Қазақстандық риэлторлар өз қызметтерін реттейтін заң керегін айтады

Көрнекі сурет.

Қазақстан риэлторлары біріккен қауымдастығының Алматыда өткен жылдық съезінде мамандар елде риэлторлар туралы заң қажет екенін айтты.
Қазақстандық риэлторлар жұмысы жайлы хабарды тыңдаңыз

Your browser doesn’t support HTML5

Қазақстандық риэлторлар жұмысы жайлы хабарды тыңдаңыз




Қазақстандық риэлтор Маржан Оразбаева өзінің риэлтор ретінде жұмыс істегеніне бір жыл болып қалғанын айтады.

- Алғаш кіріскенде бұл мамандық көп икемділік пен машықты талап ететінін түсіндім. Дерек қорларымен, клиенттермен көп жұмыс істеймін. Сондай-ақ бұл қызметте психологиялық шеберлікті көп қолдануға тура келеді, - дейді ол.

Заң тiлiнде риэлтор - жылжымайтын мүлiк нысандарына қатысты шараларды жүзеге асыру саласында арнайы бiлiм алған маман.

Ағылшын тiлiнде «realty» сөзi «жылжымайтын мүлiк» деген мағына бередi және «жылжымайтын мүлiктi сататын агент» деген ұғымға ие. Сөздiң шығу тарихы АҚШ-тағы Риэлторлардың ұлттық ассоциациясының құрылуымен тығыз байланысты. Ал қарапайым тілде риэлтор - жылжымайтын мүлiк нарығындағы жол сiлтеушi деген мағынаға ие дейді мамандар.

Өйткенi, келiсiм-шарт жасау барысында риэлтор қажеттi де маңызды ақпараттарды клиенттен жасырмай, керiсiнше, кездесетiн қиындықтарды бiрге шешуге ұмтылады. Бұл қызмет түрi 1990-жылдардағы делдалдық қызмет көрсетуден басталған. Қазақстандық тұтынушылар риэлторларды ХХI ғасырда тани бастады.

- Мысалы, сіз үй сатпақшы болдыңыз делік. Хабарландыру бердіңіз, яғни кез-келген адам үйді не пәтерді көремін деп сылтауратып келе алады деген сөз. Оның кім екенін ешкім білмейді, ол нақты сатып алушы ма, мүмкін ұры шығар, тіпті психологиялық проблемалары бар адам шығар. Бәрі мүмкін. Сатушы мұндай адамдардың алдында қорғансыз. Ал риэлтор сатып алушыны үйге алып келмес бұрын, келісім шарт жасасып, оның құжаттарын көреді, - дейді «Almaty Real Estate» компаниясының президенті Зухра Назарова.

«Риэлторлық қызмет туралы» заң риэлторларды кәсiби тұрғыда әрекет етуiне жағдай жасайды дейді Қазақстан риэлторларының біріккен қауымдастығының бұрынғы президенті Абылайхан Саматдин. Ол бұл заң бағаны да реттеуге көмектеседі деп санайды.