілшісіне.

Ал Қазақстанның патриоттар қозғалысынан сайлауға ниет білдірген Ғани Қасымов болса, 100 мыңға жуық қол жинау үшін Астана мен Алматы қалаларында 2 мыңға жуық адамның жұмыс істегенін айтты.

- Алматы қаласы бойынша мың жарым сенімді өкіл жұмыс істеді. Астанада 300 адам. Жиналған қолдың нақты санын ОСК әлі толық есептеп болған жоқ. Күн аяғында айта жатар, - деді сенат депутаты.

Салыстыру үшін айта кетейік, Нұрсұлтан Назарбаевтың Алматы қаласы бойынша сенімді өкілі Рахман Алшанов Азаттық радиосына бүкіл қалада қол жинау үшін 38 адам жұмылдырылды деген мәлімет берді. Ал Құрманғазы Рахметов үшін Алматы қаласында 80 шақты адам қол жинап үлгірмей жатыр.