Бюджет триллиондары есебінен «сауықтыру»

Коммерциялық банктегі кассир ақша банкноттарын тексеріп жатыр.

Қазақстан билігі «банк жүйесін сауықтыруға» биылғы бюджеттен екі триллион теңге бөлмек. Бұл қазіргі айырбастау бағамы бойынша алты миллиард АҚШ долларына және республика бюджетіне түседі деп болжанған кірістің 40 пайызына тең. Мемлекет нақты қай банктерге және қандай шарттармен көмектесуді ұйғарғаны туралы сұрақтың тура жауабы жоқ.

Алдыңғы аптада Қазақстан қаржы министрі Бақыт Сұлтанов биылғы бюджетке енгізілетін нақтылаулар жобасын таныстырды. Жобаға сәйкес, бюджеттің шығыс бөлігі 2,4 триллион теңгеге ұлғайған. Бұл нақтылаулар ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы» жолдауын іске асыру үшін енгізілмек. Бірақ қаржының ең қомақты бөлігі – екі триллион теңгеден көбі «макроэкономикалық тұрақтылыққа», нақтырақ айтқанда, «банк секторын сауықтыруға» жұмсалмақ (салыстыру үшін: үдемелі технологиялық жаңғыртуға 231 миллиард теңге қарастырылған).

Үкіметтің нақтыланған бюджет туралы слайды. Екі триллион теңге «банк секторын сауықтыруға» жұмсалады. Астана, 13 ақпан 2017 жыл.

Ұлттық қорды «шығындау»

Ұлттық қорды «шығындау»

Қазба байлықтардан түсетін қаражат құйылатын Қазақстанның Ұлттық қоры "болашақ ұрпақ үшін" құрылған. Қазақстанда Ұлттық қорды "шығындауды" тоқтату немесе оны дұрыс жұмсау жайында үндеулер жасалып тұрады. Бірақ олар іске асырылмайды: ресми статистика бойынша, екі жарым жыл ішінде қор қаржысы 13 миллиард долларға азайған. Ұлттық қордағы қаржы ең көп кезінде 105 миллиард доллар болса, қазір 92 миллиард долларға таяу.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Андрей Смоляковтың хабарлауынша, әлгі екі триллион проблемалық несиелер қорын капиталдандыру мен проблемалық қарыздарды сатып алуға жұмсалады. Парламент депутаттарының «Мемлекет нақты қай банктерге көмектеспек?» деген сұрағына Смоляков оларды ұлттық банк пен үкімет келісіп таңдайды деп жауап берді. Бұған қоса, ол проблемалық несиелер қоры «жүйелі проблема бар жерде жұмыс істейді» деді.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің айтуынша, жаңа шығындарға жұмсалатын ақшаны үкімет бюджет тапшылығы мен ұлттық қордан бөлінетін мақсатты трансфертті ұлғайту есебінен қарастырмақ.

ҚАУІПТІ НЫШАНДАР

Сырттай қарағанда, мысалы Ұлттық банк статистикасына сәйкес, Қазақстанның банк секторындағы ахуал тәуір көрінеді. Коммерциялық банк активтерінің құны 25 триллион теңгеден асады, несие қоржыны 15,5 триллион теңгеге тең, жалпы жүйедегі төлемі кешіктірілген несиелер көлемі 12 пайыздан сәл асады. Бірақ сырт қарағанда тәуір көрінгенімен, банк жүйесіндегі проблемалардың ұлғайып бара жатқаны кейінгі кезде анық байқала бастады. Былтыр желтоқсанда ұлттық банк Қазинвестбанкті лицензиядан айырған болатын, оның алдында Қазинвестбанк пен Дельта банкке жеке тұлғалардан депозит қабылдап, есеп-шот ашуға уақытша тыйым салған (кейін екінші банкке депозит қабылдауға қайта рұқсат берген).

Бірақ дабыл белгілері бұдан ертеректе әрі әлде бір жақ емес, Ақорданың өзінен түсе бастаған болатын. Қараша айында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев америкалық Bloomberg агенттігіне берген сұхбатында банктерді «ірілендіру» қажеттігін айтып, кей банктер банкротқа ұшырауы мүмкін деген болжам жасаған. Әлгі сұхбатында Назарбаев Қазкоммерцбанктің «құрдымға кетуіне» жол бермейтінін, сондықтан «қазір ондағы жағдайды түзету, банкті сауықтыру мәселесі туып тұр» деп мәлімдеген.

Қазкоммерцбанк акционері Кеңес Рақышев. Алматы, 9 ақпан 2016 жыл.

Әлгі сұхбаттан кейін іле-шала таратқан хабарламасында Қазкоммерцбанк менеджементі «банк барлық нормативтерді орындап отыр, оған шектеу сипатындағы әлдебір шаралар қолданылған жоқ» деп мәлімдеген.

