Павлодарлық Әділдің «орыс рэпі» Ресейді тәнті етті

Қазақстаннан шыққар рэпер Әділ Жәлелов, Скриптонит.

Қазақстандық Әділ Жәлелов (Скриптонит) Ресейде «Жыл рэпері» атанды. Қазақстанның солтүстігіндегі шағын қаладан шыққан әрі бұрын танылмаған музыканттың альбомы орыс рэпі жайлы пікірді бір жылда өзгертіп жіберді.

Ресейлік Colta.ru сайтының жазуынша, рэперлер қатарына жаңадан қосылған әрі өзін орыс рэпері санамайтын Скриптонит «орысшада бәрінен мықты» болып шықты. Colta.ru басылымының «Жыл рэпері» рейтингінде павлодарлық музыкант Әділ Жәлелов 1-орын иеленді. Сайт болжамынша, Скриптониттің орыс тіліндегі рэптері - попмузыка әлеміне 2015 жылы енген ең қызықты жаңалық.

«Оның жасандылығы жоқ әрі қарадүрсін ырғақтары - құрлықтың алтыншы бөлігінің кез келген қиырынан табылатын жұтаған аудандар мен тағдырдың тәлкегіне ұшыраған жандардың тілі» деп жазады Colta.ru.

«ЖҰТАҒАН АУДАНДАР ТІЛІ»

Скриптониттің айтуынша, ол рэп әндерді 11 жасында ресейлік рэпер Децлдің «Уличный боец» («Көше кезбесі») кассетасынан тыңдай бастаған. Ол кезде тіпті өз магнитофоны да болмай, жинақты гаражда тұратын әкесінің көлігіндегі автомагнитоласына қосып тыңдаған. Бірер жылдан кейін өз ырғақтарын шығара бастаған. Рэпер жігіт сахнаға алғаш 16 жасында шығып, қалалық фестивальде «өмір үшін ән салған».

2013 жылы Қазақстанның тоқыраған қиянында өз күшімен түсірген «Выбор без вариантов» («Таңдаусыз өмір») клипі оның тағдырын шешкен шығармаға баланады.

Әділ Жәлеловтің «Выбор без вариантов»клипі:

Қазақстанның қиянындағы «таңдауы жоқ» өмірді рэпер «мұнда бәрі тезірек қалтасын қампайтып алу үшін жанталасады», «үй ауласында оқушы бала асылып қалды», «жеңіл жүрісті қыздар темекіге ақша түсіргісі келеді», «темір-терсек сатып, градус алады», «ал теледидар қарасаң, өзіңді таңғажайыптар еліндегі Алиса сияқты сезінесің» деп сипаттайды.

Әлгі клиптен кейін қазақстандық рэпердің шығармашылығына ресейлік екі продакшн-студия назар аударған. Әділ Жәлелов ресейлік белгілі рэпер Баста - Вася Вакуленко құрған Gazgolder продюсерлік студиясымен келісім-шартқа отырған.

АЛҒАШҚЫ АЛЬБОМ

25 жастағы рэпер Әділ Жәлелов қазір Мәскеуде тұрады. Әлемдік музыка индустриясындағы 2015 жылдың басты оқиғасы әрі орыс тіліндегі ең әсерлі альбомдардың бірі аталған «Дом с нормальными явлениями» («Кәдімгі үй») деген алғашқы альбомы былтыр желтоқсанда шыққан. Оның жаңа альбомына қатысты интернет-әлеумет реакциясын rap.ru сайты «ол орыс рэперлерін жұмыссыз қалдырды» деп сипаттайды.

Алғашқы альбомына кірген тректер оның туған қаласы - «терезеден сән-салтанаттың иісі де сезілмейтін» Павлодарға байланысты жазылған. Мұны альбомды тұтас тыңдап шыққан кезде сезесің. Мысалы, альбомдағы «Интро» композициясында Астана-Петропавл поезы сағат 21:00-де жүретіні туралы хабарландырудың жазбасы бар.

Қаламның атмосферасын жеткізгім келді. Бұл туған қаламда өткен бір күнім десе болады. Ұзақ сапарда болып, туған қалаңа шын сағынышпен ораласың.

- Қаламның атмосферасын жеткізгім келді. Бұл туған қаламда өткен бір күнім десе болады. Ұзақ сапарда болып, туған қалаңа шын сағынышпен ораласың. Таңертең келіп, түрлі адамдармен кездесесің, кейде өміріңде болған әлдебір жайсыз сәттерді еске түсіретін дүниелерді кезіктіріп қаласың, ал мұның бәрі сауық кешпен аяқталады, - дейді Скриптонит альбомы жайлы.

Скриптониттің «ВКонтакте» әлеуметтік желісіндегі ресми тобында «Дом с нормальными явлениями» альбомындағы «Бұл - махаббат» әні «Жыл трегі» номинациясына ұсынылғаны хабарланды. Трекке дауыс беру қаңтардың 18-і күні басталады.

Композитор әрі музыкант, Іnostranci тобын құрушы Асқар Шафи (Қашқымбаев) «Шоу-бизнесте топ жарып шығу өте қиын, ал артистің бағын жеке ән мен музыка аша ма, әлде жай сәттілік аша ма – мұны нақты айта алмайсың. Ал рэпер Скриптонит тамыр-таныстықтың емес, таланты мен еңбегінің арқасында топ жарып шықса, бәрекелді! Мұндай жетістік – музыкант біткеннің арманы ғой» дейді.

Бұл - сәттілік, карма немесе еңбектің арқасы, оның өзіндік ерекшелігі.

- Бұл - сәттілік, карма немесе еңбектің арқасы, оның өзіндік ерекшелігі. Қазір өзін рэпер санайтындар көбейіп кеткені құпия емес, бірақ музыкант ретінде айтайын, олар бұрынғы рэперлердің деңгейіне жетпейді. Өз басым 1980 жылдардың хип-хопына тәнтімін, - дейді Асқар Қашқымбаев.

Музыкант әрі тележүргізуші Зара Есенаманның пікірінше, артистің шоу-бизнесте жетістікке жетуіне қолындағы «материалы», оны көрсете білу қабілеті мен «сүйкімді стилі» әсер етеді. Скриптонит жұртқа осы ерекшелігінің арқасында танылған сияқты.