Әскерге барудан бас тартқан діндарлардың ісі жабылды

Қазақстан әскері. (Көрнекі сурет)

Өскеменде қорғаныс істері жөніндегі басқарма қызметкерлері тәртіптік жауапқа тартылды. Олар «әскерге шақырту алған, бірақ діни сеніміне байланысты әскерге барудан бас тартқан» әрі «Иегова куәгерлері христиандар қауымы» діни қызметкерлерінің анықтамасын көрсеткен» жігіттердің істерін полицияға жолдаған. Қылмыс құрамы жоқ болғандықтан, күзде әлгі істердің бәрі жабылған.

ШАҚЫРТУ ҚАҒАЗЫ

Аула сыпырушы болып жұмыс істейтін 22 жастағы өскемендік Тілек Жұмағазиновтің Азаттыққа айтуынша, биыл көктемде телефон арқылы жергілікті әскери комиссариатқа шақырту алған. Ол тиісті құжаттарын жинап, медициналық комиссиядан өткен әрі ар-ұждан ұстанымы мен діни сеніміне бола әскерге бармайтынын сол кезде ескерткен. Жұмағазинов «оларға (әскерилерге – Азаттық) «Иегова куәгерлері христиандар қауымының» діни қызметкері екенін растайтын құжат көрсеткенін» айтады. Бір аптадан кейін полициядан қоңырау соғып, әскерде қызмет етуден жалтарғаны үшін оның үстінен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған әрі тергеуге шақырып, не себепті әскерге барғысы келмейтінін сұраған.

Біреулер қолына қару алатын шығар, ал мен бұлай істегім де келмейді, мұны үйренгім келмейді.

- Библияда «соғысуды үйренбе әрі жақыныңды өзіңдей жақсы көр» деп жазылған. Соғысқа барып жақындарыма, бауыр, достарыма қарсы қалай соғысамын, біреуді қалай өлтіремін? Ресей, Украинада да бауырларым - Иегово куәгерлері бар. Егер олар да қолдарына қару алса, бір-бірімізді өлтіреміз ғой, ал сонда арамызда мейірбандық қайдан болады? Біреулер қолына қару алатын шығар, ал мен бұлай істегім де келмейді, мұны үйренгім келмейді, - дейді Тілек Жұмағазинов.

Ол кейінгі екі жылдан бері ұстанып жүрген діни көзқарасы үшін түрмеге кетуге әзірмін дейді.

Ал көрші Семей қаласында полицейлер қазір қаржы саласынан жұмыс іздеп жүрген 23 жастағы жұмыссыз Әділжан Ысқақовқа қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастаған.

- Біз заңды бұзып жатқанымыз жоқ. Өтінсе, барамыз. Өзімнің жағдайымды түсіндіріп айттым, олар түсінді. Бұл өз шешімім, бұған ұйымның («Иегова куәгерлерін» айтады - Азаттық) мүлде қатысы жоқ. Оларға «әскерге барып, қолыма қару алуға ар-ұжданым жібермейді» дедім. Бұған қоса, дін қызметкерінің әскерге бармауына болады деп жазылған 36-баптың 6-тармағы бар. Әскери қызмет пен әскери қызметшілердің мәртебесі туралы заң бар емес пе, ал онда дін қызметкерлері әскерге бармайды деп жазылған, - дейді Әділжан Ысқақов.

Ысқақов «ісімді ішкі істер басқармасына неге жолдағандарын түсінгенім жоқ» дейді.

Оның үстінен қозғалған қылмыстық істің жабылғанын Ысқақов қыркүйектің 3-і күні естіген. Сотқа дейінгі тергеу амалдарын тоқтату туралы қаулыда полицейлер Алматыға – «Иегова куәгерлері христиандар қауымының» бас кеңсесіне сауал жолдап, олар Әділжан Ысқақовтың діни қызметкер екенін растағаны жазылған.

Әскерге барудан бас тартқаны үшін "Иегова куәгерлерінің" полицейлер тарапынан қудалауға ұшырағаны туралы Азаттыққа кемінде тағы екі оқиға белгілі.