Тағы бір айдан кейін Bloomberg Қазақстан үкіметі мен ұлттық банк елдің 4,5 миллиард теңгеге бағаланатын ең ірі банкін «сауықтыру» бағдарламасын қарастырып жатыр деп жазды. Іле-шала Қазкоммерцбанк пен реттеуші (ұлттық банк) ағымдағы жағдай тұрақты деп мәлімдеген болатын. Бірақ, Bloomberg агенттігінен әлгі жазғанын ресми терістеуді талап етпеді. Желтоқсаннан қаңтарға дейінгі бір ай ішінде Қазкоммерцбанктен кеткен депозиттер көлемі 81 миллиард теңгеге жетіп, активтері 35 миллиард теңгеге азайғанына қарамастан, актив көлемі жағынан Қазкоммерцбанк «ықтимал мәміле» жайлы келіссөз бастаған Халық банкінен кейінгі орынға бірінші рет сырғыды.

Бұған іле-шала, осы айдың басында, банк секторы активтеріндегі үлесі 13 пайызды құрайтын «Цеснабанк» пен «БанкЦентрКредит» банктері бірігуге қатысты мәміле жасауы мүмкін екені хабарлады.

Ақпанның 3-і күні үкіметтің кеңейтілген жиынында Назарбаев «Банктер әлсіз... Біріккендері жөн. Ал акционерлер банкті сақтап қалғысы келсе, өз ақшасын салсын. Банкті сақтап қалудың бұдан өзге жолы жоқ. Экономикаға қерек емес болса, демек олардың өмір сүруге де құқығы жоқ» деп мәлімдеген.

Әлгі жиында ел президенті кейінгі кезде жергілікті БАҚ-тарда ұлттық банк басшылығына шабуыл жасалып жүргенін байқағанын айтып, ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевке «ешкімнен қорықпауға» кеңес берген. Бұған қоса, Назарбаев «Бұл - қазір осында, осы залда отырған акционерлер мен демеушілердің әрекеті» деген болатын.

Назарбаевтың кімдерді меңзегені сол күйі белгісіз болып қалды. Бірақ елдегі ірі банктердің көбі лауазымды қызметтегі шенеуніктер, олардың туыстары, ықпалды қаржы-өнеркәсіп топтарымен байланысты екені құпия емес.

Инфографика: Қазақстан банктері кімдердің бақылауында?

Your browser doesn’t support HTML5

Қазақстандағы банктер кімдердің бақылауында?

«САУЫҚТЫРУ» ҚҰНЫ – АЛТЫ МИЛЛИАРД

Алдыңғы аптаның ортасында мәжіліс президенттің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы» жолдауын іске асыру үшін үкімет ұсынған нақтылауларды, оның ішінде «банк секторын сауықтыруға» алты миллиард доллар бөлуді мақұлдады.

6 миллиард теңге деген қанша ақша?

6 миллиард доллар деген қанша ақша?

- Қазақстан банк жүйесінің 7,8 пайызы және банктердің несие беру портфелінің 13 пайызы;

- Ұлттық қор қаражатының 10 пайызы;

- Елдің алтын валюта қорының 6,6 пайызы;

- Бұл қаражатқа Қазақстанда мұнай өңдейтін зауыт салуға болады;

- 2016 жылы Қазақстандағы тұрғын үй құрылысын ынталандыруға бөлінген қаражаттан алты есе үлкен сома;

- Қырғызстанның 2016 жылғы бюджетінің шығыс бөлігі.

Қазақстан үкіметі ірі банктерді қайта капиталдандыруға немесе олардың жұмыс істеу қабілетін қамтамасыз ету қадамына баруы мүмкін деген болжамды ақпанның басында Moody's халықаралық рейтинг агенттігі сарапшылары мәлімдеген болатын. Олар «Қазақстан банктері: төлем қабілетсіздігі қатері ұлғаюына қатысты жағымсыз болжам» деген есебінде банк секторындағы активтердің сапасы әлі нашар, ал проблемалық несиелер деңгейі, Moody's дерегінше, банктердің жалпы несие қоржыны көлемінің 37 пайызына жеткенін мәлімдеген.

Қазақстандық «Асыл Инвест» брокерлік компаниясы сарапшылары бюджеттен бөлінуі тиіс екі триллион теңгенің қомақты бөлігі Халық банкіне қосылу мәмілесі аясында «активтері жағынан ең үлкен банк Қазкоммерцбанкті сауықтыруға жұмсалады» деп санайды. «Асыл Инвест» ақпанның 14-і күні жариялаған шолуында «Қазір Қазкоммерцбанктің балансында проблемалық БТА Банкпен келген активтер бар, егер екі банк оларды есептен шығармай біріктірілсе, бұл біріктірілген банктің қаржы тұрақтылығы мен бүкіл сектордың тұрақтылығына жағымсыз әсер етуі мүмкін болғандықтан, мұндай шаралар орынды болуы мүмкін» делінген.

