Қазақстанда ереуілге шыққандарды жазалауды ұсынды

«ӨзенМұнайГаз» компаниясы жұмысшылары ереуілде тұр. Жаңаөзен, 10 наурыз 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстан қылмыстық кодексінің жаңа жобасы жасалды. Оны енді депутаттар талқылайды. Жобада еңбек дауын қоздырғандарға айыппұл ғана емес, түрмеге кесу жазасы да қарастырылған.
Жаңа қылмыстық кодекс жобасын Қазақстан бас прокуратурасы сайтынан оқуға болады.

400-БАП

Жобадағы 400-бапта еңбек дауын қоздырғаны үшін ереуілге қатысушыларға айыппұл салу, түзету жұмыстарына жіберу және үш жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған.

Азаматтық белсенділер Болат Атабаев (оң жақта) пен Жанболат Мамай Жаңаөзен мұнайшылары ереуілінде сөйлеп тұр. Сурет Жаңаөзен мұнайшылары ереуілінің бір жылдығына арналған көрмеден түсірілді. Алматы, 15 мамыр 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Баптың бірінші бөлімінде егер сот ереуілді – «заңсыз», ал «оған қатысушылар бұқаралық ақпарат құралдары немесе әлеуметтік желілер арқылы ереуілге жария түрде шақырған» деп тапса, сот ереуілге қатысушыларға 1 мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу, түзету жұмыстарына жіберу немесе бас бостандығынан бір жылға дейін шектеу сияқты жаза тағайындай алатыны жазылған.

Ал баптың екінші бөлімінде жаза күшейтіліп, түрмеге қамау мерзімін үш жылға дейін ұзарту қарастырылған. Заңсыз ереуілге қатысушылар «азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтірген не жаппай тәртіпсіздікке әкеп соқтырған іс-әрекеттері үшін» бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

ҚҰҚЫҚ ЖӘНЕ «ҚОЗДЫРУШЫЛАР»

Қазақстандық кейбір ақпарат құралдарының хабарлауынша, заңға мұндай өзгерістер 2012 жылдың шілдесінде «еңбек дауын қоздырушыларды жазалау керек» деп мәлімдеген Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша енгізілмек.

Қазақстандағы кейбір саясаткерлер мен белсенділер ереуілге қатысты шектеулерді 2011 жылдың желтоқсанында Жаңаөзен қаласында болған қайғылы оқиғалармен байланыстырады. Ресми дерекке сәйкес, Жаңаөзен оқиғасы кезінде полицейлер атқан оқтан 17 адам қаза тапқан. Қаза тапқандардың көбі - жергілікті мұнай компаниясының ереуілге шыққан қызметкерлері.

​Мұнайшылардың жеті айға созылған ереуілі бейбіт тұрғындарға оқ атумен аяқталды. Жаңаөзенде бірнеше мәрте болған құқық қорғаушы әрі белсенді Ғалым Ағелеуовтің айтуынша, еңбек дауын реттеудің механизмі заңда анық жазылуы тиіс.

Азаматтық белсенді Ғалым Ағелеуов.

Ғалым Ағелеуов кез келген ереуілмен бір мезетте бітістіру процедуралары басталып, қызметкерлер мен жұмыс берушіні бітістіру комиссиясы жұмыс істеуі тиіс деп санайды. Оның пікірінше, ереуілшілер мен жұмыс берушінің тең өкілінен құрылған комиссия жұмысына әкімшілік те, атқарушы билік те, сот та араласпауы тиіс.

Өндіріс тоқтап қалмас үшін еңбек дауы туындаған кезде кәсіпорын жұмыс істей беруі мүмкін. Бірақ бітімгершілік процедуралары да жалғаса беруі тиіс. Ағалеуовтің айтуынша, еңбек дауына қатысты проблема шешілмесе ғана істі сотқа беруге болады.

- Бірақ Жаңаөзенде ереуілшілерді сотқа да шақырмаған. «Мынау - сот шешімі, сендер заңсыз ереуілге шықтыңдар» деп соттың қағазын әкеліп, мұнайшылардың алдына тастай салған. Егер жанжал осындай жолмен «реттелсе», ол басылмайды, керісінше өрши түседі. Ал мына заңды арқаланған жұмыс беруші мен атқарушы билік енді мүлде еркінсіп, қысымды күшейте түседі, - дейді Ғалым Ағалеуов.

Құқық қорғаушылардың пікірінше, Қазақстан халықаралық экономикалық және әлеуметтік құқықтар туралы пакті мен халықаралық еңбек ұйымы конвенцияларын ратификациялағандықтан, қазақстандықтардың ереуілге шығуға құқығы бар.