Осыдан 20 жыл бұрын, 1991 жылы 7 қыркүйекте Қазақ ССР коммунистік партиясының соңғы съезі өтті. Съезде Қазақстан компартиясы таратылып, оның ізбасары ретінде Қазақстан социалистік партиясы құрылды.
1985 жылы СССР компартиясы орталық комитетінің бас хатшылығына Михаил Горбачев сайланған соң басталған коммунистік партияның ыдырау процесі 1991 жылғы «тамыз бүлігінен» кейін шарықтау шегіне жетті.
БҮЛІККЕ «КІНӘЛІ» СЕКРЕТАРИАТ ПЕН ОҒАН «ҚАРСЫ» НАЗАРБАЕВ
«Тамыз бүлігі» сәтсіздікке ұшырай бастаған екінші күні анық та батыл ұстанымын білдірген республика басшылары ыңғайсыз жағдайдан шығудың жолын тез тапты. Олар «төңкеріске қолдау көрсетіп, сатқындық жасаған – КПСС Орталық комитетінің секретариаты» деген қорытындыға келді.
Бүкіл СССР-ге жайылған осы үрдістен Қазақстан компартиясының бірінші хатшысы Нұрсұлтан Назарбаев та шет қалған жоқ. Ол 23 тамыз күні КПСС Орталық комитеті саяси бюросы мен Орталық комитеттің
CCCР президенті Михаил Горбачев пен Қазақ ССР президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Мәскеу, 25 қыркүйек 1990 жыл. (Көрнекі сурет)
құрамынан шығатынын мәлімдей келе. «бүлік кезінде Секретариаттан келген құпия құжаттар оның ГКЧП-ны қолдағанын бұлтартпай айғақтайтынын» айтты.
«...Тамыздың 20-сында КПСС Орталық комитеті кезектен тыс пленумын шақырмақ болды. ГКЧП-ны қолдауға бағытталған бұл пленумға да батыл қарсы шықтым» дейді Нұрсұлтан Назарбаев өз мәлімдемесінде.
Соның ертеңіне, яғни 24 тамыздан бастап ресми баспасөздерде әдеттегі советтік дәстүр бойынша «қарапайым коммунистердің» «Еліміз коммунистері басшылығының бұл қылығын халық алдындағы сатқындық деп бағалағанымыз жөн», «Назарбаев жолдастың дербес партия құру керек деген ойы маған ұнайды», «Назарбаев жолдастың қызметін шын жүрегіммен қолдаймын» деген пікірлері жарияланды.
«КОМПАРТИЯНЫҢ БІРІНШІ ХАТШЫЛЫҒЫН ТАСТАДЫ»
Қазақстан компартиясының бірінші хатшысы 22 тамыздағы жарлығы арқылы республика құқық қорғау органдары мен кеденде саяси партиялар мен қоғамдық қозғалыстардың ұйымдық құрылымдарын тоқтатты. Сөйтіп компартияның жұмысы ең әуелі құқық қорғау органдарында доғарылды.
28 тамызда өткен Қазақстан Компартиясының пленумы 7 қыркүйек күні төтенше съезд өткізу жөнінде қаулы алды. Осы пленумда Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан компартиясының бірінші хатшысы қызметін тастайтындығын мәлімдей отырып, Қазақстан компартиясының қызметін тоқтатуға шақырды.
29 тамызда бір топ Қазақ ССР халық депутаттары Қазақ ССР-інің прзидентіне қолдау көрсетіп, барша коммунистерді партия ұйымын
таратуға шақырған үндеуі ресми баспасөзде жарияланды.
Қыркүйектің 7-сінде өткен төтенше съезге дейін Қазақстандағы 19 облыстық партия комитетінің бесеуі партияны тарату жөнінде шешім қабылдап, екеуі өз қызметін доғарды. 46 қалалық партия комитетінің екеуі партия ұйымын таратып, біреуі қызметін тоқтатты.
Осылайша 1917 жылғы төңкерістен соң билікке келген коммунистік партия 1991 жылғы төтенше съезіне жетпей-ақ ыдырай бастады.
«ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ СОҢҒЫ СЪЕЗД»
Қыркүйектің 7-сі күні өткен төтенше съез коммунистік партияның тағдырына соңғы төрелігін айтты.
«Әуелі съезд төралқасына сегіз адам сайланды. Бір кезде: «Жолдас төраға, бұларыңыз не? Тамыз бүлігін ұйымдастырғандар да сегіз еді ғой» деген дауыс шықты. Сол-ақ екен зал бір дүрлігіп, жұрт жамырай күліп «дұрыс айтады, дұрыс айтады» десті. Сөйтіп дереу тағы бір адам сайлап, төралқа мүшелерін тоғызға жеткізді» деп жазады съезге шолу жасаған «Казахстанская правда» газеті.
Съезді ұйымдастыру комитетінің «партияны тарқатайық» деген ұсынысын қолдап сөйлеген екі делегатты жиналғандар мінберден қуып шықты.
«Компартия бар, ол өмір сүруі тиіс. Бізбен бірге жүруге арланатындар қала берсін, басқа саяси қоғамдық бірлестік құрам деушілер кете берсін. Онысын қалай атаса да, ерік өздерінде!» деген екпінді сөздер түске дейін біраз коммунистерді еліктірді.