"БАЛАМА ҚАРАСТЫРЫЛМАҒАН"

Қорғаныс министрлігі өкілдері Азаттыққа "Әскери қызметтің орнына балама азаматтық қызмет өтеуге шақыру Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңында қарастырылмаған" деп хабарлады. «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңның 36-бабы 1-тармағы 6-тармақшасына сәйкес, заңды тіркелген діни бірлестіктердің діни қызметкерлері бейбіт заманда әскери қызметке шақыртудан босатылады.

Қылмыс құрамы болмағандықтан, аталған сотқа дейінгі тергеу амалдары қазір тоқтатылды.

Бұған қоса, қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, олар әділет органдарында тіркелген "Иегова куәгерлері христиандар қауымы" діни бірлестігі мүшелері әрі діни қызметкерлері екенін, Иегово куәгерлері қатарына қабылданған әрі шоқындырылғанын растайтын анықтамаларын әскери комиссариаттарға көрсеткендіктен, «Иегова куәгерлеріне» қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары тоқтатылған.

Қорғаныс министрлігі Азаттыққа жолдаған жауабында «А.А.Ысқақов денсаулық жағдайына байланысты шұғыл әскери міндетін өтеуге шақыртудан босатылған. Бірақ Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласының қорғаныс істері басқармасы әуелі барлық жайтты анықтап алмай әрі Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 387-бабында (әскери қызметтен жалтару) қарастырылған заң бұзу әрекетінің бар-жоғын тексеруді сұрап,Т.К.Жұмағазиновке қатысты материалдарды Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласының ішкі істер басқармасына жолдаған. Қылмыс құрамы болмағандықтан, аталған сотқа дейінгі тергеу амалдары қазір тоқтатылды. Осы өтінішті қарау аясында тексеру шаралары жүргізіліп, оның нәтижелері бойынша Өскемен қаласы қорғаныс істер басқармасының кінәлі лауазымды тұлғалары тәртіптік жауапқа тартылды» деп жазылған.

Бұған қоса, қорғаныс министрлігі Азаттыққа сотқа дейінгі тергеу амалдары тоқтатылды деп хабарлайды.

Адвокат Наталья Кононенконың сөзінше, қылмыс құрамы болмаса да, мұндай санаттағы әскерге шақырылғандардың үстінен қылмыстық істер қозғау оқиғалары биыл жазға дейін сирек кездесетін. Ол бұл - соңғы кезде Қазақстанда «Иегова куәгерлері христиандар қауымы» ұйымына қарсы күшейген қысымның бір бөлігі деп санайды.

«Иегова куәгерлері христиандар қауымы» ұйымының аймақтық баспасөз қызметі өкілі Мади Е. діни бірлестік ғимаратының алдында жүр. Алматы, 6 шілде 2017 жыл.

Қазанның 17-сі күні Астана қаласының ауданаралық мамандандырылған сотында «Астана қаласының Иегова куәгерлері христиандар қауымы» жетекшісі Дмитрий Букинге қарсы «діни араздық қоздыру белгілері бар» діни әдебиеттер сақтағаны үшін қозғалған іс жабылды. Букиннің адвокаты Наталья Кононенко судья Қанат Иманәлиевтің де Астана қаласының дін істері басқармасына қатысты жеке қаулы қабылдағанын айтады.

Сотқа жүгінуге себеп болған дүние - Астана қаласы дін істері басқармасы заңгері Алмасбек Мәмбетовтің әкімшілік құқық бұзу туралы толтырған хаттамасы. Биыл қаңтарда жүргізілген тінту кезінде «Иегова куәгерлері христиандар қауымы» ғимаратынан орыс тіліндегі «Чему на самом деле учит Библия», «Человечество в поисках Бога», «Следует ли верить в Троицу?» деген және басқа да 15 кітап табылған.

Астана қаласының дін істері басқармасы заңгері Алмасбек Мәмбетовтің пікірінше, бұл кітаптарда «діни араздық тудыруды көздейтін, әсіресе «Иегова куәгерлері» қауымының өзгелерден артық екенін насихаттайтын діни қақтығыс белгілері бар».

«Иегова куәгерлері христиандар қауымы» ұйымының сотталған мүшесі Теймур Ахмедов. Астана, 27 наурыз 2017 жыл.

Бұл тінту "діни араздық" тудырды деп айыпталған 61 жастағы "Иегово куәгері" Теймур Ахмедов ісі бойынша жүргізілген. Биыл мамырда Ахмедов бес жылға сотталған.