Жердің жетпей жатуын күресіннің көбеюінен көреді

  • Әлия АХМЕДИЕВА

Алматы облысы Қарасай ауданындағы қоқыс полигоны. (Көрнекі сурет)

Алматы облысында мал жайылымы және ауыл шаруашылығы жерлерінің тапшылығы проблемасын бей-берекет шашылған күресіндердің көбейіп кетуімен байланыстырады.

100 шақты тауар өндіруші жер мәселесіне қатысты шағыммен жүгінген Алматы облысы кәсіпкерлер палатасы жер тапшылығының бір себебін қоқыс полигондарының көбейіп кетуімен байланыстырады.

ТОННАЛАҒАН ҚОҚЫС

Қоқыс проблемасын талқылау үшін Астанадан парламент депутаттары мен қоғам қайраткерлері шақырылды. Көшпелі отырыс Алматы іргесіндегі әрі бұл проблема талай жылдан бері шешілмей келе жатқан Талғар ауданында өтті.

- Алматы облысындағы елдімекендердің айналасындағы ең құнарлы жерлер мен жайылымдар қоқысты бей-берекет тастайтын үйінділерге айналып барады. Көп ұзамай олардың саны 400-ден асатын түрі бар. Оның үстіне, аймақта тұрмыс қалдықтарына арналған небәрі сегіз полигон бар, - дейді Алматы облысы кәсіпкерлері палатасы директорының орынбасары Қанат Қабдиев.

Сенатта кәсіпкерлердің құқығын қорғайтын кеңес төрағасы Ғани Қасымов. Алматы облысы, 2015 жылдың қарашасы.

Оның дерегінше, аймақта жыл сайын шамамен 800 мың тонна тұрмыс қалдықтары жиналады. Оның есебінше, өлкеде тоғыз миллион тоннадай қоқыс жиналып қалған. Сенатта кәсіпкерлердің құқығын қорғайтын кеңес төрағасы, парламенттің бұрынғы депутаты әрі патриоттар партиясының бұрынғы жетекшісі Ғани Қасымов әріптесін қолдады. Оның пікірінше, қоқыс проблемасы Қазақстан тұрғындарының бәрін ойландыруы тиіс.

— Алматыда тұрмыс қалдықтарын өңдейтін зауыт салдық, бірақ оның жұмыс істемей тұрғанына жеті жыл болды. Алматы облысына қоқыстың көбі оңтүстік астанадан келіп жатыр. Астанадағы несие ақшаға салған зауыт та жұмыс істемейді. Менің есебімше, қазір ел аумағында жиналған қоқыстың көлемі 22 миллиард тоннаға жетіп қалды. Бүкіл әлем шешіп жатқан проблеме бізде ғана шешілмей келеді, - дейді Ғани Қасымов.

Қазақстан президенті сайлауына кандидат ретінде қатысқан бұрынғы парламент депутатының мәлімдеуінше, қазір елге 40-қа жуық қоқыс өңдейтін зауыт қажет.

Алматы облысы табиғатты қорғау прокурорының орынбасары Руслан Босатбек.

Алматы облысы табиғатты қорғау прокурорының орынбасары Руслан Босатбектің хабарлауынша, кезінде облыс бюджетінен тұрмыстық қалдықтарға арналған полигон жобалары мен құрылысына ақша бөлінген.

- Бірақ олар әлі салынған жоқ. Қоқыс шығаратын орын болмағандықтан, мұның зардабын бизнесмендер тартып келеді әрі жер де азып барады, - дейді ол Азаттыққа берген комментарийінде.

«ТАЗАЛЫҚ МӘДЕНИЕТІНЕ БАУЛУ КЕРЕК»

Үш жыл бұрын Талдықорғанның бірнеше тұрғыны қоқыс үйінділерімен күресіп, Алматы облысы ІІД үстінен талап-арыз берген. Кейбір тапқыр (креативті) судьялар сот тыңдауын қоқыс үйінділерінің тура жанында өткізген. Ол кезде полицейлер жайылып бара жатқан күресіндердің бүкіл жауапкершілігін санитарлық дәрігерлерге артқан.

«Рұқсат етілмеген жерлерде қоқыс үйінділерінің пайда болуына кім жауапты?»пікірталасының соңғы нүктесін облыс әкімі Амандық Баталов қоюға тырысты. Жуырда ол «Полицейлерді жайына қалдырыңдар. Олар қылмыскерлерді ұстаумен айналыссын. Қоқыс проблемасын шешу - атқару органдары мен коммуналдық қызметтердің міндеті. Оларға қоқысты сұрыптау мәселесімен айналысуды тапсырдық» деп мәлімдеген.

Оңтүстік Қазақстан облысындағы қоқыс полигоны. 2014 жылдың шілдесі. (Көрнекі сурет)

Талдықорғандағы адам құқығы қоғамы белсендісі Әсем Смағұлова бұл проблеманы азаматтардың көмегінсіз шешу мүмкін емес деп санайды.

- Жалпы, жұрт қоқсытпаса ғана тазалық орнайды. Азаматтардың экологиялық сана-сезімін тәрбиелеу керек. Азаматтық қоғам қалыптастырып, адамдарға өзін-өзі басқару ықтиярын беру керек. Азаматтық қоғам жақсы дамыған мемлекеттерде тұрғындардың жауапкершілігі ерекше жоғары, - дейді ол.

Азаматтық белсендінің айтуынша, қоқыс өңдейтін зауыт салу – болашақтың ісі. Бірақ жұртты пайдаланған өнімдерінің қалдығын сұрыптау әдістеріне қазірден үйрете бастауға болады. Жер бетіндегі қоқыс көлемін сәл де болса азайтуға септігін тигізіп, өзгелерге өнеге көрсетуге әзір жандарды ынталандыру жүйесін енгізу керек.

Мақаланы қазақ тіліне аударған - Айжан Оралғазина.