Осыған орай Қазақ ССР президенті Нұрсұлтан Назарбаев екі рет сөз сөйлеуге мәжбүр болды. «Жолдастар, жа-жақтарыңызда не болып
Қазақстан коммунистік партиясының бірінші хатшысы Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) СССР делегациясы құрамында баспасөз мәслихатында отыр. Мәскеу, 1981 жыл. (Көрнекі сурет)
жатқанын білмейсіздер ме? Ресейде компартия жоқ. Балтық елдерінде де, Украина, Арменияда да жоқ. Олар партияны бір-ақ жарлықпен таратып жіберді. Ойланыңыздар!» деген соңғы сөзінен кейін ғана емеурінді түсінген делегаттар түстен кейін мәмілеге келді.
Сөйтіп Қазақстан компартиясы КПСС-тен бөлініп шығып, Қазақстан социалистік партиясын құрды. Қазақстан социалистік партиясы өзін «компартияның құқықтық мирасқоры» деп жариялады.
Съезде Қазақстан социалистік партиясының саяси атқару комитеті құрылып, қос төраға сайланды. Екі төрағаның бірі - қазір Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев болды. Екінші төраға Анатолий Антонов біртіндеп ысырылып, көзге түспей қалды.
Кейінірек партияға жалғыз төраға басшылық ететін болды. Ақырғы совет парламентінде палата төрағасы болған, СССР жоғарғы кеңесі тараған соң жұмыссыз қалған Әнуар Әлімжанов социалистік партия басшысы атанды.
Партия қайтадан қос төрағалықты мақұлдаған кезде оны Ғазиз Алдамжаров пен Петр Своик (қазіргі оппозиция жетекшілері) басқарды
«КОМПАРТИЯНЫҢ ҚАРЖЫСЫ ҚАЙДА?»
Қазақстан социалистік партиясы 1991 жылы 11 қыркүйекте коммунистер мен республика халқына үндеу жариялап, өзінің жарғысы мен бағдарламасын таныстырды. Соңғы съезде «компартияның құқықтық мирасқоры» деп көрсетілгенімен, компартияның қаржысы мен мүлкі Қазақстан социалистік партиясына өтпегені белгілі болды.
Бұл уақытта Ресейде «СССР коммунистік партиясының қаржысы қайда кетті» деген мәселе талқыға түсіп жатқан еді. Тамыздың 30-ында Мәскеу мэрі Гавриил Попов Мәскеудегі коммерциялық банктердің бірінен компартияның жылына 4 пайыз өсімге салынған 500 миллион сомы табылғанын хабарлады. «Бұл ақша партияның коммерциялық айналымда жүрген қаржысының кішкентай бөлігі ғана, қалғаны қайда?» деп мәлімдеді ол. Алайда Қазақстанда бұл мәселе ашық талқыланған жоқ.
«КЕШІРІМДІ КІМ СҰРАЙДЫ?»
Компартия тараған соң оның биліктегі іс-әрекеттеріне алуан түрлі саяси баға берілді. Коммунистік партия совет өкіметінің өз халқына қарсы жасаған қылмысына жауапты саналды.
Осыған орай әлемдік тәжірибе дәстүрі бойынша «Коммунистік партия да өз қылмысы үшін халықтан кешірім сұрап, арылуы тиіс» деген мәселе көтерілді. Алайда Қазақстанда ғана емес, бүкіл СССР бойынша да компартия атынан кешірім сұрайтын құқықтық мирасқор шықпады.
Қазақ ССР компартиясының төтенше және соңғы съезінің шешімі бойынша «компартияның заңды құқықтық мирасқоры» саналған Қазақстан социалистік партиясы 2002 жылы 1 қыркүйекте партиялар қайта тіркеуден өткенге дейін қағаз жүзінде ғана өмір сүріп, қайта тіркелуге де ықылас білдірмеді.
Бірақ Қазақстан социалистік партиясы атқару комитетінің қос төрағасының бірі Ермұхамет Ертісбаев – қазір Қазақстандағы билік партиясы саналатын «Нұр Отан» партиясының мүшесі; бір кездегі Қазақ ССР коммунистік партиясының бірінші хатшысы және қазіргі «Нұр Отан» демократиялық партиясының жетекшісі, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси кеңесшісі.
Советтік кезеңдегі компартия мүшелерінің басым көпшілігі – қазіргі «Нұр Отан» партиясының мүшелері.
Бірақ өзін «бұрынғы компартияның идеясын жалғастырушы партия» деп таныстырған Серікболсын Әбділдиннің жетекшілігіндегі Қазақстан коммунистік партиясын «Қазақ ССР компартиясының бірден-бір мирасқоры» деп санаушылар бар.
«Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының жетекшісі Болат Әбілев, қазіргі «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев тәрізді бірқатар саяси тұлғалар әр кездері «Серікболсын Әбділдин бастаған компартия халықтан кешірім сұрасын» деген пікір айтты.
– Бірде-бір рет компартияның тұтқасын ұстамаған адаммын. Мықты болсаңдар, Назарбаевтан кешірім сұратыңдар. Өйткені компартияның ең соңғы жетекшісі сол болатын. Ал қазіргі компартияның ішінде ол кезде дүниеге келмегендері де бар, – деп жауап берді Серікболсын Әбділдин оларға бұқаралық ақпарат құралдары арқылы.
Сөйтіп, Совет өкіметі тұсында компартия қатарына өтіп, партия әперген жеңілдіктер мен артықшылықтарды көргендер арасынан компартия атынан кешірім сұрайтын ешкім шықпады.