Акция өткізушілер банкке апарған желкек (хрен) толы себетті полиция алып қойды

Полиция тіркелмеген "Алға" партиясының жетекшісі Владимир Козловты күштеп автобусқа әкетіп барады. Алматы, 14 қазан, 2009 жыл.

Сәрсенбідегі наразылық акциясына шыққандар БТА банк басшыларына "Республика" басылымның да жаңа номерін тапсыруға талпыныс жасады. Оларды тоқтату үшін полиция күш қолданып, ұйымдастырушы Владимир Козловты ұстады.
Акцияны ұйымдастырушылардың бірі Владимир Козлов кеңсе алдына келіп, «БТА банк» деген жазуы бар жапырақтармен көмкерілген желкек толы себетті банк басшылығына ұсынбақ болған еді.

Владимир Козлов: «Себебі, «Республика» газеті зардап шеккен мақала «Хрен редьки не слаще» деп аталады. Сот төрешісі желкектің шомырдан тәтті екенін айтты ғой. Осыған қарап біз банк басшылығына тәтті желкек сыйлағымыз келді», - деді ол.

Дәл осы сәтте Медеу ауданының Жақыпов деген прокуроры келіп, акцияның заңсыз екенін ескертті. Әйтсе де, Владимир Козлов өзінің ешқандай заң бұзбағанын айтып, оған дәлел ретінде Қазақстан Конституциясын оқып берді.

Владимир Козлов: «Конституцияның 32-бабына сәйкес, азаматтардың бейбіт түрде жиналып, митинг, пикет, жиын, демонстрация өткізуге құқығы бар. ҚР Конституциясының ғылыми-құқықтық түсініктемесіне сай, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар, лауазымды тұлғалар жиын, митингтерге кедергі келтірмеуі тиіс. Бұл мұндай шараларды қазіргі кезде тек ескертіп қана өткізуге болатынын білдіреді. Алайда іс жүзінде бұлай емес. Әкімшіліктер жиындарды әдейі өткізбеудің амалдарын қарастыруда»

Осы сөздерді айта бастағанда құқық қызметкерлеріне оны ұстауға бұйрық берілсе керек, жан-жақтан қаумалап, оның қарсыласқанына қарамастан автобусқа кіргізіп жіберді. Бірақ құқық органы қызметкерлерінің автобусын акцияға жиналған адамдар дереу қоршап, жүруіне мұрсат бермей қойды.
Владимир Козлов желкек толы себетті көрсетіп тұр. Алматы, 14 қазан, 2009 жыл


Мұнан кейін акцияға жиналушылар БТА банктің кеңсесіне беттеді. Бірақ банктің қауіпсіздік қызметкерлері кеңсеге ешкімді жолатпай, есікті ішінен жауып алды. Көп ұзамай көпшіліктің алдына банктің баспасөз хатшысы Әділ Досымов шықты. Жиналғандардан «Республика» газетінің даналарын алған баспасөз хатшысына, аталмыш газеттің тілшісі Ксения Бондал газет тілшілерін банкте өтетін шараларға неге жібермейтіні туралы сұрақ қойды. Әділ Досымов болса, банк ешбір журналисті алаламайтынын айтып, шаралардың барлығы ашық өтетінін жеткізді. Банк пен «Республика» газеті арасындағы жағдайға қатысты банк басшылығының пікір білдіргенін айтып, бұған қатысты сұрақтарға жауап бере алмайтынын айтты. 5 минуттық диалогтан кейін Әділ Досымов банк ғимаратына кіріп кетті. Біраз уақыттан соң жиналғандар тарасты.

Ал полицияның автобусында отырған Владимир Козловты шамамен екі сағаттан соң босатып жіберген.

Владимир Козлов: «Автобуста үш лейтенант болды. Олар әрі қарай не істейтінін ойлап, біраз әрі-бері жүрді. Сонан соң прокурор келіп, банктің ауласынан тыс жаққа кетуімді өтінді. Менің түсініктеме жазуым керек екені белгілі болды. Түсініктемеде өзімнің кінәлі еместігімді, бәрін негізгі заңға сүйеніп жасағанымды баяндадым. Әкімшілік іс қозғады. Олар желкек толы себетті тартып алды. Себетті алғаны туралы екі куәгер қол қойды».

Рысбек Сәрсенбайұлы мұны тәуелсіз басылымдарға жасалып отырған қудалау деп атады.

«Республика», «Тасжарған» газеттері қудалауға түсіп жатыр. Бұлар да осы әділетсіз соттың қолымен істеліп отыр. Сот көсеуге айналды. Мұны біз қынжылыспен айтамыз. Қазақстан құқықтық мемлекет құрамыз деп отыр. Мынадай жағдайда ол қалай құқықтық мемлекетке айналады, - деген сауал тастайды ол.

Қыркүйектің 9-ы күні Алматының Медеу аудандық соты БТА банктың пайдасына «Республика» газетінен 60 миллион теңгені (400 мың АҚШ доллары шамасында) өндіріп алу туралы шешім шығарған еді. Соның салдарынан аталмыш газет банкротқа ұшыраған болатын.

Владимир Козловтың бүгінгі әрекетіне қатысты оған қарсы қозғалған әкімшілік іс бойынша сот отырысы қазанның 15-і күні өтеді.