Bloomberg агенттігі Қазақстан банк секторына ақша бермек деген хабарламасында «билік мемлекет меншігіне өткеннен кейін екі рет дефолтқа ұшыраған БТА Банкпен қосылғаннан кейін - 2014 жылы алған проблемалық несиелермен күресіп жатқан елдің ең ірі несие мекемесін қолдау мүмкіндігін таразылап жатыр» деп жазады. "Теңгені құлдыратып, Орталық Азиядағы ең ірі мұнай өндіруші елдің экономикалық өсімін тоқтатып тастаған мұнай бағасының арзандауынан кейін S&P Global Ratings агенттігінің қазан айындағы есебінше, Қазақстанда шамамен әр үш несиенің біреуі – өтелуі мүмкін емес деп танылған немесе шарттары өзгеріп қайта бекітілген " деп жазады Bloomberg. Агенттік сарапшылары егер үкімет Қазкоммерцбанктегі «жыртықтарды» жабуға ақша бөлуге келіссе, Халық банкінің оны бақылауға алу мәселесін талқылауына болады деп санайды.

Алматыдағы коммерциялық банктердің Әл-Фараби даңғылы бойындағы ғимараттары. 17 ақпан 2017 жыл.

Азаттық проблемалық несиелерді бюджет қаржысы есебінен сатып алу ықтималдығы туралы ақпаратқа қатысты комментарий сұрап, Қазкоммерцбанкке жүгінген еді. Қазкоммерцбанктің корпоративтік коммуникациялар департаменті директоры Лариса Коковинец Азаттыққа:

- Комментарий болмайды. Айтатын ештеңе жоқ. Болжамдарға қатысты қалай комментарий береміз? – деді.

МЕМЛЕКЕТ ПРОБЛЕМА БАРЫН МОЙЫНДАДЫ

Қаржыгер әрі «Ұлағат Консалтинг» компаниясы басшысы Марат Қайырленовтің айтуынша, «мемлекет бұл салада үлкен проблемалар бар екенін әрі оларды шешу қажеттігін банктерге екі триллион теңге бөлу арқылы мойындап отыр».

- Бірақ мемлекет нендей амалға барып, қандай шарттар қоятынын, ал банк акционерлері тарапынан не істелетінін әбден анықтап алу керек. Мемлекет қыруар ақша беретін болғандықтан, осы дұрыс болар еді. Біз қазір банктердің өте ауыр дағдарыс жағдайындамыз. Ұлттық банк статистикасы жағдай жақсарды деп көрсетеді. Бірақ шын мәнінде, банктердің ХҚЕС (халықаралық қаржылық есептілік стандарттары. – Ред.) бойынша есептерін ашып қарасақ, тіпті бірінші ондыққа кіретін банктердің өздерінде өткен жылдың бірінші жартысында несиелердің үстемақысының 20-дан 50 пайызға дейінгі көлемі төленбей қалған. Несие қоржыны сапасы өте қауіпті деңгейде, - дейді Қайырленов.

Қаржыгер әрі «Ұлағат Консалтинг» компаниясы басшысы Марат Қайырленов.

Экономист Мағбат Спанов банктерді «сауықтыруға» ақша бөлу – мәжбүрлі шара деп санайды. Бірақ ол бұл банктерге бір реттік көрсетілетін көмек болмауы тиіс, банк жүйесі жұмыс істеп кетуі үшін билік тиісті механизмдер қарастырып, ары қарай өсімді қамтамасыз ететін шаралар базасын құруы тиіс дейді. Экономистің пікірінше, жүйе құрушы бір банктің күйреуі «елді мүлде артқа лақтырып» және «бүкіл экономиканы тұралатып тастауы мүмкін».

- Бизнес пен экономика этиканы білмейді. Ептілеу және бетпақтау секторлар ұтады. Мен болсам, [банктерді] құтқармай, қуана-қуана құрдымға жіберер едім. Ақша «салық төлеушілердің арқасында байып жатқан оңбаған банкирлердің» қалтасына кетіп жатқанына жеке басым үзілді-кесілді қарсымын. Бірақ бұл бізде бұған дейін құрылған экономикалық жүйеге қатысты мәселе. Бірақ әлгі ақшалар мемлекеттік сектордың шешім қабылдайтын кей өкілдерін, банк секторын байытуға жұмсалмай, нағыз өзгерістер жасауға жұмсалады деп үміттенемін, - дейді Мағбат Спанов.

Экономика ғылымдарының докторы Мағбат Спанов.

Қазақстанда жеке меншік банктерге мемлекеттік көмек беру практикасы бұрын да қолданылған. 2009 жылы мемлекет «қаржы секторын тұрақтандыруға» төрт миллиард доллар бөлген болатын. Кезінде Қазақстанның іскерлік БАҚ-тары мемлекет меншігіне өткен БТА Банкті «құтқаруға» - оның қарыздарын қайта құрылымдауға шамамен 10 миллиард доллар жұмсалды деп хабарлаған. Әлгі «құтқару» процестері ашық жүргізілмеген, ал бөлінген қыруар капиталдың қайда жұмсалғанын қоғам тарапынан азаматтық бақылау мүмкін болмаған.